Қазақстан ChatGPT негізінде жаңа білім беру құралдарын енгізе бастады
Пилоттық жоба туралы бүгін Тоқаев мәлім етті
 Фото: Ақорда
Фото: АқордаБүгін «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев ChatGPT-ге негізделген білім беру құралдарын енгізетін ілкі жоба басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, форумда үздік шетелдік университеттердің жетекшілері, халықаралық рейтинг және аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері бас қосты. Ақорда хабарлағандай, президент Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді.
«Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық болмысымыздың аса маңызды бөлігі деп айтсақ, қате болмайды. Бүгін спикерлер жасанды интеллектінің жаһандық ортақ прогресті өрге сүйрейтін жаңа қозғаушы күш ретіндегі рөліне баса мән берді. Шын мәнінде, осы бірегей технологияның арқасында адамзат алға қарай қарышты қадам жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп болжанып отыр. Бірақ жасанды интеллектінің дамуынан ең көп пайданы қай ел көреді? Бұл – өте қызықты сауал. Оны терең зерделеп, сараптау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегенімен, бұл мәселе адамзат келешегімен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізгенін айтты.
«Нәтижесінде, Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Аталған бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық трансформация жасалып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
		












