Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кемал Көпжасар: «Сенімге селкеу түспесін»

Кемал Көпжасар: «Сенімге селкеу түспесін»

Түркі халықтарының ортақ бабасы саналатын Махмұд Қашқаридың «Кісілік пен кішілік – ұлылықтың белгісі» деген қанатты сөзі бар. Бойына адамгершілік пен кішіпейілділікті, қоғамға деген қамқорлық пен ізеттілікті сыйдырған жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – салық саласының ардагері, «Қазалы» газетінің қоғамдық негіздегі тілшісі Кемал Көпжасар десек қателеспейміз.
Саналы ғұмырын туған топырақтың өсіп-өркендеуіне арнаған оның өмір жолы да сан қырлы. Баспасөз беттерінде түрлі тақырыпқа, аудандағы өзекті мәселелерге қалам тербеп жүрген аға буын өкілімен ашық-жарқын әңгіме айтып, аз-мұз сұхбат құрған едік.
– Құрметті Кемал аға, өмір дейтін ұлы теңізде жетпістің желкенін керіп жатырсыз. Мерейлі мерекеңіз құтты болсын! Осы өнегелі өмірдің бастау бұлағы қай жер?
– Мен қарапайым жұмысшы шаңырағында дүние есігін ашқанмын. Әкем теміржол саласының қызметкері. Анам сегіз балаға өмір сыйлаған батыр ана. Оның бірі ерте дүниеден өтті. Бес бала, екі қыз тәрбиелендік. Мен отбасымның тұңғыш перзентімін. Ескі дәстүр жолымен ата-әженің қолында өстім. Туған анам кемпір-шалдың баласы болғаннан кейін бетіме келмей, есімімді де атамай өтті. Ол кісі мені еркелетіп «Тепловоз» деп атайтын. Оның себебі 1950 жылы Қазалыға бірінші тепловоз келген екен. Мені Тәуекел деген әжем өз бауырына басқан.
Мектеп табалдырығын 1957 жылы аттадым. Қазіргі №70 мектеп кезінде «№420» деп аталатын. Біз соғыстан кейін дүниеге келген буынбыз. Мектепке қолдан тігілген көйлек, дорба асынып бардық. 1968 жылы Шығыс Ресейдегі Чита деген жерде әскери борышымды өтедім.
1972 жылы өмір жолындағы жарым Нәбираға үйлендім. Жұбайыммен бір мектепте, бір сыныпта оқыдық. Содан 63 жыл бойы Нәбирамен қолтықтасып келемін.
– Еңбек жолын қалай бастадыңыз?
– Алғашқы еңбек жолым ПМК-86 деген мекемеде басталды. 6-7 жылы бойы әртүрлі салада бағымды сынап көрдім. Өмірімнің 36 жылын қаржы саласына арнадым. Қаржыгер болып, кейін салық саласында еңбек еттім. Бұл сала темірдей тәртіп пен асқан қырағылықты қажет етеді. Өмірде жетістікке жеткен, қате кеткен тұстарымда баршылық деп ойлаймын.
– Сізді көпшілік салық саласының нағыз майталман маманы ретінде біледі. Аталған салаға келу жолыңыз қалай басталды?
– Бұл қызметке тәуелсіздіктен кейін халық жабайы саудамен айналысып кеткен тұста келдім. Екіге бөлінген қаржы бөлімі бюджет және мемлекеттік кірістер болып жұмыс атқарды. Кейін мемлекеттік кірістер бөлімін бөлек мекеме қылып өз алдына шығарды. Қаржы бөлімінде тексеруші-инспектор болып жүрген жерімнен Базархан Ақжігітов деген азамат қазығы қағылмаған, отауы құрылмаған сол мекемеге мені бөлім басшысы қызметіне шақырды. Ол кезде мемлекеттік кірістер бөлімінің аты салық инспекциясы болып айтылатын.
– Сіздің маман ретінде толысқан шағыңыз 1990 жылдардағы елдің егемендік алып, экономикалық дағдарыс белең алған тұсына тап келді. Сол кездегі салық саласындағы қиындықтар туралы айтсаңыз...
– Егемендік алған елең-алаң тұста мемлекеттің жалпы жағдайы нашар болды. Ол жайында сол кездегі сергелдеңді көрген оқырман жақсы біледі. Мекемелер мен банктер тарап, бәрі банкротқа ұшырған уақыт. Олардың есепшоттарында қаражат болмады. Жұмысшылармен заттай еңбек ақысын есептесті. Ол кезде салыққа да көп қаражат түспеді. Өйткені жалпы халықта ақша жоқ еді. Көпшілік ала дорба арқалап, көшенің әр тұсында салық төлеуден бас тартқан жабайы сауданың дәурені жүрді. Сол кезде біз түсіндіру жұмыстарын жасап, кәсіпкерлікке тіркеп өз дәрежесінде қазынаға ақша түсуін қадағаладық.
Тіпті күрішшілердің өзі салыққа қаржы таппай күзгі өнімді жинап, болып есептесетін.
– Әрбір адам тұлға болып қалыптасу үшін оған қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
– Кез келген азамат қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Заңға бағынып, басшының берген тапсырмасын үздік орындауға тырысу қажет. Менің әдепкі бастығым жоғарыда атап өткен Базархан еді. Одан кейін Талайлы Бөріқұлақовпен қызметтес болдық. Сол кісінің тұсында салық саласы көптеген жетістікке жетіп, жақсы нәтижелер көрсетті. Одан кейін Фердоуси інім жақсы қаржыгер болып шықты. Көптеген жігіттер салық саласында жүріп, басшылық қызметке ауысты. Фердоуси Қожабергенов облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы, Талайлы Бөріқұлақов мәслихат хатшысы болды. Кейінгі толқыннан Жұлдызхан Ерқосаев Жамбыл облысының басқармасында бөлім бастығы, ал Аян деген азамат Ақтөбе қаласында бөлім басшысылығына тағайындалды. Әңгімемнің басында айтқандай әрбір адам темірдей тәртіпке бағына білу керек. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді бекер айтпаған деп ойлаймын.
– Жалпы мамандық таңдау деген кез келген адамның өміріндегі үлкен маңызды іс. Салық саласына келгеніңізге өкінбейсіз бе?
– Өкінішім жоқ. Салық саласы мені тәрбиелеп шықты. Халықпен қалай жұмыс жасауды үйретті. Талайлының уақытында аптасына бір рет тәрбие сағаты өтетін. Азаматтармен сауатты сөйлесуді үйрететін. Адам оңай қалтадағы ақшасын шығара қоймайды. Салықтан қашып, қазынаға салық төлемейтін кәсіпкерлер әлі де бар. Көлеңкелі бизнестің кесірін қазір істеп жүрген адамдарды көргенде көңілге кірбің ұялайды. Сондай адамдарға салық төлеттіруді үйрендік.
Бақылау кассасы кәсіпкердің табыс мөлшерін өлшейтін аппарат. Сондағы көрсеткішпен олар кварталдық есептерін береді. Кәсіп жасайтындардың 50 проценттен көбі қазір оны пайдаланбайды. Мақсаты-табысын жасыру. Бүгінде біршама өзгеріс бар. Мемлекет үш жылға дейін мораторий жариялап, бір ғана талап қойды. Ол – табыс мөлшерін көрсету. Оны орындамайтындардың саны әлі де азаймай тұрғаны қынжылтады.
Салық дегеніміз – бюджетке түсетін орасан қазына. Елдегі әрбір салынып жатқан құрылыстар мен мектеп-балабақша, ауруханалардың барлығы сол қазынадан тұрғызылғанын қаперден шығармауымыз қажет.
– Өмірдегі басты ұстанымыңыз қандай?
– Адамдарға мейілінше өтірік айтпау. Оларды алдамау. Біздің бір-бірімізге деген сенімнің артында мейірім, адамгершілік деген секілді қасиеттеріміз тұрады. Кейде соны ұмыт қалдырып жатамыз. Осы ретте ізімізді басқан буынға бір-бірлеріңізге деген сенімге селкеу түспесін дегім келеді.
–Еркін әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Есет ТАБЫНБАЕВ

10 қазан 2020 ж. 999 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930