Сақтықта қорлық болмайды
Құқықтық сауаттылыққа ие мемлекет қалыптастыру Қазақстан ұстанып отырған бүгінгі беталыс. Құқық – мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелердің жиынтығы десек, оның негізігі нысаны адам қауіпсіздігі. Көп жылдан бері талқылауда жеке детективтік қызмет туралы заң көтерілуде.
Жалпы жұртқа қызметтің бұл түрі керек пе? Қоғам қандай пікірде? Сараптадық.
Холмс әлде хаус
Детективтік қызметтің қандай екенін білмесе де, XIX ғасырдың соңында қолданысқа енген «детектив» сөзі бүгінде көпке таныс. Әлемдегі алғашқы кеңесші детектив Шерлок Холмс туралы шығарма қызмет түрінің адамдарға қажеттілігін ұғындырды. Мұндай мамандықты өзі ойлап тапқан кейіпкер көптеген құпиялары бар оғаш және әдеттен тыс қылмыстарға деген ерекше құмарланады.
Детектив латын тілінен аударғанда «detego» әйгілеу, әшкерелеу деген ұғымды білдіреді. Ал әдебиетте кең өріс алған детектив жанры тылсым жағдайларда орын алған оқиғалардың себептері мен оларды шешудің жолын қарастырады. Әдетте мұндай оқиғалар ретінде қылмыстық істер қарастырылады және детектив жанры оны зерттеу мен кінәлілерді іздеудің шым-шытырық жолдарын суреттейді.
Сол кезден бастап қылмысты ашу, зерделеуде құқық қорғау органдарынан тыс детективтік қызметке қызығушылық жоғарылай бастаған.
Жеке детективтер – белгілі адамдарды іздеу, барлау, ол туралы ақпарат жинап, қажетті жағдайда тергеу жұмыстарын ұсынатын мамандар. Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Жапония, Германия, Үндістан, Аустралия, Канадада мұндай мамандарды жоғары деңгейде әзірлеуі жолға қойылған. Кейбірінде тәуелсіз мамандар қызметіне шектеу қоймай, біршама еркіндік берілген. Барлығына ортақ талаптар да жоқ емес. Олар арнайы лицензиясы болуы міндеттеледі. Сондай-ақ адам құқықтары туралы заңдарды терең біліп, жеке детективтер құпиялылық, олардың кәсіби қызметін реттейтін басқа да ережелерді сақтайды.
Әлемдік тәжірибеде атақты адамдар мен түрлі ұжым-компаниялар қызмет нәтижелілігін көрген.
Себеп қандай? Салдар неде?
Шұбалаңға салынып келе жатқан заң «Жеке детектив қызметі» туралы заң жобасы. Дамыған елдерде өз нәтижесін көрсеткен қызмет түрін қолданысқа енгізу елімізде неліктен кейінге шегеріле беретіні туралы түрлі пікірлер бар.
«Жеке із кесушілер қызметін заңдық тұрғыда реттеу қоғамға қажет. Жаңа мүмкіндіктер артумен бірге алаяқтықтықтың да түрлері көбеюде.
«Дерективтік – әйел мен ердің арасын аңдитын ауқымы тар қызмет емес, әділеттілік іздеген жанның қажеттілігін өтеуімен құнды. Меніңше, сыбайлас жемқорлық жайлаған кезде жеке детектив қызметі әбден қажет,», – дейді Дархан Нұрғалым.
«Қызымның отбасы жараспай, үш баламен ажырасты. Күйеу баламнан алимент алуға бірнеше рет арыз бердік. Соты да өтті. Бес жыл болды, жағдай өзгеріссіз. Жыл соныңда табақтай хат келеді. Балалардың әкесінің есеп-шоты бұғатталғаны, іздестіруде екені, шетелге шыға алмайтыны айтылады. Бірақ оның тіркелей, ақшасын қолма қол алатын жерде жұмыс істеп жүргенінен хабардармыз. Естуімше, алимент өндіруден гөрі сот орындаушыларына істі ашып, жүргізіп қойған тиімді екен. Құқықты сот, полицей, адвокат қорғамаса, шағымданудың қажеті қанша? Осындайда шетелдік кинодағыдай із кесуші жалдағым келеді. Бірақ Қазақстанда ондай заңды қызмет түріне рұқсат етілмеген», – дейді Мейіркүл Жанаман.
«Қазір заңдастырылмаса да, мұндай кәсіби көмекке жүгініп жүргендер бар. Оларға клиенттер алдында заңды жауапкершілікке тартылмай, мемлекеттік органдардың бақылауынсыз, лицензиясыз заңгерлік диплом, тәжірибесі бар мамандар қызмет етуде», – дейді Мейірлан Есім.
Әділдік құралы
Заң жобасын көтеріп келе жатқан ҚР Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның жеке детективтікті заңдастыру қажеттігін алға тартады. Халық қалаулысының айтуынша, бұл кәсіпкерлік қызметтің бір түрі.
«Біздегі іздестіру жұмысының классикалық үлгісі әрқашан әділдікке жеткізбейді. Мәселен, полицияға арыз береді. Неғұрлым жоғары жақта таныстары болса, сол адамдардың ісі алға шығады. Сөйтіп, таныс-тамыр, ақша мен биліктің күші жүрген жерде кейбір адамдардың құқығы бұзылады. Заңгерлік мамандығы бар адамдардың барлығы жеке детектив бола алмайды. Мысалы, қазір тергеушілер мен жедел іздестірушілер ерте зейнетке шығады. Қырықтан енді асқан тәжірибесі мол дайын мамандар күзетке кетіп жатыр. Олар осындай жеке детектив болса, жұмыспен қамтылған адамдардың саны артады, салыққа қомақты кіріс кіреді. Ең маңыздысы, елдегі қылмыстың ашылуына оң әсерін береді», – дейді.
«Жеке детективтердің қызметін заңдастыру әріден келе жатқан мәселе. Айталық, қылмыс жасалса, бір дөкей сол өңірдің полиция бастығына бір қоңырау шалып, істі жаптырып тастауы мүмкін. Ал жеке детектив жалдасаңыз ол қызмет міндетіне сай атқарады. Оның тапқан дәлел, дәйектері қылмыстық істі ашуға қосымша дерек болады. Сондықтан бұл саланы құқықтық тұрғыдан реттеу әлдеқашан пісіп-жетілген мәселе деп есептеймін. Жеке детективтерге қойылатын басты талаптың бірі ішкі істер саласында 10 жылдан астам жұмыс істеген болуы тиіс», – дейді ол.
А.Құспан құжаттың осы уақытқа дейін түрлі кедергіге тап болуының себебін елімізде бір-бірінен бизнесті тартып алу оқиғасы көбейгенде, оларды анықтаудағы қиындықтармен байланыстырады. Бұл орайда озық тәжірибелерді де тілге тиек етті.
«Ресейде жеке детектив дәлелдемені адвокатқа әкеліп беруші қызметінде. Қырғызстанда қылмыстық үдерістің субъектісі ретінде қарастырылады. Яғни ол өздігінен дәлелдемелерді жинақтап, сотқа жүгіне алады. Сотқа күні түсіп, әділетсіздікке тап болған адам үшін өмірде бұдан асқан маңызды мәселе болмайды. Өзіне қатысты әділетті шешім шығу үшін шынайы дәлелдеменің маңызы зор. Қазір шетелдік тәжірибелерді жан-жақты зерттеп жатырмыз. Меніңше, құжат қоғам үшін ауадай қажет», – дейді депутат.
Қажетіліктен туған қарар
«Жеке детективтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында
Заң Қазақстан Республикасында жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеп, жеке детективтік қызметтің құқықтық негізін, қағидаттарын, міндеттерін және оны жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жеке детективтердің құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған.
Жеке детектив детективтік қызметтер көрсету кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндеттелуде.
Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, конституциялық құрылысты, қоғамдық имандылықты және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын өзге де мүдделерін бұзуға жол бермеу көзделуде.
Детективтік қызметтер көрсету кезінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, конституциялық құрылысқа, қоғамдық имандылыққа және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын өзге де мүдделеріне қол сұғуға жол берілмейді.
Жобада жеке детективтік қызметті ұйымдастыру, қызметтер көрсету туралы шарт жеке детективтің құқықтары мен міндеттері жан-жақты қарастырылған. Заң бйоынша тапсырыс беруші талабын қанағаттандыра алмай, жеке адамның өміріне қол сұғылса, лицензиясын алып қою мүмкіндігі қарастырылған.
Жеке детективтік заң жобасына сәйкес, егер жеке детективтер немесе тергеушілер өз қызметін жүзеге асыру кезінде қылмыс болды деп санаса, бұл жағдайда олар заң органдарына хабарлауға және қылмыс айғақтарының жоғалып кетуіне жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Жеке детективтердің жұмыс бағыттары белгіленген.
Ерлі-зайыптылардың немесе отбасы мүшелерінің отбасындағы тұтастыққа нұқсан келтіретін мінез-құлықтарын немесе жаман әдеттерін зерттеу;
Із-түссіз жоғалған немесе естілмейтін адамдарды іздеу және табу;
Ұрланған немесе жоғалған заттарды іздеу және табу;
Қорғау сұралатын адамдарға немесе ұйымдарға тиесілі ғимараттарды, қондырғыларды немесе тауарларды қорғау;
Жеке қауіпсіздік ұйымы туралы заң шеңберінде ұйымдар мен құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
Кәсіпорындарда, фабрикаларда, өндіріс орындарында немесе осыған ұқсас жұмыс орындарында жұмыс істейтін әр түрлі деңгейдегі персоналдың, олардың жұмыс берушіге көзқарасы мен мінез-құлқының, олар жұмыс істейтін ұйымға қарсы басқа ұйымдармен ынтымақтастықтың бар-жоғын зерттеу;
Барлығы кіретін және шығатын үлкен дүкендер, агенттіктер немесе супермаркеттер сияқты жұмыс орындарында жұмыс істейтін адамдардың бар-жоқтығын және олардың жылжымайтын мүлік пен техниканы ұрлап не бүлдіріп, зиянды әрекеттерге жол бермейтіндігін бақылау.
Атқарушылық iс жүргiзу жүргiзiлетiн адамдарға немесе ұйымдарға тиесiлi жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi, олардың құқықтары мен үшiншi тұлғалардың дебиторлық берешегiн тергеу
Азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қолға алынған заң жобасы заң саласы мамандарының айтуынша, пайдалы.
«Тұрғындар әділет органдарынан біржақты шешім қабылданды деп шағымданып жатады. Мұндайда азаматтар қосымша ақпарат жинауда кәсіби көмекке қол жетікзе алады. Олар тәжірибелі, арнайы лицензиялаудан өтуі қажет етіледі
Адамдардың заңды мүдделерін қорғау әдісін таңдауына берілген мүмкіндік жеке детектив – демократиялық қоғамның және тиімді тетегі, нарықтық экономиканың қажетті құралы. Тұрғындар мүдделерін қорғауда жеке өмірге рұқсатсыз араласудың алдын алу,құқықтарды қорғаудың заңды жолдарына сенімділікті арттырады», – дейді заңгер Нұрлан Есенгелді.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА