Төл спорт төрге озды

Қазалы спорт клубының тоғызқұмалақ жаттықтырушысы, ҚР спорт шебері, Азия кубогының жеңімпазы Сәбит Шүленбаевтың айтуынша, биылғы жыл аудан спортшылары үшін жемісті жыл. Ол төл спортымызды дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар мен жеткен жетістіктер жөнінде ой бөлісті.
Жыл бедерінде аудан спортшылары ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі додаларда да көзге түсті. 1-11 тамыз аралығында Моңғолияның Өлгей қаласында өткен халықаралық турнирде Қазалының жас үміті, ҚР жасөспірімдер құрамасының мүшесі Көркем Асқарқызы жекелей рапид түрінен күміс жүлдегер атанды. Бұл жарысқа Моңғолия, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қытай елдерінен жас спортшылар қатысып, тәжірибе мен шеберлікте сынға түскен болатын.
Ал 18-22 тамыз күндері Қызылорда қаласында өткен «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл» толуына арналған «Алтын күз – 2025» облыстық спартакиадасында да қазалылықтар намысты қолдан бермеді. Ерлер командасы екінші орынды еншілесе, нәзік жандылар құрамасы жүлделі үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Одан соң 11-21 қыркүйек аралығында Алматы облысында өткен «Ақ бидай – 2025» республикалық ауыл спорты ойындарында Қызылорда облысының намысын қорғаған құраманың сапында қазалылықтар Сәбит Шүленбаев пен Шыңғыс Ұзақ өнер көрсетіп, жеңіс қоржынына жүлде салды.
«Ал жаз айында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған тоғызқұмалақтан облыстық турнир өтті. Үш күнге созылған бұл жарысқа Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан келген 180-ге жуық спортшы қатысып, әр түрлі жас санатында бақ сынады. Турнир қорытындысында үздіктер анықталып, «Ең жас ойыншы», «Үздік ойыншы», «Әділ төрешілік жасағаны үшін» секілді номинациялар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл турнир Қазалыда екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. «Турнир ұлттық спортымызды дәріптеуде және жас буынның қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқарды. Мұндай игі бастама жалғасын табады деп сенемін», – дейді ол.
Сондай-ақ бапкер турнирді ұйымдастырған азаматтарға және Жалпақбай атамыздың ұрпақтарына алғысын білдіріп,төл спорттың өркендеуіне жанашырлық танытып, әр деңгейдегі жарыстардың жүйелі өтуіне себепкер болып жүрген жандардың еңбегін ерекше атап өтті. Жаттықтырушының айтуынша, алдағы уақытта да аудан көлемінде тоғызқұмалақтан түрлі турнирлер өткізіліп, ұлттық ойынның насихатын арттыру мен жаңа буынды тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.
Төл спортты төрге сүйреп жүргендер жерлестердің бірі – Ұлдана Маханбетамин. Ол биылғы маусымда бірқатар жарыстарда жүлдегер атанып, аудан мерейін үстем етті. Қаңтар айында өткен облыстық чемпионатта классика түрінен бірінші орын алса, ақпан айында Ақтөбеде өткен ҚР әйелдер арасындағы чемпионатта классика түрінен үшінші орынға ойысты. Ал сәуір айында рапид түрінен 2 орынды иеленді. Қазір ол қараша айында Алматы қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындық үстінде. Сәбит Қуанышұлы Ұлдананың бұл сында да ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімді.
Ауданда тоғызқұмалаққа ден қойған жас өрендердің қатары артып келеді. Кішкентайынан ой өрісін дамытып, ұлттық құндылыққа бет бұрған жас спортшылар түрлі деңгейдегі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. 25 сәуір-1 мамыр аралығында өткен облыстық чемпионатта Қазалы командасы рапид түрінен үздік үштікті түйіндеп, аудан қоржынына жүлде салды. Ал жекелей блиц бойынша Әсел Әбдімұқар үштікке еніп, Қостанайда өткен ел чемпионатына жолдама алған еді.
Бапкердің айтуынша, бүгінде ауданда тоғызқұмалақ спорты қарқынды дамып келеді. Жыл өткен сайын бұл ұлттық ойынға қызығушылық артып, шәкірттердің жетістігімен толығып отыр.
– Шәкірттерімнің арасында жетістіктері мақтауға тұрарлық жастар бар. Мысалы, Бақытберген Ақберен – Азия чемпионатының күміс жүлдегері, спорт шеберіне үміткер. Айым Сәулет пен Данияр Тұрлыбек те осы атаққа үміткерлер қатарында. Ал Айжан Әбілтаева облыс біріншілігінде бірнеше рет чемпион атанып, жастар арасындағы республикалық жарыста біздің команда жүлделі үшінші орынды иеленді. Қазір спорт клубында жаттығып жүрген Амангелді Ақзерден үлкен үміт күтемін. Сонымен қатар Жігерхан Қабылбаев, Ақерке Қуаныш, Әсел Әбдімұқар, Назерке Әбілдә сынды шәкірттерімнің де болашағы зор. Бағдат Ғибрат, Бағдат Имрат пен Амангелді Мансұр да биік белестерді бағындырады деп сенемін, – дейді бапкер.
Оның айтуынша, бүгінге дейін ауданнан төрт спорт шебері, жиырмаға жуық спорт шеберіне үміткерлер шыққан. Олар тек облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, тіпті халықаралық додаларда да топ жарып жүр. Азия біріншілігінде атой салып, Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғауда.
Сәбит Қуанышұлы ұлттық спортты насихаттап, бірге ойын көрсетіп жүрген әріптес-замандастарының да еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тоғызқұмалақтың дамуына өз ісіне шын берілген бапкерлер мен білікті ойыншылардың үлесі зор.
– Әріптесім Бақытжан Әлиасқаров – спорт шебері, республикалық жарыстарда иық тірестіре бірге бақ сынап келеміз. Аудан спортының дамуына ол да зор үлес қосып жүр. Сонымен қатар Ұзақ Шыңғыс пен Қанағат Қабыловтардың да ұлттық спортты дамыту жолындағы еңбегін атап өтпеске болмас, – дейді ол.
Тоғыз айдағы толымды табыс – тоғызқұмалаққа деген жанашырлық пен жүйелі жұмыстың жемісі. Қазалылық спортшылардың бұл қарқыны алдағы уақытта да тоқтамайды деген сенім зор. Ұлттық ойынның мерейін асырып, мәртебесін өсіретін жеңісті күндер көп болғай.
Арайлым ЖҮСІПОВА