Өндіріс пен өркендеудің өзегі

Осыған орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жұмыс сапары барысында «РЗА» акционерлік қоғамының тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан басшысына атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «РЗА-Асыл түлік» ЖШС директоры Мұрат Имандосов кеңінен мәлімет берді.
Аталған құрылымдардың арасында «Рза-Агро» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізген өңірдегі алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу. Биыл шаруашылық 4437 гектар жерге егін егіп, оның 2238 гектарына күріш, 419 гектарына жүгері, 702 гектарына жаңа жоңышқа және 1347 гектарына ескі жоңышқа орналастырды. Бүгінде мұнда 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сапар барысында «Рза-Сүт» зауытының жұмысымен де танысты. Мұнда шығарылатын, Сыр елі тұрғындарына кеңінен танымал «Дәмді» сауда маркасындағы өнімдердің сапасына жоғары баға берілді.
Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов басқаратын акционерлік қоғам бүгінде еліміздегі ғана емес, шетелдік нарықтағы беделі жоғары кәсіпорындардың бірі. «РЗА» өнімдері Еуропа елдеріне де экспортталуда.
Айта кетейік, 2011 жылы кәсіпорын өнімі «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жүлдегері атанса, 2014 жылы «Алтын сапа» сыйлығының «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаз болған.
А. ЖҮСІПОВА