Шалқардағы тағылымдық шара
Елдің қоғамдық өміріне соны серпіліс әкелген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға мемлекеттік мекемелер, мәдени, ғылыми ұйымдар, саяси партиялар мен қозғалыстар, шығармашылық одақтар белсене атсалысып, алуан түрлі терең мазмұнды шаралар жүйелі ұйымдастырылуда.
Осындай тағылымды істің бірін Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жақында ғана Шалқар аудандық тарихи өлкетану музейі мен Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ұжымы өзара ынтымақтаса отырып өткізді.
Онда алдымен Кіші жүздің Әлім тайпалары мекендеген өңірде шешендігі мен көсемдігі, ақылдылығымен есте қалған Шманның Мырзағұлының ескерткішінің түбінде мазмұнды әңгіме өрбіді. Оның ел бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы қызметі атап көрсетілді.
Сондай-ақ тұтас қазақ жерін Жоңғар, Қоқан басқыншылары мен Ресей патшалығы отаршыларынан қорғауда ерлікпен шайқасып, жаудың бетін қайтарған батыр бабалардың ерліктері, еларалық қарым-қатынастағы дипломатиялық шеберліктері туралы Шалқар ауданының құрметті азаматы, колледж директоры Елемес Жеткерген Данағұлының отбасындағы отырыста кеңінен қозғалды. Осы жерде атап өтетін жайт, қазіргі рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстарға шалқарлық аға буынның белсене қатысуы болды. Әсіресе Шалқар ауданының құрметті азаматы Қалмұқан Төлеуовтың тұшымды ойлары көңілден шықты. Ардагер ақсақал бүгінгі қоғамдағы өзгерістер мен жалпы дүниенің сырын білуге, ақиқатын ашуға асқан зерделілікпен, көкірек көзімен қарап, түсіну керектігіне кеңінен тоқталды. Ол дана бабамыз, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» шығармасынан нақты мысалдар келтірді.
Сабақты әңгіме батыр бабамыздың тікелей ұрпағы Жеңіс Қапанұлының шаңырағында жалғасты. Бұл жерде Ақтан батыр бабамыздың кереметтері жан-жақты айтылды. Шалқарлықтар Ақтан бабамыздың ерлігін дәріптеп, рухын асқақтату бағытында осы кезге дейін қазалылық ағайындардың атқарған игілікті істеріне ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да жалғасатынына сенім артты.
Келесі күні Сары Батақұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Асқақ рухты Ақайұлы Ақтан батыр» атты республикалық ғылыми-тағылымдық конференция болды. Оған Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Қазалы, Арал қалаларынан, Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы мен облыстық тарихи өлкетану музейлері мен барлық аудандарынан шақырылған қонақтар, аудандық мәслихат депутаттары, «Тарих – халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері, жас тарихшылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, білім, мәдениет саласының қызметкерлері, аудан ардагерлері мен әйелдер ұйымының өкілдері қатысты.
Мәдениет үйінің фойесінде көне тарихи жәдігерлер мен ел қорғаған батырлар өмірінен жазылған шығармалар орын алған көрме қойылды. «Құмында бабалардың ізі қалған» атты бөлімінде Ақтөбе облысындағы тарихи орындар туралы мәліметтер берілсе, Ж.Асанов пен Ә.Мұңайтпасұлының «Едіге батырдың ұрпақтары» циклы бойынша тарихи танымдық зерттеуі, З.Байдосұлының «Қаражігіт» романы, сондай-ақ Жылқаман батыр, Шекті Мөңке Тілеуұлы, аты ұранға айналған Бақтыбай батыр, Жарас мерген Пұсырманұлы, Ақайұлы Ақтан батыр жайлы деректі кітаптар таныстырылды.
Республикалық ғылыми тағылымдық конференцияны аудан әкімі Бауыржан Қаниев ашты. Қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты бүкіл еліміздегі сияқты Шалқар ауданында да бір жылдан бері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиынның ХVІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың 60 жылдарына дейін қазақ халқының тәуелсіздігі жолында аянбай күресіп, бар өмірін ат үстінде өткізген Кіші жүздің атақты, батырларының бірі, Хиуа Қоқан хандығының шапқыншылығына, орыс патшаларының отарлау саясатына қарсы күрескен атақты қолбасшы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының сенімді серігі, бас батыры, әулие, әрі данагөй Ақтан Ақайұлының өнегелі өмір жолы мен ерлігін насихаттауға арналып отырғандығын мәлім етіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Алқалы жиында «Рухани жаңғыру – мәдени даму жолы», «Ақтан келді қасыма, ақ күн туды басыма», «Ақтан батыр – ел қорғаны» атты тақырыпта Шалқар аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық информатизация академиясының академигі Асыл Смағұловалар мазмұнды баяндамалар жасады.
Бір атап өтерлігі басқосуға Шалқар қаласындағы орта мектептердің тарих пәнінің мұғалімдері қатыстырылып, осы кезге дейінгі Ақтан батыр туралы жарық көрген кітаптар негізінде қосымша баяндамаларын ұсынып, батыр баба өмірі мен ерлігін бүгінгі жас ұрпаққа насихаттап жатқан жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мырзан Кенжебай, батыр бабаның жиені Серік Қалабайұлы, Ақтан батырдың алтыншы ұрпағы Жеңіс Қапанұлы, Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану, ағайынды Жұбановтар музейінің, облыстық мәдениет, архив және құжаттама жұмыстары басқармасының қызметкерлері батыр баба жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияда Ақтан батырдың өмірі мен ерлігі туралы тұшымды деректерге, ұрпақтары мен бұрын белгісіздеу болып келген жәйттерге баба өмірін зерттеуші, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шамша Айтуғанов көптің назарын аударды. Батыр бабамыздың Ес, Айқасқа атты балаларынан тарағандардың бірқатары бүгінде Қызылорда қаласында өмір сүріп жатқанына, сондай-ақ батырдың туған, қайтыс болған жылдарында кейбір бір-біріне қайшы келетін тұстары бар екендігін сол кездегі тарихи оқиғалар желісімен салыстыра отырып, өз ойын білдірді. Бұл бағытта жан-жақты іздене түсудің қажеттігін еске салды. Осы орайда Ақтан батырдың шалқарлық ұрпақтары қазалылық әуесқой суретші Мейрімхан Пәрменов салған Ақтан бабамыздың бейнесін дұрыс көретінін де ескеруіміз қажет.
Сахна төріне шыққан аралдық сазгер, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Сыдықов «Ақтан» күйін тартса, шалқарлық мектеп оқушылары батыр бабаға арнаған өлеңдерін оқып, күйін орындады.
Шалқар аудандық тарихи өлкетану музейі мен Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің арасында алдағы уақытта да өзара ынтымақтастық, тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруды көздейтін мемориандумға қол қойылды. Сондай-ақ осы шараны мазмұнды ұйымдастыруға белсене қатысқандарға Шалқар ауданы әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Олардың қатарында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, баба өмірін зерттеуші Шамша Айтуғанов, Шалқар ауданының құрметті азаматы Аманғали Төлебаев, батырдың алтыншы ұрпағы Жеңіс Миымов, Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова және шараны ұйымдастыруға атсалысқан шалқарлық біртоп азаматтар болды.
«Асқақ рухты Ақайұлы Ақтан батыр» атты республикалық конференцияға қатысушылар әруақты бабаға арналған ас дастарқаны басына жайғасқаннан кейін, Ақтан бабамыздың туған жері – Қазалы ауданынан келген ұрпақтары атынан Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардагер ұстаз Серік Қуанышбай сөз сөйледі. Тәуелсіздік алғалы бері Қазалы ауданында бұрын әр түрлі себептермен аттары аталмай келген, батыр бабаларымыз, данагөй шешендеріміз, әділ билеріміз Әйтеке би мен Жанқожа, Ақтан батырларға, Қарасақал Ерімбет пен Мүсірәлі қожа, Бекарыстан би мен Басықара батырларды ұлықтау өткізілгендігіне тоқталып, шалқарлық ағайындарға игілікті жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
Ас барысында баба рухына құран бағышталды.
Бұдан соң Шалқар қаласындағы Ақтан батыр көшесіне жас шыбықтар отырғызу рәсімі, №8 орта мектепте аудандық тарихи өлкетану музейі жанындағы «Тарих – халық зердесі» атты ғылыми кеңесінің отырысы өтіп, қатысушылар аудандық өлкетану музейіндегі Шалқар өңірінің өткені мен бүгінінен мол мағлұмат беретін экспонаттарды көріп, тамашалады.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Серік ҚУАНЫШБАЙ,
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
Қазалы – Шалқар – Қазалы