«Халық театр өнеріне сусындап қалған...»
Өнер – сарқылмас қазына екені хақ. Кез келген ұлттың бет-бейнесін, тұтас халықтың өресін бүкіл әлемге паш ететін де осынау ұлы мұра екені белгілі. Бүгінде қасиетті Қазалы топырағынан шыққан сахна саңлақтарын, көрермен көзайымына айналған өнерпаздарын мойындамайтын жандар кемде-кем. Ал, осындай мәдениет әлеміне маңдай терін төгіп, өнер дүбіріне елеулі еңбек еткен майталмандардың бірі – ҚР Білім беру ісінің үздігі Ұлжан Ахметова десек қателеспейміз. Зейнет демалысына шықса да, өнер керуеніне әлі де қол ұшын созып, түрлі істің басы-қасында жүретін оның аталмыш салаға жасаған қызметі ұшан-теңіз.
Жуырда көптеген жылдар бойы аудандық мәдениет, білім салаларында ұзақ уақыт жұмыс істеген Ұлжан апаймен сұхбат жасаудың реті келген болатын.
Жуырда көптеген жылдар бойы аудандық мәдениет, білім салаларында ұзақ уақыт жұмыс істеген Ұлжан апаймен сұхбат жасаудың реті келген болатын.
– Ұлжан Рүстембекқызы, сіздің өмір-өзеніңіз қай жерден бастау алды?
– Жалпы, мен Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Алакөл ауданында дүниеге келдім. «Жер жәннаты» атанған Жетісудың қызымын. Бір қапталы – тау, екінші шеті – көл, ортасында – ауыл. Сондай көркі көз тартатын, табиғаты тұмса тамаша мекен. Отбасында 6 ағайында болып өстім. Атамекенімнен 10-шы сыныпты бітіріп, Алматыға арман қуып оқуға аттандым.
– Сізді аудан жұртшылығы мәдениет майталманы, актриса ретінде біледі. Осынау өнерге қалай келдіңіз?
– Бала күнімнен осы саланы армандадым. Маған осы қасиет анамнан дарыған дер едім. Негізінен, шешем өнерге ғашық адам болды. Өзі суырып салма ақын еді. Жастайынан өнерге бет бұрғысы келген. Бірақ, сол замандағы түсінік бойынша әкесі рұқсат бермепті. Содан мұғалімдікке түсіпті. Менің өзіме 5-10-шы сыныпқа дейін сабақ берді. Сыныбымыздың барлығын өнерлі етіп шығарды.
Алматыға оқуға келгеннен кейін Әзірбайжан Мамбетов театрының жанынан құрылған екі жылдық театр студиясына оқуға қабылдандым. Оқу бітіргеннен соң Қазалы ауданына белгілі өнер қайраткері Әбдрасулла Ахметов деген ағаларыңмен шаңырақ көтердік. Бас қосқаннан кейін қолұстасып Қызылорда театрына екеуміз жұмысқа орналастық. Одан отбасылық жағдайымызға байланысты ауданға келуге тура келді. Сол тұстағы мәдениет бөлімінің басшысы Есқара Көмекбаев, режиссер Жәдігер Тұрсынов сынды өнердің тізгінін ұстаған басшылар екі бірдей жоғары білімді актер келгесін бізді қуана қарсы алып, жұмысқа қабылдады.
Міне, содан бері осы мәдениет саласында, кейін оқушылар үйінде қызмет жасап зейнеткерлікке шықтым.
– Жалпы, ауданда театр жайлы сөз қозғалғанда Жәдігер Тұрсыновты еске алмайтын өнер жанашыры жоқтың қасы. Сол кісінің тұсында көптеген спектакльдер қойылғанын көпшілік әлі күнге айтып жүреді. Сіз сахнада көбіне кімдердің рөлін сомдадыңыз?
– Алғашқы жылдары А.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясында» комиссарды ойнадым. Сол спектакльмен еліміздің көптеген жерлерін араладық. Кейіннен Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін», «Ақан сері – Ақтоқты» песасын қойдық. Осы қойылым арқылы Көкшетау қаласындағы «Достық» фестиваліне қатыстық.
Алматыда «Тамаша» ойын-сауық театры құрылған уақытта аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Рүстем Жанаев ағай: «Неліктен ел ішіндегі мәселелерді әзіл-қалжыңға айналдырып сахналамасқа? Мен жазам, сендер ойнаңдар!» деген ой айтып, 1985 жылы Қазалы аудандық мәдениет үйі жанынан «Тамаша» ойын-сауық отауы құрылды. Мұнан соң, 2002 жылға дейін мәдениет бөлімінде қызмет атқардым.
– Ең ежелгі өнерге баланатын театр өнерінің қазіргі қоғамдағы маңызы қандай?
– Театрдың қазіргі күндегі маңызы, бұрынғы деңгейінен өте қатты өзгере қойған жоқ. Өзім аудандағы «Халық театрының» режиссеры болып жұмыс жасадым. Сонда қынжылатыным – бір спектакльге дайындалып жатқаныңда басқа мерекелік шараға қарай бұрып алып кетеді. Бастаған ісің солай аяқсыз қалып жатады. Сол кедергілердің кесірінен спектаклің кейінге ығыса беретін. Бірақ, осыларға қарамай, екі жылда бір рет Жәдігер Тұрсынов атындағы «Халық театрларының» фестивалін өткізетінбіз. Осы шара барысында Халық театры деген атақты қорғайтын едік. Қорғай алмаған жағдайда атағыңды, қызметтік штаттарыңды алып тастайтын.
Маңызы дегенде, «Театр халыққа не береді?» деген сұрақтың да бойы қылтияды. Бүгінгідей дамыған уақытта компьютер мен ұялы байланыс құралдары көбейе бастағалы адам психологиясына әсер ететіні белгілі. Қанша рет смартфондардан көргеніңмен, сахнадан көзбе-көз қарап, актерлардың эмоциясымен жеткізген әсерге жетпейді. Театр кез келген жанды адамгершілікке, тазалыққа шақырады. Бойыңдағы мініңді көзіңе көрсетеді. Дұрыс жолдан адаспауға жөн сілтейді. Оның артықшылығы да осында.
– Екі жылда бір дейсіз... Бірақ, естуімізше әр тоқсан сайын «Халық театры» атағы бар ұжым спектакльдер қойып, халыққа қойылым көрсетуі керек екен. Сіздің соңғы рет Қазалы сахнасынан спектакль көруге қай кезде барғаныңыз есіңізде ме?
– Біршама уақыттан бері аудан сахнасында спектакльдің қойылғаны менің есімде жоқ. Көптен бері бір жарқ еткен дүниені мәдениет саласынан аңғармадым. Оған мәдениет саласына тосыннан келетін, сол саланы бүге-шүгесіне дейін білмейтін басшылардың тағайындалуынан деп ойлаймын.
Өйткені, біздің жуырда ғана оқушылар үйінде Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасының желісі бойынша қойған шағын спектакліміздің көрерменге ерекше әсер еткенінен осыны аңғардық. Себебі, аудандағы Халық театрларында спектакльдер жоқ. Жұртшылық театр өнеріне сусындап қалған. Егер, атағы бар театрлар халыққа тұшымды дүниелерін ұсынып отырса, көрерменнің де деңгейі өсіп, үлкен талғаммен қарап үйренеріне шүбәсіз сенімдімін.
– Белгілі өнер қайраткері Арман Әуезовпен бірге қойған «Танакөз» спектаклінің басты рөлдерін ұмытпасам жастар сомдады. Біздің аудандағы театр өнеріне деген жастардың қызығушылығы қандай?
– Мен ұзақ жылдар бойы аудандық оқушылар үйінде драма үйірмесінен дәріс бердім. Сонда бір байқағаным – біздің Қазалы ауданында небір керемет жастар, туабітті таланттар көп. Өзім жетекшілік еткен драма үйірмесі театрдың тек әліппесін ғана үйрететін болғандықтан кейін оқушыларымыздың өнері жалғасын таппай қалып жатады. Шүкір, соның өзінде Астана, Алматы, Қызылорда театрларында жұмыс жасап жатқан шәкірттеріміз баршылық.
– Айтайын дегенім, Қызылорда қаласында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен құрылған жастар театры бар. Олар да екі-үш жылдан бері өздерінің көрерменін жинап, жемісті жұмыстар атқарып келеді. Небір дарынды жастар болса, біздің ауданнан да жастар театрын құруға не кедергі?
– «Жастық – ерлік жасайтын кез» деген қанатты сөз бар ғой. Өте орынды айтасың. Бізден де жастар театрын жасақтауға болады. Біақ, оған алдымен басшылар тарапынан қолдау керек. Осының басы-қасында жүретін, жанашыр адамдар қажет. Оған алып бара жатқан білімнің, актерлық шеберліктің көп қажеті жоқ. Көрсеткен дүниені алып кету халқымыздың генінде қалыптасқан. Мәселен, осы театрға кәсіби шеберлерді емес, күнделікті өзіміз көріп жүрген мұғалімдерді тартып, актерлық өнер арманы болған қарапайым қызметкерлерді әкеліп, шамалы баулыса қандай керемет?! Мен де үлкен әжейдің, ананың рөлдерін сомдап, көмектесер едім. Себебі, өнерде, театрда зейнеткер деген ұғым болмайды.
– Әңгімеңізге көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ