Ай да, күн де жақсы ғой...

Алып қорған іспетті нысандар, жылжитын өте жарық денелер мен зымыран тектес дүниелердің камераға түсіп қалғанын сіз де көрген боларсыз. Аспанда жарқырап қаз-қатар тізіле ұшқан Илон Масктің кемелері ше? Қызығы біз ғарышқа құмартпадық, біз тек қалтафонға түсіріп, әлеужеліде талқылауға бейімбіз. Ғарыш айлағы бізде де бар, тек өзге планеталарды зерттеуге, Марсқа не айға қонуға қауқар бар ма?
Адамның Айға жете алатыны 68 жыл бұрын дәлелденген. Алғашқы адам 1969 жылы «Аполлон-11» миссиясы арқылы Ай бетіне қонды. Адамзаттың Айға жаңа сапары қашан екені жарияланды. Онда NASA-ның «Артемида-2» миссиясы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған. Айды тануға және болашақта онда өмір сүруге деген қызығушылық әлі азайған жоқ.
АЙҒА САПАР
Соңғы жарты ғасырда адамзат Айдың бетіне қонған жоқ. Соңғы рет Ай бетінде адам 1972 жылы «Аполлон-17» миссиясы кезінде болды. Астронавтар үш күн бойы зерттеу жүргізіп, топырақ үлгілерін жинаған. Сол уақыттан бері Ай бетіне тек роботтар ғана ұшырылған. Енді бұл жағдай түбегейлі өзгереді. 50 жыл өткен соң NASA адамды Айға қайта апаруды мақсат еткен «Артемида» бағдарламасын іске қосты. Бұл атау грек мифологиясындағы Ай мен аңшылық құдайы Артемидаға арналған. Бағдарламаның алғашқы «Артемида-1» кезеңі 2022 жылдың қарашасында сәтті жүзеге асты. Ол пилотсыз сынақ ұшуы болды. Ендігі кезек «Артемида-2» миссиясына келді.
BGR сайты жариялаған дерек бойынша, Гелий-3 пен сирек металдар адамзаттың жасанды интеллект, кванттық есептеу және ғарыштық технологиялар дәуірінде шешуші рөл атқарады. Айдағы 1 тонна Гелий-3 шамамен 20 миллиард долларға бағаланады. Сондықтан америкалық Артемида бағдарламасы мен Қытайдың Чанъэ миссиялары ғылыми қызығушылықтың емес, болашақ ресурстық бәсекелестіктің көрінісі. Бірнеше рет кейінге қалдырылған бұл миссия 2026 жылдың сәуірінде жүзеге асуы тиіс. Он күнге созылатын сапарда төрт астронавт Айды айналып ұшып өтеді. Мұндағы мақсат – Orion ғарыш кемесінің сенімділігін тексеріп, жүйедегі ықтимал ақауларды анықтау. Бұл болашақ миссиялар қауіпсіздігі мен табысы үшін маңызды сынақ. Миссия барысында ғалымдар төрт астронавтан да қан үлгілерін алып, ұшу мен қайтудан кейінгі биологиялық өзгерістерді зерттемек. Бұл зерттеу гравитация мен радиацияның адам ағзасына әсерін анықтауға арналған.
«Артемида-2» миссиясының командирі Рид Уайзман – АҚШ Әскери әуе күштерінің ардагері және 2009 жылдан бері NASA астронавты. Ұшқыш Виктор Гловер 2013 жылдан бері астронавт болып, Халықаралық ғарыш стансасында 168 күн өткізген. Зерттеуші Кристина Кох – 2013 жылдан бері астронавт, әйелдер арасында ғарышта ең ұзақ 328 күн болып, рекорд жасаған. Төртінші қатысушы канадалық ұшқыш және осы миссиядағы бірінші канадалық астронавт Джереми Хансен. Ол Айға баратын алғашқы канадалық болады.
Егер «Артемида-2» сәтті өтсе, NASA 2027 жылдың ортасында «Артемида-3» миссиясын іске қосады. Бұл жолы төрт астронавт Ай бетіне қонып, оңтүстік полюс аймағын бір апта бойы зерттейді. NASA бұл мақсатты «Артемида ұрпағының ғылымы» деп атайды. «Артемида» логотипіндегі «A» әрпі – Айға бағытталған садақ ұшының символы. Бұл бағдарламаның басты идеясы – адамзаттың Айда тұрақты өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
2026 жылы «Артемида-2» ұшуы адамзат тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Бұл миссия тек АҚШ үшін емес, бүкіл әлем үшін ғарышты игерудің жаңа дәуірін ашады десек те, оның экономикалық пайдасын тек америкалықтар мен Айды игеруге қызығып отырған Ресей мен Қытай көретін болады. Одан кейінгі «Артемида-4» миссиясында ғарышкерлер Айдың алғашқы орбиталық стансасында – Gateway (шлюзде) өмір сүріп, жұмыс істейтін болады. Бұл станса болашақта тұрақты базаға айналып, басқа ғарыш кемелері үшін түйісу торабы қызметін атқармақ.
ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖЕТЕ АЛМАДЫ
Жер ғаламшарының серігі – Айға адамзат тарихында небәрі 12 ғарышкер ғана ұшыпты. Түрлі миссияларды атқару мақсатында ұйымдастырылған «ғарыш жорықтарының» небәрі үш жылға (1969-1972) созылуының себебі неде?
Бізге керегі – айды аспанға шығаруға асығып жүретін америкалықтардың немесе күллі адамзат баласының 56 жыл бойы жер серігінің бетіне ат ізін салмауының себебі.
Ашық ғарыш кеңістігіне сапар шегіп, Айға алғаш табан тіреген астронавт – америкалық әйгілі Нил Армстронг. Дегенмен, америкалықтың сапар барысынан түсірген фотолары мен көлеңкелер траекторияларын зерттеген мамандар оның жер серігінің бетіне АҚШ туын қадап қайтқанына күмән келтіреді. Тіпті, кейбіреулер бұл фотосуреттерді Голливуд павильондарының бірінде арнайы жабдықталып, миллиондаған қаражат бөліп түсіргеніне сенімді.
Айды аспанға шығаруға асығып жүретін шетелдіктердің жарты ғасыр бойы жер серігінің бетіне ат ізін салмауының себебі неде?
NASA-ның астронавты Джеффри Хоффманның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі буынның миллиардерлері Айдан да ақша табуға ұмтылады. Демек, жер серігінің бетінде адамзат баласының ізі көбейетін күн жақын.
Айға барған астронавттардың сұхбаттары мен олар түсірген суреттер ғалам жұртына жат планеталықтардың жолаушыларды жақтырмауы – ғарыш сапарларының тоқтап қалуының басты себебі секілді. Дегенмен «NASA» әуе-космос агенттігі арнайы жасақтаған кемелерімен ұшқан Джим Ловелл мен «Аполлон-11» кемесінің тізгінін ұстаған Базз Олдриннің айтуынша, Айға ұшу мен ондағы жағдайды зерттеу халықаралық һәм мемлекеттік саясаттың дегеніне бағынышты. Бұл бағыттағы шиеленістер мен кедергілерді, не мақсатта бюджеттен қыруар қаражаттың бұл жолға шығындалатынын қарапайым адамдар түсіне бермейді-мыс.
Айдың бетінде станциялар салып, ғарышқа тереңірек ену үшін зымыранға арналған арнайы бекеттер тұрғызылса, ғылымға жаңалық енері сөзсіз. Тек ол жаққа бару көпшіліктің қалтасына қонымды емес. Ресми мәлімдемелерге сүйенсек, бұл жолдың құны 120-133 миллиард доллар тұрады екен.
Адамзаттың бүгінгі күнгі бірден-бір арманы айға ұшу. Сол бағытта қазір бірнеше жаңалықты естудеміз. Илон Масктың кемесі, NASA ұйымы және де басқа әрекеттер. Иә, айды көру, Марсқа қону сынды дүниелерге адамзат неге құмар? Зерттеу үшін ұшатын ғарышкерлер бір бөлек, қалтаға сыймаған қаражатты құртатындардың адреналині бір бөлек. Ал ғарыш кеңстігіне бала күнінен қызығып, аспан әлеміне саяхат жасағысы келетіні бір бөлек әңгіме.
Қош. Бірде бір ағамыз «біз машина мінемін дегенше, жұрт самолетпен жүретін шығар» деп еді. Сол секілді, біз аспандағы тізіле ұшқан Илон Масктың кемелерін санап отқанда жұрт Айға ұшып, Марсқа қонақ үй салмақ.
Айнұр ӘЛИ