Туған жерге тағзым
Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. Ол - ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Туып өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы - адал еңбек деп біледі.
Елжандылықтың тамыры – кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу. Елбасы мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді. Бұл орайда, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ұстаз – ғалымдардың еңбегі көңіл қуантады. Ал, олардың өзіміздің жерлесіміз болуы, қуанышымызды тіпті еселей түседі.
Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай «Білімді жетер мұратқа» тақырыбында мазмұнды кеш өтті. Онда осы білім ордасынан түлеп ұшып, бүгінгі таңда ғылым жолында жүрген жандар мектептің жоғары сынып оқушыларымен жүздесті.
Басқосу барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» ғылыми зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Клара Дәрмағамбетова мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Ветеринария» факультетінің «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Гүлнар Тұрғанбаеваның өмір жолдары оқушыларға жан-жақты таныстырылды. Өз кезегінде құрметті қонақтар да білім алған қарашаңырақ туралы ойларын айтып, жоғары жетістікке қол жеткізу үшін тынбай еңбектеніп, жақсы білім алу керектігін айтты.
Кездесу кешінде ардагер ұстаз Күнилә Әубәкірова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлан Қалиев, №94 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айзада Тасым, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұл сөз сөйлеп, тағылымды шараның мән- мазмұнына тоқталды. Ерінбей еңбек етсе, алынбайтын асу жоқ екендігін, оған бүгінгі кездесу кешінің қонақтары айқын дәлел бола алатынын тілге тиек етті.
Кешегі түлектерге бүгінде мектеп қабырғасынан қанат қаққалы тұрған шәкірттер көкейлеріндегі сауалдарын жолдаса, мектеп мұғалімі Думан Төкеш профессор Клара Хайроллақызының қолға алған ғылыми жетістігіне тоқталды.
«Туған жерге тағзым» акциясына атсалысуға келісімін беріп, бүгінгі кештің құрметті қонағы болған Клара Хайроллақызы мен Гүлнар Елдесбайқызына №94 мектеп директоры Алик Тлеумбетов шын жүректен шыққан алғысын білдіріп, білім мен ғылым жолындағы қызметтеріне табыстар тіледі.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ