Жарты әлемге жайылған Жеңіс әні
Мамыр айының алғашқы күндерінен бастап әрбір үйдің теледидарынан орыс тілінде шырқалатын «Жеңіс күні» атты әнді тыңдауға құлақ үйренісіп кеткелі қашан?! Аға буынның бала күнгі тәтті естелігін ойға оралтатыны өз алдына бөлек әңгіме. Алайда 9 мамырдың таңы атқанда еліміздің түкпір-түкпірінде әуелейтін әннің қалай және қашан пайда болғанын біле бермейтініміз рас. Ендеше Жеңіс символына айналып кеткен әннің шығу тарихынан хабардар бола жүріңіз.
Жеңіс әніні» адамдарды үлкен тебіреніске бөлеуінің өзіндік себебі бар. Өйткені әннің сөзін жазған ақын Владимир Харитоновтың өзі де осы алапат соғысқа қатысқан жауынгер. Ал әннің композиторы, соғыс жылдарынан кейінгі ұрпақ өкілі Давид Токманов туындыны 1975 жылы Ұлы Отан соғысына отыз жыл толуына орай өмірге әкелген. Ақын мен сазгер терең мағыналы әнді Кеңес үкіметінің мерекелік күнге арнап ұйымдастырған конкурсына ұсынған. Нәтижесінде жеңімпаз атанып, ән тек ресейліктер үшін ғана емес, посткеңестік елдердің де Жеңіс күнінде шырқалатын «кереметіне» айналды.
Алайда ән бір мезетте көрермен қошеметіне бөлене жөнелді деу артық айтқандық болар. Себебі Давид Токмановтың әйелі, ақын, әнші Татьяна Сашконың орындауы композиторлар Кеңесі мүшелерінің сынына ұшырады. Олар әншінің дауысынан танго әні мен фокстрот элементтерін байқаған және туындыны орындаушы 35-те болғандықтан белгісіз себептермен жасы сәйкес келмейтінін айтқан. Бұған қарамастан 9 мамыр күні Леонид Сметанников есімді әнші «Көгілдір алау» бағдарламасында аталған әнді орындап, халықтың редакцияға жіберген толассыз хаттарының әсерінен жарты жылға жуық уақыт туынды еш жерде шырқалмады.
1975 жылы әнші Лев Лещенко телевизия әкімшілігінен айласын асырып, тікелей эфирде милиция күніне арналған концертте Жеңіс әнін өзіндік үлгіде айтты. Осы жағдайдан кейін көпшіліктің қызу талқылауымен Лев жеңіс күні туындыны «бис» жанрында қайта орындауға мәжбүр болды.
Жұлдызды сәттің шын мәнінде не екенін көрермен қошеметіне бөленген орындаушы осы күннен кейін анық ұғынды. Себебі сол жылдардан бастап ән Кеңес үкіметінің айналасындағы елдердің де биік сахналарында орындала бастаған еді.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ