Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Есімі елдің есінде

Есімі елдің есінде

Бірде бізге жолыққан аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәстен Айбосынов: «Өткенді ұмытуға болмайды. Мезгілінде қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп, өмірден өткен алдыңғы толқын – ағалар баршылық. Солардың ішінде Айғабыл Жақсыбаевтың орны бөлек. Ол туралы көпшілікке таныстыра кетсе артық болмас еді», – деді.
Полиция қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында қоғамдық ұйым басшысы тілге тиек еткен сол абзал азамат жайлы аз-кем сыр шерткенді жөн көрдік.
1935 жылдың 15 қазанында қазіргі Бекарыстан би ауылының жерінде кіндік қаны тамған Айғабылдың жасөспірім шағы қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Ауыл-аймақты Ұлы Отан соғысының зардабы жайлаған 1943 жылдары мектеп табалдырығынан аттады. Үлкендермен бірге тынымсыз тіршіліктің дәмін тата жүріп, білім шаңырағынан атестатын алып шықты.
Оныншы сыныпты бітірісімен 1954-1957 жылдары Отан алдындағы борышын өтеді. Әскер қатарында үш жыл болып, ерік-жігерін шыңдаған жас туған жерге оралғаннан кейін аудандық партия комитетінің жолдамасымен аудандық ішкі істер бөліміне қызметке алынды. Милиция қызметінің талабына бойұсынып, белгіленген мақсаттар дәрежесінен көрінуге күш салды. Күн сайын халықпен қойын-қолтық араласа атқарылатын ісінің жақсылығына қуанып, қиын тұстарына шыдамдылық танытты. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Талдықорған қаласындағы заңгерлер даярлайтын техникумды бітірді.
Іскерлік қабілеті арқылы милиция аға лейтенанты шенін алып, бірнеше марапаттаулар иемденген оны облыстағы басшылар 1965 жылдың басында ОБХСС бөлімшесіне басшылыққа тағайындайды. Мемлекет мүлкін талан-таражға салуға қарсы күресетін бұл ұжымның сол тұстары беделі мен мәртебесі биік еді. Олар сауда, құрылыс, ауыл шарауашылығы тағы басқа салалардағы экономикалық қылмыстарды ашуға ынты-шынтымен араласатын. Түрлі мамандық иелерінен құралған штатан тыс инспекторлар ұстауға да құқылы болатын.
Аса сауаттылықты, оперативтілікті, әрбір істі жан-жақты зерделеуді талап ететін бөлімшенің мойнына артылған ауыр міндетті талапқа сай өз деңгейінде атқару оңайға соқпады. Қайсар мінезді Айекең солардың бәріне темірдей төзімділік танытып, ел-мүддесіне қажыр-қайратын аямай жұмсады. Нәтижесінде жұмыс көрсеткіші аймақ бойынша жоғары орынға көтерілді. Адал еңбегі бағаланып, «ОБХСС үздігі» төсбелгісі және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.
Уақыт бір орында тұрмайды. 1971 жылы паспорт столының бастығы лауазымына ауыстырылды. Аудан тұрғындарын жеке төлқұжатпен қамтамасыз ететін мекеменің де жауапкершілік жүгі жетіп артылатын. Азаматтарды мекенжайына сәйкес есепке алу, шығару, үй кітапшасын беру, оған тұрғындардың отбасылық тізімін түсіру және басқа да шаруалар жедел істелетін. Оның үстіне әрбір төлқұжат берілген серия нөмерімен қатаң бақылауда тұрады. Және де әлсін-әлі тиісті орындар тексеру жүргізіп отырады.
Ісіне мұқият жан осында жүргенінде де облыстық департаменттегілер тарапынан мақтаулар алып, абырой-беделге бөленді. «КСРО милициясының үздігі» төсбелгісімен, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін иемденді.
Милиция капитаны Айғабыл Жақсыбаев бар-жоғы 44 жылдық өмірінің біраз бөлігін Қазалы аудандық ішкі істер бөліміндегі осындай өркенді істерге арнаған арда азамат. Айекеңнің ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы баянды тірліктері көзкөргендер мен кейінгі ізбасар інілердің жүрегінде мәңгілік сақтала береді.
Полиция саласының ардагері Беганыш Жақсыбаев:
– Мен жас кезімде Айекеңмен қызметте болдым. Ағамыз орнықты да қайсар кісі-тін. Мінезі осы жүйенің ағымына нақпа-нақ келетін. Біздерге кездесе қалса ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Жақсы ағаның есімі елдің есінен ешқашан шықпайды, – деген көңіл түбіндегі ыстық-ықыласын жеткізді.
Сахи ҚАПАР
22 маусым 2018 ж. 1 223 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930