Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қала, кент және ауылдық округтерде 9 айдың қорытындысы бойынша халықпен кездесулері басталды.
Аудан басшысының алғашқы кездесуі Жалаңтөс батыр ауылында өтті. Кездесуде Мұхтар Әуесұлы ең алдымен Қызылорда қаласында өткен «Алтын дән – 2022» салтанатты шарасында қасиетті Қазалы үшінші рет қатарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша үздік атанғанын жеткізді.
Мұнан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, барлық салада оң тенденция қалыптасып отырғанын айтты. Сондай-ақ, жақын күндері ауылға көгілдір отын тарту жұмыстары толық аяқталатынын жеткізді.
Елді мекенді газдандыру мәселесіне қатысты тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев, «Қаз Транс Газ Аймақ» АҚ Әйтеке би газ шаруашылығының директоры Қуаныш Сансызбаев, «Ремстрой» ЖШС-ның учаске бастығы Тұрмағамбет Бекмұратов жауап берді.
Басқосуда «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Қасқырбай Әлімбай, ауыл тұрғындары Сайын Дәуіт пен Ғалым Алманиязов сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерді көтерді.
Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге байланысты тиісті сала басшылары нақты жауап берді.
Халықпен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуәли Рахметов, Ерболат Мұқашов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қарашеңгел ауылдық округіне сапары кезінде Жалаңтөс батыр ауылынан қазылған скважинаға арнайы барды.