«Ең алғашқы күйді Зейнолла Шүкіровтен үйрендім»
Ықылым заманнан ынта-пейілі өнерге ауған өңірміз. Ән-жыр, күй десе ішкен асымызды жерге қойып, өнерпаз алдында ұйып қалатынымыз бар. Ол да болса, табиғи болмысымыздағы тектілік пен өнерге деген өреміздің биіктігінен болса керек.
Қазалы ауданында көрермен көзайымына айналып, сахна саңлағы болған талантты жандар жеткілікті. Солардың ішінде белгілі күйші, КСРО мәдениетінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері Орақ Баубековтің шоқтығы биік. Биыл күй құдіретін таныған дәулескер күйшінің дүние есігін ашқанына 70 жыл толып отыр. Осы орайда, жетпістің желкенін ұстаған өнерпаздың ғұмыр жолы, асқақ рухты өнері жайлы сөз қозғап, сұхбат құрудың реті келген болатын.
– Аға, жетпістің желкесіне шыққан мерейтойыңыз құтты болсын. Жалпы, өмір өзеніңіз қай жерден бастау алды?
– Рахмет. Мен 1948 жылы 15 мамыр күні Арал ауданына қарасты «Көне Бөген» деген жерде дүниеге келдім. Әкемнен сегіз айлығымда қалдым. Бала күнімнен домбыраға құмартып өстім. Біз тұратын жерге іргелес қазақтың қабырғалы қаламгері Зейнолла Шүкіров те тұрды. Мен ең алғаш домбыра тартуды сол кісіден үйрендім. Ол күй «Огонек» деп аталатын. Кейіннен Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйін де үйретті. Алғашқы ұстазым Зейнолла ағамыз десем, артық айтқандық емес.
Жетінші сыныпты бітірген жылы Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылына көшіп келдік. Мұнан соң, Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атындағы №24 мектепті тәмамдадым. Мектеп қабырғасынан бастап аудандық, облыстық байқауларда бақ сынадым. Содан соң, сол тұстағы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Кеңес Асанбаевтың тәрбиесінде болдым. Кейіннен белгілі күйші Махамбет Әуезов пен Әбен Жолтаевтан домбырашылықтың қыр-сырын үйреніп, құмарым арта түсті. 1968 жылы жолдамамен Алматы қаласындағы Өнер институтына оқуға бардым.
– Жалпы, өнер атаның қанымен, ананың сүтімен дариды. Сізге күйшілік қабілет қалай қонған? Сондай-ақ, шығармашылық еңбегіңізді айтып өтсеңіз?
– Алғаш Зейнолла Шүкіровтен әртүрлі күй үйренгенімді жоғарыда айттып өттім. Сосын, менің Балшын әжем жастайынан жырау атанған. Ол кісі домбыраны шебер тартатын. Соған қарағанда өнерге жақындығым нағашыларымнан қонса керек.
Ал екінші сұрағыңа келсек, қазіргі таңда өзім шығарған 28 күй, 5 ән жарық көріп, көрермен көзайымына айналды. Оның ішінде: «Жанқожа батыр баба», «Қаразым», «Өмір талабы», «Сұлушаш», «Ойлану» секілді күйлерім бар.
– Адам бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Кез келген адам бойындағы кішіпейілділік қасиетті жоғары бағалаймын. Үлкенге сәлем беріп, кішіге ізет көрсететін жандарды құрметтеймін. Сонымен бірге мақтанып асып-таспағанды, «Мен олай едім, мен былай едім» деп көкірегін кермейтіндерді жақсы көремін. Осы ретте, «әдептілік – әдемілік» дегенді айтқым келеді.
– Жас күйшілерге қандай кеңес бересіз?
– Қазақ күй тарихындағы Құрманғазы, Дәулеткерей, Шалмырза, Қазанғаптардың ешқандай нота білмегендігі белгілі. Сонда да болса олар біздің қазақ тарихындағы асқан дәулескер күйшілер болды. Осылардың ғұмыр жолдары, тұрмыс-тауқыметі де әралуан өтті.
Мысалы, Құрманғазы өте жарлы болса, Дәулеткерей дәулетті, малды кісі еді. Осы себептен шығар оның күйлерінің көбі анаға, табиғатқа, жер-суға, қыз-келіншектерге арналған. Ал, «күй атасы» атанған Құрманғазы орыс отаршылдарынан зор теперіш көрді. Сондықтан да оның күйлері әрдайым тәуелсіздікке, азаттыққа арналған. Мұнымен қоса, терең ойға, мұң мен шерге толы болып келеді. Шүкір, қазіргі таңда дамыған мемлекетке айналдық. Күйді, нотаны үйрететін музыкалық мектептер көп. Ендігі жас буындар соларға барып оқып, іздену керек деп ойлаймын.
– Үйрену керек деп қалдыңыз. Ал, өзіңіз дайындаған, өнер аспанына ұшырған шәкірттеріңіз бар ма?
– Әрине, өзім де осы күй өнеріне біраз ізбасарларымды баулыдым. Олардың бірқатары еліміздің 12 қаласында жүр. Осылардың ішінде Нұркен, Дәулет, Роман деген шәкірттерімді айрықша атап өткім келеді. Бұлардың екеуі Астана қаласындағы Өнер академиясына оқуға түсті. Республикалық Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаулардың, «Шабыт» фестивалінің лауреаттары атанды.
– Қазақ даласындағы сіз мойындайтын ең ұлы музыкант кім?
– Жалпы мен өнер адамдарының көбін құрметтеймін. Бірақ, соның ішінде өзіміздің жерлес, республикаға есімі белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеевті айрықша мойындаймын. Мойындайтын себебім, 1981 жылы телевидениеде жұмыс жасап жүрген кезінде Қазалыға келіп, біздің оркестрімізді көріп, телефильмге түсірді. Одан бөлек, оның әндерінің өзі қандай керемет! Сондықтан мен үшін ең мықты сазгер сол.
– Өмірде өкінетін сәттеріңіз жиі болып тұрады ма?
– Өкінетін сәттер дегенде мәдениет, өнер жайындағысын айтайын. Бұл жағына келгенде аздаған көңіл толмайтын кішкентай өкініш бар. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде 1980 жылдары Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді жерлерде өнер көрсеттік. Мәскеуге, Омбыға, Орынборға сапарладық. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Әбіш Кекілбаевтың ықпалымен бірінші рет Алматы қаласында Қазалы ауданының мәдениеті мен өнері күндері өткізілді. Оған КСРО халық әртісі Роза Бағланова апамыздан бастап, Кеңес Дүйсекеев, Мәдина Ералиева, Рүстем Жанаев секілді өнер қайраткерлері бастаған топ қатысты. Шара жоғарғы деңгейде өтті. Кейін осы құраммен Египетке баратын болып ұсыныс түскен. Сол кездегі облыс, аудан басшыларының қаржы мәселесін шешіп бере алмауынан жол сапардың сәті түспеді. Өнер саласында осындай түрлі жайттар кездесіп тұрады.
– Қазіргі таңда өзіңіз жетекшілік ететін «Атамұра» ансамблі туралы айтып өтсеңіз?
– Бүгінде көпшілікке белгілі «Атамұра» ансамблі көптеген мәдени шараларға белсене қатысып жүр. Оның құрамындағылар зейнеткерлер болса да, аянбай тер төгіп жатқанын айту ләзім. Басқа салаларда зейнеткерлік болса да өнерде «ардагер» деген ұғым жоқ. Жуырда ғана Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында «Атамұра» ансамблінің шығармашылық кеші өтті. Жиналған көпшілік жылы қарсы алды. Бұдан бөлек, ел азаматтары келіп, біздің ұжымға қошеметтерін білдірді. Алдағы уақыттары да өнерпаздар өз өнерлерімен ел-жұртты қуанышқа бөлей береді деп сенемін.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде не айтасыз? Оның өнер адамдарына берері қандай?
– Президенттің бұл бастамасы халыққа соны серпіліс алып келді. Ел басқару қай заманда да оңай болмаған. Өзі өнерлі болғаннан кейін өнерді, өнерпазды жан-тәнімен түсінетін кісі. Мысалы, зейнеткерлікке шыққан Кеңес Дүйсекеевті Астанаға алдырып, үй берді. Алтынбек Қоразбаев, Бибігүл Төлегеноваларға да осындай қамқорлық жасады. Мұның өзі ұлт көшбасшының халыққа, ұлттық өнерге деген шынайы жанашырлығының белгісі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Есет ТАБЫНБАЕВ