Елді сүю үшін ерлік жасау міндетті емес
Суретшілік – уақытпен бірге түрленген мамандық. Олардың бүгінгі шығармашылық бағыты әлдеқайда көлемді. Көбіміз көрікті, мағыналы дүниені көзбен көріп, көңілмен сезінгенімізбен, авторлары туралы жіті біле бермейміз. Аймақ, ауданның әлеуеметтік нысандарының қабырғалық кескіндемелермен безендіруге атсалысып, жүрген талантты жас суретші, дизайнер, ұстаз Рахымжан Талиев Әйтеке би кентінде тұрады. Қылқаламды кәсіп қана емес, туған жерді танытудың тіліне айналдырған жанды сөзге тарттық.
– Алдымен алғаш қолыңызға қылқалам алдырып, соған деген құштарлықты оятқан қадамдар туралы білсек...
– Мен Бекарыстан би ауылының тумасымын. Сурет салуға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүрген кезімнен бастау алды. Кішкентайымнан қағазға түрлі дүниелерді бейнелеуге әуес болдым. Уақыт өте келе бұл жай қызығушылық емес, өзіме жақын екенін түсіндім.
Сол себепті жоғары оқу орнында осы бағытта білім алдым. Сурет өнерін тек әуесқойлық деңгейде қалдырмай, кәсіби тұрғыда меңгеруге тырысып, магистратураны да тәмамдадым. Қазір №266 мектеп-лицейде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін.
Шығармышылық ізденесімізді тоқтатпаймын. Қосымша түрлі ғимараттарға муралдар саламын.
– Мурал жанры жайлы айтып кетсеңіз...
– Бүгінде бейнелеу өнері дәстүрлі кенеп пен қағаз аясынан шығып, жаңашылдықпен қайнасып келеді. Бұрын мекемелерге дайын картиналар мен фотосуреттер ілу арқылы көрік берілсе, қазір қабырғаларды тұтас көркем кеңістікке айналдыру үрдісі кеңінен таралып отыр. Өнердің бұл бағыты «мурал өнері» аталады.
Мурал – белгілі бір кеңістіктің болмысын айқындап, оның мазмұнын көркем бейнелер арқылы жеткізетін өнер туындысы, өнерді қоғамдық өмірмен байланыстыратын заманауи бағыт. Ерекшелігі, көпшілікке қолжетімділігінде. Адамдардың көркем галереяға арнайы баруын қажет етпейтін бұл өнер түрі мектеп дәлізі, теміржол вокзалы, мәдениет үйі немесе басқа да қоғамдық орындарда адамдармен күн сайын жүздеседі. Әсіресе білім беру мекемелерінде оның тәрбиелік, танымдық маңызы зор.
Муралды адамдар күн сайын көреді. Сондықтан онда бейнеленетін дүниенің мазмұны, композициясы, түстеріне ғана емес, қоғамға беретін идеясына да мән беру керек.
– Суретшілік пен ұстаздықтың табиғаты бөлек. Шығармашылық адамдарына жайлылық, еркіндік, жеке кеңістік маңызды. Мұғалімдік мамандық күн сайынғы жауапкершілік, тәртіпті және балалармен үздіксіз қарым-қатынасты талап етеді. Екі бағыт бір-біріне кедергі келтірмей ме?
– Рас айтасыз. Әркімнің таңдауы әртүрлі. Суретші болмай-ақ, жақсы ұстаз болғандар, керісінше бірде-бір адамды шәкірт етпей, әлемге әйгілі қылқалам шебері болғандар бар. Екеуі екі сала дегенмен, менің мамандығым жастарды шығармашылық арқылы тәрбиелеуге бағытталған. Екеуін бір-бірінен бөлек дүние деп қарамаймын. Керісінше, сабақтасып, толқытырып отырады. Өзім ізденген сайын оқушыға берерім көбейеді. Ал балалармен жұмыс істеген кезде олардың ойлау жүйесі, қиялынан жаңа нәрсе үйренемін.
Сурет өнерінде ең маңыздысы – баланың қолына қылқалам ұстату ғана емес, оның айналасына басқаша көзбен қарауына мүмкіндік беру. Бір қарағанда қарапайым көрінетін ғимараттан, көшеден, табиғаттан немесе тарихи нысаннан өзіндік ерекшелікті байқай білуі керек. Мен сабақ барысында осыны қалыптастыруға тырысамын.
– Суретшілік өнеріңіз педагог ретіндегі жұмысыңызға қандай жаңалық әкелді?
– Бүгінгі білім беру кеңістігі мұғалімнен тек өз пәнін жетік білуді ғана емес, жан-жақты ізденісті, шығармашылық еркіндік және уақыт талабына бейімделе білуді қажетсінеді. Сондықтан ұстаз үшін жаңышылдыққа ілесу – таңдау емес, қажеттілік. Ізденіске бейжай қараған маман өзгермелі білім кеңістігінде кейін қалуы мүмкін. Ал жаңалыққа ашық, үйренуге ұмтылатын мұғалім ғана, шәкіртінің де мүмкіндігін кеңейтеді. Білімнің басты ерекшелігі – өзгеріске дайын болу.
Бұған дейін бірнеше шығармашыл ізденісті жұмыстар дайындаған болатынмын. Соның бірі «Бейнелеу өнері сабағында Шығыс натюрморт жанрына оқушылардың қызығушылығын тудыру» аталатын әдістемелік нұсқау құралым. Жақында «Қазалы сырлары» атты бояу кітабын дайындадық.
– Боямақ құралдардың бала қызғушылығы мен дамуына әсері жоғары. Бізге қызығы, «Қазалы сырларындағы» жұмысты патриоттық қадаммен астастыру идеясы сізге қалай келді?
– Өзім айтып кеткен сурет өнеріне оқушылардың қызығушылығын арттыру бағытындағы мұғалімдерге арналған еңбегімді көрген ата-аналар: «Балаларға сурет салып үйрететін осындай кітаптарыңыз жоқ па?» деген ұсыныс айтты. Сұраныс мені ойландырды.
Ұзамай туған жерін сурет арқылы танытатын кітап жасау идеясы пайда болды. Осылайша «Қазалы сырлары» дүниеге келді.
– Патриоттық тәрбие дегенде ойымызға Отан, мемлекеттік рәміздер, тарих, ел қорғаған батырлар келеді. Алайда бала бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілік кейде қарапайым ғана қадамдардан қалыптасатынына куә болып отырмыз...
– Білесіз бе, Отанды сүю үшін үлкен ерлік жасау, мол материалдық мүмкіндікке ие болуды күтудің қажет жоқ. Үлкен асулар кішкентай қадамдардан басталады. Әр адам өз ісін сүйсе, мүмкіндігін ортақ мүддеге тоғыстырса, ел дамиды, тұрмыс түзеледі. Сондай-ақ патриот болуды тек санаулы тұлғаларға тән ұғым деп шектеуге болмайды. «Қазалы сырлары» маған осыны ұғындырды.
Оқушы өз жастарына лайықталған боямақ арқылы да жақсы әсерге бөлене алады. Боямақта Қазалының көне дәуірі, орта ғасырлардағы тарихы, маңызды ескерткіштері, жаңа заман кезеңі, соғыс жылдарының естеліктері қамтылған. Сонымен қатар руханият, өнер, тарихи тұлғалар, өлкенің тұрмысы мен мәдени мұрасы, бүгінгі Қазалының сәулеті, рәміздері мен заманауи орталықтары да бейнеленді. Бала олардың әрқайсысын бояй отырып, «Қазалы, мен туған өлке қандай жер?», «Ол қайда орналасқан?», «Неліктен маңызды?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды. Бұл жерде бояудың өзі – жай ғана шығармашылық әрекет емес, танымға бастайтын алғашқы қадам. Оқушы Қазалының тек өткенін емес, бүгінгі келбетін де көре алады.
Жеткіншек өзі бояған нысанды кейін көрген кезде бұрынғыдан өзгеше қабылдауы мүмкін. Суретті сырттай бақылап қана қоймай, оған өз еңбегін қосуы арқылы туған өлке баланың санасында абстрактілі ұғым емес, көзбен көрген, қолымен бояған, жүрегіне жақын бейнеге айналады. Дайын суретке сырттай қарап қана қоймай, оған өзі қатысады.
Сондықтан патриоттық тәрбиені «Отанды сүй» деген құрғақ ұранмен ғана шектеудің қажеті жоқ. Тіпті санама боямақ арқылы патриоттық тәрбиені жеке ұғым ретінде ашуға болатын түсінік ұялады. Менің мақсатым – академиялық еңбек жазу емес, балаға туған жерін қызықты әрі түсінікті жолмен таныстыру.
Боямақ – бала қиялын ұштап, зейінін тұрақтандырып, қоршаған ортаны танып-білуіне мүмкіндік беретін қарапайым әрі тиімді шығармашылық құрал. Бала суретті бояу барысында түстерді ажыратып, пішін мен кеңістікті тануға, ұсақ бөлшектерге мән беруге үйренеді. Шығармашылық еркіндігі қалыптасады.
Тағы бір маңызды қыры – танымдық мүмкіндігі. Егер балаға туған жердің табиғаты, тарихи ескерткіштері, белгілі тұлғалары немесе ұлттық құндылықтары бейнеленген суреттер ұсынылса, бояу процесі таным процесімен ұштасады. Ол нысанға қызығып, оның тарихын сұрайды, қай жерде орналасқанын білгісі келеді. Осылайша ақпаратты дайын күйінде қабылдамай, оны шығармашылық әрекет арқылы меңгереді.
Ал туған жердің даңқты перзенттері бейнесін бояу тарихқа деген қызығушылығын арттыруы мүмкін. Белгілі бір тұлғаның портретін бояп отырып, оның кім болғанын, елге қандай еңбек сіңіргенін білуге ұмтылады.
Мен үшін кітаптың ең маңызды тұсы да осында.
– «Қазалы сырлары» 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған екен. Неліктен дәл осы жас ерекшелігі таңдалды?
– 12-16 жас – баланың қоршаған ортаға, тарихқа, туған жерге саналы түрде қызығушылық таныта бастайтын кезеңі. Бұл жаста олар ақпаратты қабылдаумен бірге, оны саралап, өзіндік пікір қалыптастырады.
Сондықтан сурет пен танымдық мазмұнды қатар ұсынуды жөн көрдім. Бала бояп отырып ойланады, ізденеді, сұрақ қояды. Осы арқылы кітаптың тәрбиелік және білімдік мәні артады.
Туған жердің тарихына тереңірек үңілген сайын оның қаншалықты бай екенін сезіне түсесің. Біз күнделікті көріп жүрген кейбір ғимараттар мен тарихи орындардың артында үлкен тарих жатыр.
Суретші ретінде мен сол дүниелерге визуалды тұрғыдан қарадым. Бір нысанды қағазға түсіру үшін оның пішінін ғана емес, ерекшелігі, тарихы, қоғамдағы орнын түсіну керек. Осы жұмыс барысында Қазалыға деген көзқарасымның өзі тереңдей түсті.
Кітапты мектеп, балабақшаларда қосымша танымдық құрал ретінде пайдалануға болады деп ойлаймын. Әсіресе көркем еңбек, өлкетану бағытындағы жұмыстарға жақсы материал болар еді.
Сонымен қатар түрлі балалар байқауларында, шығармашылық сайыстарда жүлде ретінде ұсынуға, ауданға келген қонақтарға сувенирлік басылым ретінде беруге болады.
Қазіргі таңда кітаптың алғашқы тиражы дайындалды. Алдағы уақытта қолдау болып, сұраныс артса, тиражын көбейтіп, кітапты аудан балаларына кеңірек жеткізсем деген мақсатым бар.
Сондықтан «Қазалы сырлары» мен үшін жай ғана кітап емес. Бұл – туған жерге деген құрметімді өнер арқылы білдірудің бір жолы.
– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
– Мақсатты жұмыстар көп. Балаларға арналған шығармашылық және өлкетану бағытындағы еңбектерді жалғастырғым келеді. Сурет өнерін оқытуға арналған жаңа материалдар дайындаудау үстіндемін. Қазалының тарихи және мәдени орындарын көркем тілмен танытатын жобалар жасау да жоспарда бар.
Өнердің мүмкіндігі шексіз. Ең бастысы – оны өзің үшін ғана емес, қоғамға, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиетін бағытта пайдалану. Осы үдеден көрінуге әрқашан күш жұмылдырамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














