Ғұмырын адал еңбекке арнаған
«Еңбек ер атандырады» дейді халық даналығы. Адамның ғұмырындағы ең үлкен абыройы – артында қалдырған ізі, елінің жүрегіне ұялаған жақсы аты, ұрпағына аманат еткен өнегесі. Өмірін адал еңбекпен өрнектеп, адамдық қасиетті бәрінен биік қойған жанның бірі – Бердібек Сармантаев.Бердібек Оразалыұлы еңбекті күнкөрістің көзі ғана емес, азаматтық болмыстың өлшемі, адамдықтың айнасына айналдырған жан. Ол адалдықты ту етіп, маңдай термен келген абыройды бәрінен жоғары бағалады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, темір жол саласының дамуына үлес қосқан қажыры – табандылық пен төзімнің, кәсібіне деген сүйіспеншілік пен сертке беріктіктің үлгісі.
«Еңбекті сүйдім. Адал болу – азаматтың ең үлкен қасиеті», – деген сөзі бүкіл өмірлік ұстанымын айқындайтындай. Бұл өткен күнге есеп берген жанның жүрекжарды пікірі ғана емес, кейінгі буынға қалдырған өмірлік өсиетіндей. Өйткені адал еңбекпен келген абыройдың бағасы бөлек, маңдай термен жеткен жетістіктің ғұмыры ұзақ.
Еңбек адамды шыңдайды, мінезін қалыптастырады, өмірге деген көзқарасын айқындайды. Бердібек Оразалыұлы кейінгіге байлық пен мансапты емес, адамдық пен адалдықты мұрат етуді өсиет қылды.
1955 жылы 12 желтоқсанда Қазалы ауданында дүниеге келді. Кеңес Одағы тұсында қоғам, отбасында жас ұрпақты білімге баулып, тек қана адал еңбек етуге тәрбиелеудің маңызы зор еді. Осы бір өмірлік қағидатты жастайынан бойына сіңірген Бердібек туған еліне өз пайдасын тигізуді басты мақсат етті.
1971 жылы 10 жылдық білімді ойдағыдай аяқтап шығып, осындағы темір жол мекемесіне қарасты машинист көмекшісін даярлайтын 6 айлық курсты оқып бітіреді. Бұл оның болашақтағы үлкен мамандыққа жасаған алғашқы нық қадамы еді.
Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында 1973 жылы қазіргі Беларусь Республикасында 2 жылдық азаматтық әскери борышын абыроймен атқарып оралды. Елге келген соң Қазалы локомотив депосына жұмысқа қабылданып, алғашқы еңбек жолы басталады.
Темір тәртіпті талап ететін бағыттағы жұмыстың оңай емесі белгілі. Күндіз-түні тынымсыз қозғалыста болатын мамандық жауапкершілік, табандылықты талап етеді. Осы салаға табан аудармай 42 ғұмыр жылын арнаған Бердібек аға өз мамандығының нағыз жанашыры болды. Ісіне деген шексіз жауапкершілігі, кәсібилігінің арқасында еңбек жолын қарапайым слесарьдан бастап, мастер, аға мастер, ремонт жөніндегі орынбасары және техникалық бақылау бөлімінің бастығы қызметіне дейінгі өсу сатыларынан өтті.
Осы жылдар ішінде темір жол саласындағы кәсіби білімі, еңбекке деген адалдығы, кісілік келбетімен дараланды. Өз мамандығы бойынша білімін әрдайым жетілдіріп отыруды мақсат еткен ол темір жол саласы бойынша Көлік, коммуникация және жаңа технологиялар институтын сырттай бітіріп, жоғары білім алды. Адал еңбегінің жемісін көріп, 2018 жылы Қазалы локомотив депосынан құрметті зейнеткерлікке шықты. Еңбегі ел алғысына бөленіп, абырой биігінен көрінді.
Бердібек Оразалыұлын әріптестері қоғамдағы әрбір ісімен үлгі бола білген сабырлы, салмақты, үлкенге сыйлы, кішіге қамқор, бірсөзділігімен еске алады. «Қай жерде жүрсеңдер де сенімге селкеу түсірмей, өздеріңе де, елге де пайдалы азамат болуға ұмтылыңдар», – деп жастарға өсиет айтып, әрдайым ізгілік пен әділдікті ту етті.
Салған сара жолы, өнегелі ісі жас буынға үлкен мектеп болды. Әке ізін басып, баласы Ғалымжан да темір жол саласында жоғары білімді маман атанып, абыройлы қызмет атқарып келеді.
Бердібек ағамыз ел игілігі жолында аянбай қызмет ете жүріп, отбасын да назардан тыс қалдырған жоқ. Жұбайы Сұлу екеуі құрған өнегелі отбасы – бүгінгі қоғам үшін үлкен үлгі. Шаңырақтың берекесі мен татулығын сақтай отырып, Ғалымжан, Дархан, Айнұр, Айгерім сынды балаларды тәрбиелеп өсірді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұл-қыздары бүгінде жоғары білімді алып, әр саланың биігінен көрініп жүр. Өмірлік серігі қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып, ұрпақтарына ақылшы ана, абзал әже болып отыр.
Бердібек ағамыз 2025 жылы 2 қараша күні дүниеден өтті.
Сағыныш тек кеткен адамды аңсау сезімі емес, бірге өткен уақыт, оның жанында қандай адам болғанымыз, айтылмай қалған сөздер мен орындалмай қалған армандар, ешқашан қайталанбайтын сәттерге деген құрметтің белгісі екен.
Адам мәңгі жасамайды, бірақ оның соңында қалдырған өнегелі ісі мен жарқын ізі ешқашан өлмейді.
Алмас САРМАНТАЕВ














