Ұлы даланың рухани мұрасы
Қазалы қалалық мәдениет үйінде «Ұлы даланың рухани мұрасы» атты жылжымалы көрменің жабылу салтанаты өткізілді.
Бұған дейін газетімізде осы жылғы 11 сәуір күні Ақтөбе қаласында «Шығыстың жарық жұлдызы» атты жылжымалы көрменің ашылуы ұйымдастырылып, Ақтөбе қаласындағы Өнер музейінде Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі туралы келушілерге насихатталып жатқандығы туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, Шығыстың шынары атанған Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін насихаттайтын және Ақтөбелік қылқалам шеберлерінің туындыларынан жинақталған «Ұлы даланың рухани мұрасы» атты жылжымалы көрме Қазалы қалалық мәдениет үйінің фоесіне орналастырылып, мектеп оқушылары мен қала тұрғындарына, колледж студенттеріне таныстырылды.
Жылжымалы көрменің жабылу сәтіне Ақтөбе облыстық Ә.Молдағұлованың мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы Айсұлу Төрәлиева, Ақтөбе облыстық өнер музейінің экскурсоводы Нұрбол Есенжолов, қала тұрғындары мен мектеп оқушылары, студенттер, музейнің жанынан ашылған «Өнеге» бірлестігінің мүшелері қатысты. Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі директоры Роза Асанова көрмені көріп, тамашалауға атсалысқандарға алғысын білдіріп, осындай тәрбиелік мәні зор тағылымдық шаралардың жалғасын табатындығын атады. Сонымен бірге, көрменің өз дәрежесінде өтуіне үлес қосқан ұжымдарды марапаттады.
Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының «Алғыс хаты» мен Ақтөбе қаласының тарихы баяндалған альбом және Ұлы Отан соғысы батырлары құрметіне түсірілген «Естелік кітап» фильмі Ғ.Мұратбаев музейіне сыйға берілді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА