Ойдың тердім маржанын
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында №3 кітапхана мен Қызмет көрсету және сервиз колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен ХХ ғасырдағы белгілі қазақ ақындарының бірі – айтулы шайыр ұстаз, ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтің туылғанына 135 жыл толуына орай «Ойдың тердім маржанын» атты жыр кеші өтті. Оған студенттер, оқушылар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шараның мақсаты – жастарды Сыр өңірінің сүлейлерінің бірі, дүлдүл ақын, сөз зергері Тұрмағанбет Ізтілеуовтің ақындық мұрасымен таныстыру, поэзиясының өзіндік ерекшелігін айқындау. Тарихи тұлғаларды танып білуге, ақыл-ойларын, ізденімпаздылық қабілеттерін дамыту болып табылды.
Сыр бойы ежелден-ақ, орақ ауыз, от тілді шешендер мен көсем қарияларға, жез таңдай әншілер мен айдарынан жел ескен ақын-шайырларға, жыршы-жырауларға, сал-серілерге кем болмаған. Солардың бірі – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан, суырып салма ақындығымен, ерекше талантымен «Сыр сүлейі» атанған Тұрмағанбет Ізтілеуов.
Кеш Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды. Мұнан кейін Қызмет көрсету және сервиз колледжінің тарих пәнінің оқытушылары Фарида Нұрымбетова, Нұргүл Кірқабақова Т.Ізтілеуовтің зерттеулері және Сыр елінің тарихи мәдени мұраларының құндылықтары жайлы әңгімелеп берді. Ал, студенттер М.Сұлтанбек, М.Отарбаев, Ұ.Әбен, С.Қуатбек, Н.Әбдінәбиев Т.Ізтілеуовтің «Қамын ойла халқыңның», «Артқы өмір», «Шырын тіл», «Адамдық іс» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шара соңы «Дария жырдың дүлдүлі» атты кітап көрмесіне ұласты.
http://syrboyi.kz
А.