Кісілік парасаттың биігінде

Өмірлік кредосына айналған ұғымның бірегейі көпшілдікті өскен ортасы, шыққан жерімен байланыстырады.
«Мен қарапайым жұмысшы шаңырағында дүние есігін ашыппын. Әкем теміржол саласына жұмыс істеді. Шешем сегіз баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Бауырларымның бірі өмірден ерте өтіп, отбасында бес бала, екі қыз тәрбиелендік», – дейді үйінің үлкені.
Отбасымның тұңғышын дәстүр жолымен атасы мен әжесі бауырына басады.
«Балам – балым, немерем – жаным» дейтін үлкендер оған бар мейірімін төгіп, тәрбиесін береді. Дәстүрге берік әжесі Тәуекел ана бетіне келмей, есімін де өмірінің соңына атамай өтіпті. Бұл туралы: «Ол кісі мені еркелетіп «Тепловоз» деп атайтын. Тепловоздың да өзіндік тарихы бар. Мен дүние есегін ашқан 1950 жылы Қазалыға бірінші тепловоз келіпті», – дейді жылы жымиып. «Қазақ ырым етпейді, ырым етесе, қырын кетпейді» деген. Қазіргі кезде ниет – ойға, ой – әркетке айналатыны туралы жантанушылар айтып жүр. Бірақ ол біздің халық үшін бейтаныс құбылыс емес-тін. Өмір көрген қариялар нәрестені жаңашыл құбылыс, өркениет өрісі болған теміржол көлігіндей жаңалыққа құштар, берік, бағыты айқын, қадамы нық болсын деген жақсылықты ниеттесе керек. Ізгілік қашан арнасын таппасын. Сол кішкентай сары балалары айтқандай, бірбеткей, сөзіне мен ісіне мығым болып қалыптасады.
Кемал Көпжасарды өзгелерден даралайтын тағы бір қасиеті – мірдің оғындай сөзі салмақты, болмысы жан-жақтылығы. Ешнәрсе де текке кетпейді. Бала Кемал ата-әжесінің тәрбиесінде бола жүріп, данагөй қариялардың шежірелі әңгіме, жыр-дастан, хиссаларына мейлінше қанығып өседі. Тіпті сөз саптауының өзі сол кезден қалыптасады.
Мектеп табалдырығын 1957 жылы аттаған бала алғашқы ұстаздарының өзін білуге ұмтылған ұмтылысымен тәнті етеді.
Бұрынғы №420, қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке қалай барғаны да көз алдында.
«Тұрмыстың әрі түзеле қоймаған шағы. Біз соғыстан кейін дүниеге келген буынбыз. Мектепке қолдан тігілген көйлек, дорба асынып бардық», – деп еске алады.
Бозбала болған 1968 жылы Шығыс Ресейдегі Чита деген жерде әскери борышын өтейді. Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып келген соң, 1972 жылы сыныптасы Нәбира екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ құрып, өмірге перзенттер алып келеді.
Алғашқы еңбек жолы ПМК-86 аталатын аудандағы беделді құрылыс мекемесінен басталды. 6-7 жылы бойы әртүрлі істе бағын сынап көрген ол жоғары білім алып, өзі қалаған салада 40 жылға жуық тынымсыз тер төгеді.
Қаржы саласының майталманы осынау уақыт аралығында темірдей тәртіп пен асқан қырағылықты меңгеріп қана қоймай, ізденіс, талпыныс, шеберлігін шыңдауға ұмтылады.
«Өмірде жетістікке жеткен де, қате кеткен тұстарым да жетерлік. Әрбірі маған өмірлік көзқарасты қалыптастыруға ықпалдасты», – дейді.
Сапырылысы көп салыс саласында тұрақты жұмыс істеп, абыройға бөлену кез-келгенге бұйырмайтын бақ.
Тоқсаныншы жылдардың басы. Елдегі жағдай тұрақсыз. Халық жаппай жабайы саудамен айналысып, күн көруге көшкен тұс. Осы кездеңде аудандағы қаржы бөлімі бюджет және мемлекеттік кірістер болып екіге бөлінеді. Кейін мемлекеттік кірістер бөлімін бөлек мекеме қылып өз алдына шығарады. Кемал Көпжасарды қаржы бөлімінде тексеруші-инспектор болып жүрген жерінен Базархан Ақжігітов деген азамат әлі құрылымы қалыптаспаған жаңа мекемеге бөлім басшысы қызметіне шақырды. Мемлекеттік кірістер басқармасының атауы салық инспекциясы болатын.
Есеп-қисапқа епті маман тәуекел етіп, өзіне атқарылған аманатты абыроймен атқаруға кіріседі.
«Егемендік алған елең-алаң тұста мемлекеттің жалпы жағдайы нашар еді. Мекемелер мен банктер тарап, бәрі банкротқа ұшырған. Олардың есепшоттарында қаражат жоқ. Жұмысшылардың еңбекақысы заттай беріледі. Мұндай жағдаймен салыққа да мардымды қаражат түспетін. Заңсыз сауда жасаушыларға біздің қызметкерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлікке тіркеп өз дәрежесінде қазынаға ақша түсуін қадағалады.
Бір мысал, егіншілер салыққа қаржы таппай, күзгі өнімді жинап, болып есептесетін», – дейді.
«Мен дұрыс дүние болса, үйренуге, бағалауға тынысатын адаммын. Аудандағы салық жүйесінің қалыптасуына күш салған әріптестерім Базархан Ақжігітов, Талайлы Бөріқұлақов, Фердоуси Қожабергеновтердің ісін әрдайым тілге тиек етіп отырамын. Қызметіне берілген жандардың табандылығы, еңбекқорлығы арқасында көш ілгеріледі. Көлеңкелі бизнестің жолы кесіліп, көпшілік салық төлеу мәдениетін меңгерді.
Олардың шекпенінен шыққан шәкірттерінің өзі абыройлы қызметімен алғысқа бөленіп жүр, Жалпы, ел Тәуелсіздігін нығайту және мемлекет бюджетінің қаржы қорын реттеуде қаржыгерлердің үлесі зор,» – дейді әңгімесінде.
Салық төлеу мәдениеті дегеннен шығады. Дамыған елдер қазынасы салықпен ілгерілейді. Біздегі бүгінгі беталыс қандай? Осы туралы сұрағымызды қойдық.
«Салық– бюджеттің негізгі қазынасы. Елдегі әрбір салынып жатқан инфрақұрылым, жаңа нысандар түсімнің осы түрі арқылы жүзеге асатынын әрбір адам білуі тиіс.
Кәсіпкерлікке кең өріс беріліп келе жатыр. Кәсіпкердің табыс мөлшерін өлшейтін құрылғы – бақылау кассасы көрсеткішімен салық төлеуші олар кварталдық есептерін береді. Өкініштісі, кейбірі табысын жасыру мақсатында оны пайдаланбайды. Мені осы қынжылтады, – дейді саналы ғұмырында қаржы саласындағы серпінді жобаларды жүзеге асыру, қаржылық нарықтың тұрақтылығын сақтау, экономикалық өсімді ынталандыру секілді міндеттерді шешуде біліктілігіңізбен табысты жетістіктерге қол жеткізген ардагер-қаржыгер.
Аға буынның алдыңғы сапында тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдағы келісімді нығайтуға қосқан үлесі де елеусіз қалмады.
Жауапты жолда жүріп Кемал Көпжасар өзінің сан қырлылығын танытып, ел дамуы мен ауызбіршілігінің ұйытқысы бола алды. Қаржыгерліктен бөлек оның атын көпке қоғамдық ісі жақындастыра түсті.
Кемал Көпжасарұлы қызығы мен қиындығы мол бірегей кәсіп журналистика саласына да өмірлік бай тәжірибсін қосып, қоғамда кездескен сан түрлі оқиғалар мен түйткілді түйіндердің тарқауын шығармашылығының өзегіне айналдырдырды. ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Қазалы» газетінің қоғамдық негіздегі тілшісі қаузаған актуалды мәселелердің көбі оң өзгеріс алып, шешімі табылғанын ойлы оқырман жақсы біледі. Есті естеліктері арқылы жас ұрпақ өткенмен танысып, құндылықты қастерлеуді меңгеруде. Қажетті уақытта айтылған ұтымды пікірлері көпке ой салды. Қуатты қаламы пен ізденісі арқылы шынайылық пен нақтылыққа бағынатын жүкті еңсеріп, азаматтық айбын, үлкендік ұлағатын ұғындырды.
Жас толқынға да ақылын айтып, жол нұсқап, жетістігіне қуанып, қолдау білдіруді дәстүрге айналдырған ардагер тілшіден сын есту редакция қызметкерлеріне үлкен мүмкіндікке баланды.
Бай өмірлік тәжірибесі мен еңбек дәстүрлерін жас ұрпақ бойыны сіңіріп келе жатқан қадірменді қария жақында кісілік парасаттың биігінде 75 жасқа толды. Осынау мерейлі мезетте деніне саулық, отбасына амандық, қаламына қуат, жүзіне шуақ тіледік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА