Татулықты ту еткен
Жуырда Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Сауал» қоғамдық бірлестігі «Қазалы – бірлік мекені» атты акция өткізді.
Татулық пен тұрақтылықты ту еткен шара барысында бөлім басшысы Әліби Әбиев, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ерлан Нұржаубаев, Қызылорда облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің Қазалы ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Гүлнұр Аханова, «Қазалы қоғамдық келісім» бірлестігінің төрайымы Нафиса Жұма аудандағы ардагерлер мен өзге этнос өкілдерін құттықтады.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қазалы жерінде тағдырдың сан тарауымен қоныс тепкен түрлі ұлт өкілдері акция барысында қазақ халқының қонақжайлылығы мен дархан пейіліне, достық қатынасына ризашылықтарын білдіріп, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Акция барысынла байырғы теміржол саласының ардагері Кемал Аманов:
– Барлық Қазалы жұртшылығын шығыс халықтарының жыл басы саналатын Наруыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы жыл жемісті жыл болсын. Ел-жұртымыз береке-бірлікте ғұмыр кешсін. Пейілі дархан, көңілі кең қазақ халқы қауіптен-қатерден, індеттен аман болып, бұқараның ысыр-несібесі арта берсін, – деген лебізін жеткізді.
Сонымен қатар «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Баян Көмекбаева, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әбжами Жанаев, Қазалы қаласындағы өзге этнос өкілдері Зинаида Иванова, Татьяна Дмитриевна, Юлдаш Джумаевич, Лидия Гольц айтулы мерекемен құттықтап, бірлік пен татулыққа үндейтін айтулы акциға ризашылықтарын білдірді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат