Қазақтың қолөнерін қастерлеген
Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберінің бірі – Қазалы қаласының тумасы Мархаббат Асанова. Жас та болса жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тұтынушыға қолынан шыққан көркем туындыларын ұсынып жүрген Мархаббат тәуелсіздіктің құрдасы, яғни 1991 жылдың 21 мамырында дүниеге келген.
Бүгінде қыз жасауы мен ою-өрнектелген құрақ көрпе-төсектер тігумен айналысатын Мархаббаттың қиялы ұшқыр, ойы жүйрік.
Мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе көлік комуникация және жаңа технологиялар коледжіне “Автоматты басқару жүйесі” мамандығын игерген. Ал қазір Шымкент қаласындағы Индустриалды инновациялық академиясының “Тарих” мамандығы бойынша сырттай жоғары білім алуда. Колледж қабырғасында жүрген кезінде түрлі мерекелік кештер мен салтанатты шараларды жүргізіп көзге түскен ол сабақ пен қоса қоғамдық жұмыстарды белсене атқаратын. Мархаббат кеш жүргізушілер байқауында бас жүлде алып, ол ұйымдастырған шаралары Ақтөбе облыстық телевидениеден бірнеше мәрте көрсетілген. Ізденімпаз студент колледж басшылығы тарапынан талай марапатқа ие болды.
Алғаш еңбек жолын Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік мектепте инженер-педогог болып бастады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылған “Тәуелсіз елдің арулары ” байқауында жүлделі ІІ орынды жеңіп алған.
Бертін келе жеке кәсіп ашуға деген қызығушылығы артқан жас 2013 және 2017 жылдары ауыл шаруашылықты қолдау бағдарламасымен мемлекеттен екі рет несие алды.
Тігін өнеріне деген сүйіспеншілігі зор Мархаббат Маратқызы осы жылы Астана қаласындағы “Сырлы саусақ” сән үйінде 3 айлық тігін курсын оқып, тігінші сертификатын иеленген болатын. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы “Құрақ өрлеу” сән үйінде білімін жетілдірген.
Қазір оқыған білімін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Оның қолынан шыққан қыз жасаулары мен тіккен көрпе-төсегі, қазақы нақыштармен өрнектелген оюлы жастықтары көздің жауын алады. Өнерлі ару “Қазақстан” телеарнасының “Бірге таңдайық” бағдарламасында қонақта болып, көрермендермен өз өнерімен бөлісті.
Мархаббат Асанова бізбен әңгімесінде "Қазір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында түрлі шаралар атқарылып жатыр. Менде елімнің бір баласы ретінде қоғамның рухани дамуына атсалысқым келеді. Қазір ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген төсек жабдықтар мен қыз жасауын тігумен айналысамын. Үйде өз шеберханам бар. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, рухани жан дүниемізді байытар керемет дүниелерді өмірге әкелсем" деген жоспары да бар екенін жасырмады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.