Даналық пен даралық тоғысқан кеш

Шара алдында аудан ардагерлері мен қонақтар «Тәуелсіздік» алаңындағы Бекарыстан би ескерткішіне тағзым етіп, құран бағыштады.
Мәдениет үйіндегі кештің шымылдығы «Драма» үйірмесінің мүшелері сахналаған Бекарыстан би туралы көрініспен түрілді. Көрініс арқылы ел қамын ойлаған би-батырдың әділдігі мен шешендігі көрермен жүрегіне жол тапты.
Шараның басты мақсаты – бабалар сөзін дәріптеу, билік пен шешендік дәстүрдің алтын арқауын үзбей, кейінгі буынға жеткізу. Округ әкімі Қ.Құрманбаев қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтап, байқауға сәттілік тіледі. Сонымен қатар демеушілік жасаған Нұрбай би ұрпақтары атынан З.Құлмұратұлы ізгі тілегін жеткізіп, ардагерлерге алғысын білдірді.
Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар Бекарыстан бидің даналық сөздері мен өмірлік ұлағатын айтып, би мұрасын қайта жаңғыртты. Екінші кезеңде қазақ қоғамында елге сөзі өткен билер мен шешендердің нақылдарын, өсиеттерін ортаға салды.
Байқауда төрелік еткен қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі Болат Жолтаев, журналист Қасқырбек Мәмбетжанов және ақын Абай Жәметов болды.
Сөз өнерінің майталмандары өзара бәйгеге түсіп, шешендік қабілеттерін паш етіп, қазылар шешімі бойыншаба сжүлде Шәкен ауылынан келген Әзілхан Үмбетовке бұйырды. Ал екінші орынды Бекарыстан би ауылының батагөйі Жәнібек Сармолда мен Қазалы қаласынан Қазыбай Саниязов еншіледі. Үздік үштікті Ғ.Мұратбаев ауылынан қатысқан Қалибек Бакеев түйіндеді.
Қанат СЫРЛЫБАЙ,
Бекарыстан би ауылдық
мәдениет Үйінің
көркемдік жетекшісі