Өнегелі өмір иесіне арналды
Әйтеке би кентінде еңбек ардагері Шәмен Қазыбаевты еске алуға арналған шахмат және дойбыдан ардагерлер арасында турнир өтті. Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Шәмен Байжігітұлының туысы Кемал Көпжасар сөз алып, естелік айтты.
Өнегелі өмір иесі Шәмен Байжігітұлы – Қазалы топырағының тумасы. Аудан орталығындағы №420 орта мектепті бітірген соң №3 теміржол училищесінен тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығын алады. Жолдамамен Қарағанды облысының Теміртау локомотив депосына барып еңбек еткен. Өндірістен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жоғары білім алғаннан кейін туған жерге оралып, Қазалы локомотив депосында комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Жастармен қойын-қолтық араласып, белсене жұмыс істеген Шәмен Байжігітұлы коммунистік партия қатарына қабылданады. Әр жылдары Халық депутаттары поселкелік кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, поселкелік коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, ел арасында сый-құрметке бөленді. Еткен еңбегінің нәтижесінде «Еңбек ардагері» атанып, бірнеше марапатқа да ие болды. Замандастары ол туралы: «Қай ортада жүрсе де адамгершілік қасиеттен айнымай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білді. Көптің көңілін жықпайтын кішіпейіл жан отбасында да жары мен балаларының арқа сүйер асқар тауына айналды. Осыдан он бес жыл бұрын өмірден озған Шәмен Байжігітұлының артында қалған жары Үмітгүл мен ұрпағы есімін ұлықтап, әке рухына Құран бағыштауды әсте естен шығарған емес», – деп ұл-қызына ыстық ықыласын білдірді.
Осындай ауданға сыйлы абзал азаматты еске алуға арналған турнир қорытындысында шахматтан бірінші орынды Муапых Құрманов жеңіп алса, екінші, үшінші орындарды Тасболат Ерқараев пен Жомарт Қуандықов өзара бөлісті. Ал дойбы сайысының бірінші орыны Әбілқасым Алғашбаевқа бұйырды. Нұрбай Мамбетов екінші, Құдайберген Есекеев үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға Қазыбаевтар әулеті атынан кубок, медаль және ақшалай сыйлықтар тарту етілді.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ