«Сыр ескерткіштері» кітабы таныстырылды
Аудандық орталық кітапханада 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Б.Ахметбектің «Сыр ескерткіштері» кітабының таныстырылымы өтті.
Оқырман назарына ұсынылған Бақытжан Ахметбектің «Сыр ескерткіштері» кітабына ежелгі Сыр өңірінің қасиетті киелі орындары, осы өлкеден шыққан топ бастаған отауызды, орақ тілді айтулы би-шешендер, қол бастаған батырлар мен дүлдүл ақын-жыраулар, әулие-әнбиелер, тарихи ескерткіштер мен кесенелер жайлы ғылыми-зерттеу мақалалары топтастырылған. Түркі әлеміндегі ірі тұлға Қорқыт Ата жайлы зерттеулері тың әрі қызықты.
Шараға білім беру ісінің үздігі Қ.Бекетов, кітапхананың тұрақты оқырманы М.Әбубәкіров, аудандық зағиптар қоғамының төрағасы Қ.Әлімжан, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Қ.Рахманбергенова, №70 Жанқожа батыр атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы, Б.Түменбаев, «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестіруші маманы А.Дәрібаев, Ғ.Мұратбаев тарихи мемориалдық музейінің зал қараушысы Т.Сабырбай, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Қ.Ерболатов, аудандық мұрағат коммуналдық мемлекеттік мекемесінің архивистері Г.Әбенова, А.Орақбай, «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының бөлім басшысы Аманкелді Шыңғысхан қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ, көпшілікке «Ескерткіштер – ел тарихы» атты кітап көрмесі таныстырылып, Қазалы аграрлы-техникалық колледж студенттері жыр-шумақтарын оқыды.
Кешті қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директоры И.Назарова «Қазақ елінің ұлы рухын көтеру үшін оның тарихын білу парыз. Сыр өңірінің табиғаты қандай бай болса, оның тарихы да соншалықты бай. Сыр елінің бойы тұнған сыр. Осынау сырға толы өлкені өскелең ұрпаққа таныстыру, таныту біздің борышымыз»,–деп кешке қатысқан барша оқырманға алғысын білдірді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА