Балықты тоған – береке бастауы
Соңғы жылдары еліміздің балық шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және экспорт әлеуетін арттыру мақсатында су ресурстарын тиімді пайдалануды міндеттеген болатын. Осы бағытта ауданда да бірқатар нақты жұмыстар атқарылып, тоғанда балық өсіру ісі жаңа серпін алуда.2024 жылдың сәуір айында «Арал Рыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Қуаныш Өмірзақов ауданға қарасты Басықара ауылының аумағынан 464 гектар жер учаскесін жалға алып, тоғанда балық өсіру бағытында ауқымды жобаға кірісті. Құны 650 миллион теңгені құрайтын «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы бүгінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Кәсіпкер осы уақытқа дейін бірнеше тоғанның құрылысын аяқтап, алғашқы балық шабақтарын суға жіберу жұмыстарын бастаған. Бұл игі іс ел назарынан тыс қалған жоқ. Жуырда Басықара ауылындағы тоғандарға балық жіберу рәсіміне аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, жобаның мән-маңызына тоқталып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
«Балық шаруашылығы – аудан экономикасына тың серпін беретін сала. Мұндай жобалар ауылдағы жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлердің бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіледі», – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Бүгінде «Арал Рыбторг» серіктестігі Арал ауданындағы өз шаруашылығынан 400 мың дана балық тұқымын әкеліп, Басықарадағы тоғандарға жіберуде. Болашақта мұнда өсірілген балықтар «Тұщы» көліне жіберіліп, одан әрі көбейтіліп, халыққа сапалы отандық өнім ретінде ұсынылмақ.
Куаныш Өмірзақовтың сөзіне сенсек, құны 650 миллион теңге құрайтын «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» толық аяқталып, 2027 жылға қарай толығымен іске қосылып, барлығы 52 тоған жұмыс істейтін болады. Кәсіпкердің жоспары бойынша келер жылы шамамен 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіріледі. Ал жоба толық қуатына шыққанда жергілікті 50-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Балық шаруашылығын дамытудың мұндай үлгісі ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына оң ықпал етпек. Бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандырумен қатар экологиялық тұрғыдан тиімді өндіріс үлгісін қалыптастырады. Сонымен бірге экспорттық әлеуеті бар отандық өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Жергілікті тұрғындар үшін мұндай жобалар жаңа мүмкіндіктердің бастауы болып отыр. Себебі, балық өсіру ісі тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, ауылда инфрақұрылымның дамуына, қосалқы кәсіптердің жандануына және жастарды жұмыспен қамтуға жол ашады.
Бүгінгі таңда ауданда басталған тоғанда балық өсіру ісі – өңірдің табиғи мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, экономикалық өркендеуге жол ашатын маңызды қадам. Алдағы жылдары жобаның толық қуатында іске қосылуы нәтижесінде Қазалы өңірі балық шаруашылығын дамытудың жаңа орталығына айналуы әбден мүмкін.
Арайлым ЖҮСІПОВА














