Өшпейді мәңгі есімің
Жеңіс күні қарсаңында, 4-5 мамыр күндері соғыс және еңбек ардегерлері ағайынды Ықылас, Жылқыбай, Бақберген, Жайберген, Айберген, Тайберген Талқанбаевтарды еске алу шаралары өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, ел азаматтары, ардагерлер, Талқанбай Үркімбайұлының ұрпақтары және аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен Әйтеке би кентінде «Ағайынды Талқанбаевтар» көшесі ашылды. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев, тыл ардагері Үрпатша Ықыласқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов жылы лебізін айтып, игі іс ерліктің рухын асқақтататынын жеткізді.
Ал, аудандық оқушылар үйінде аудан әкімінің қатысуымен «Өшпесін мәңгі есімің» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітапты дайындау идеясы кіндік қаны тамған топырақты қастерлеуден, туған жердің тарландарын құрметтеуден туындаған. Шығармада қазыналы Қазалыда туып-өскен, ауыл-аймағына еңбегімен елеулі болған Талқанбай Үркімбайұлы, Ұлы Отан соғысына аттанған арыстай бес баласы, Бозкөл ауылының арғы-бергі тарихы, соғыс ардагерлері мен қарапайым еңбеккерлері жайлы сыр тарқатылады. Басылым аға буынның ерен еңбегін бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп көрсету мұратын көздейді. Талқанбай қарияның ұрпағы Нұрман Бақбергенұлының айтуынша, туындыны «Рухани жаңғыру» бағдарламасына, өлкетану тарихына қосылған үлес десек артық айтқандық емес.
Бұдан соң, режиссер Ақылбек Бөлебайдың сахналауында «Бозкөлдік боздақтар» атты спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Кейіпкерлерді Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары сомдады. Қойылымда олар өткен күннің жаңғырығын көрермен көз алдына елестетіп, жанарына жас үйірді. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шеберлікпен көрсете білді. Сондай-ақ, азаматтардың ерлігі туралы ғана емес, тылда, барлық ауылда «бәрі де соғыс үшін», «бәрі де жеңіс үшін» деп тынымсыз еңбек еткен жандардың төзімділігі мен тауқыметті тағдырын бейнеледі.
Қойылымды тамашалаған аудан әкімі әсерлі кеш көпшіліктің жанын тебіренткенін айтты.
– Биыл аға ұрпақтың ұлы ерлігін мәңгілікке есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі күн – Ұлы Жеңіске 73 жыл. Ел басына күн туған жылдардағы аға буынның туған елге деген патриоттық ықыласы келешек ұрпақ санасында жаңғырып тұрары даусыз. Майдандағы жауынгерлердің ерен ерліктері арқасында бүгінде бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешудеміз. Намыс пен ар сыналған шақта ауылдағы барлық ерлер соғысқа аттанды. Азаматын жоғалтпаған бірде-бір отбасы жоқ. Сондай тауқыметті тағдырды бастарынан өткерген Бозкөлден шыққан боздақтар туралы сахналық қойылымды бірге тамашаладық. Миллиондаған жасты қыршынынан қиған, соншама отбасына орны толмас қайғы-қасірет әкелген соғыс апатының сабағы ешқашан да ұмытылмауы тиіс. Майдангерлердің ерлік істерін мәңгі есте сақтап, оны ертеңгі ұрпаққа аманаттау – біздің міндетіміз. Бұл ретте ауданда бейбіт өмір, тыныш заман сыйлаған соғыс ардагерлерін ұлықтау мақсатында игі шаралар ұйымдастырылуда, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, 4 мамыр күні Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық стадионда соғыс және еңбек ардагерлері ағайынды Талқанбаевтарды еске алуға арналған кіші футболдан ашық турнир басталып, келесі күні қорытындыланды. Жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұдан бөлек, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне ас беріліп, рухына Құран бағышталды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА