Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туындылары тартымды талант

Туындылары тартымды талант

«Ұмытпасам 4-ші сыныпта оқимын. Сынып жетекшім Ыбырай Алтынсариннің суретін плакатқа бейнелеп келуді тапсырды. Барымды салдым. Жауапкершілік жүгінің ауырлығын сол сәтте сезгендеймін. Ертеңіне ұстазым Рахымжанның салған суреті деп тақтаның төбесіне іліп қойды. Сурет аса бір ұқсап тұрмаған еді. Өзімнің көңілімнен шықпады. Алайда апайымның сол іс-әрекетін есейе келе түсінгендеймін. Менің «бетім қайтып қалмасын» десе керек», – деп әңгімесін бастады бүгінгі кейіпкеріміз Рахымжан Талиев.
Ол Бекарыстан би ауылының тумасы. Ес біліп, қолы қалам ұстауға келгеннен-ақ ақ парақты шимайлап, сурет салуды серік еткен. Рахымжанға өнер алыстан келген жоқ. Нағашы атасы ауыл-аймаққа атағы белгілі ұста кісі болса, өз әкесінің де он саусағынан өнер тамған. Ауылдың афишалары әкесінің қолынан өтетін. Үйге қажетті барлық дүниені өзі жасаған. Түрлі бояулармен салған суреттері әлі де сақтаулы.
Кішкентайынан қылқаламның құдіретін көріп өскен Рахымжанның да осы салаға бүйрегі бұрып тұратын. Бойында бар талантын ұштап, қолы қалт етсе, сурет салуға отыра қалады. Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Бейнелеу өнері және» сызу мамандығында оқыды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін талант білімін одан әрі жетілдіруді мақсат етіп, Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінен магистратура бітірді. Қазір Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде оқытушылық қызметте. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, білікті мамандар даярлауға үлес қосып жүр.

– Есейген адам жаңа дүниені екі жолмен бірдеңені үйренеді. Алғашқысы, қызығушылық пен амал жоқтықтан болса, екіншісі, айтылған жолмен игеретіндер. Себебі белгілі, жұмысқа тұру керек. Ақша тауып, бала-шаға асырау. Абай атамыз:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – дейді. Кез келген іске мектеп қабырғасында іргетас қаланады. Кәсіби бағдар деген осы болуы керек. 5-6 сыныпта жүргенде мектепте мұғалімдердің айтқанымен түрлі, қабырғалық газеттер, сабаққа көрнекілік жасап көмектесетінмін. Еңбегімді мақтап, көпшілік алдына шығарып, мақтау қағаздарын беретін. Сол кезде одан әрі қанаттанып, алға ұмтылатынмын, – дейді Рахымжан Мақсұтұлы.
Бойыңда қанша талант болғанымен, оны жетілдіріп отырмасаң, нәтиже аз болады деген суретші өзінің көп еңбектенетіндігін, түнімен көз ілмей, ойындағы дүниені шығаруға білек сыбана кірісетінін жасырмады. Ойына оралған дүниені жылдам қағаз бетіне түсіруге асығатын Рахымжанға әсіресе, тарихи туындылар ерекше шабыт сыйлайды.

– Бүгінге дейін отызға жуық картина жаздым. Оның ішінде «Күй сарыны», «Көктем», «Қазақ халқының тарихынан абстрактілі нобайлар» деген шығармаларымды ерекшелеп айтар едім. Тарихи туындылардан туындаған «Сәндік суреттер», «Қорқыт» атты бейнелерім де көңілімнен шығады. Суреттің шынайы шығуы үшін сол тақырыпта терең білімді болуыңыз маңызды. Қазіргі таңда көбіне заман талабына, сұранысқа сай сурет саламын, – деген Рахымжан өнері арқылы табыс табуды аса құп көрмейді. Дегенмен тапсырыс түссе, неге өнерді бағаламасқа деген ойда.

Бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған кейіпкеріміз спортпен де айналысады. Үстел теннисі, баскетбол, футбол жанына жақын. Жаз шықса, қармақ құрып, балық аулауға, табиғаттың аясына шыққанды ұнатады. Көктем шығысымен бақша егіп, үйдің алдына гүл отырғызуды әдетке айналдырған.


– Суретші болу үшін, ішкі бір бұрышыңда үнемі қозғаушы күш, ой болуы керек. Сен басқалар көрген дүниені басқаша көзбен көресің. Бұл қиялға жататын шығар бәлкім. Дегенмен сол өзгеше ойлардан құрастырылып, бір картина шығады. Бейнелеу өнеріне білім, ұшқыр ой керек. Бір бейне арқылы әлемді ойландырған картиналар болды. Осы ретте конкурстар, шеберлік сынып жарыстары, көрмелерге қатыстыру, арнайы картина қоятын орындарға апару шаралары қолға алынса екен. Мен айтып отырған орындар бар болғанымен, оны жандандырып, дамытса нұр үстіне нұр болар еді.
Педагогика саласында жүрген соң, айта кетейін. Қазіргі білім беру жүйесінде «Бейнелеу өнері» пәні жүрмейді, көркем еңбек деген пән бар және өте аз сағатта. Техникалық саланы дамытуды қолға алып отыр. Біз бастауыш сыныптарына эстетикалық тәрбиенің мол берілуін үнемі жолға қойып отыруымыз керек. Жастайынан өнерге, білімге бағытталған оқушыдан нашар тұлға шықпасы анық, – дейді Рахымжан Талиев.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
01 наурыз 2022 ж. 517 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031