Ұлылықтың басында ұстаз тұрар
Ауданда 37 мектеп бар. Жалпы білім беру ұйымдарында 2500-ден астам ұстаз қызмет етіп келеді. Мұғалімдердің берген білімі мен тәрбиесінің сапасы қандай болса, ұлттың болашағы да сондай деңгейде болады. Балабақшадан бастап мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары болсын білім беру саласының қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілік көп. Аймақта ұстаздар шәкірт тәрбиелеумен қатар, өз білімін шыңдап, тәжірибесін арттырып жүр. Соның нәтижесінде аудан педагогтері ел бойынша үздіктер сапынан көрінуде. Жақында мерейлі мерекелеріне орай ұстаз еңбегі бағаланып, құрметтелді.Ел болашағының тұтқасын ұстар жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы әрқашан құрмет төрінде. Қазалы ауданы бойынша білім саласын дамыту, материалдық-техникалық базасын нығайту және ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара осы ерен еңбектің бағаланғанының айқын көрінісі болды. Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде ұлағатты ұстаздар қауымының кәсіби мерекесіне орай «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Салтанатты кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, барша білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін мерекемен құттықтады.
– Мұғалім болу – жай ғана мамандық емес.Бұл – адам тағдырына әсер ететін, ұлттың болашағына тікелей ықпал ететін қасиетті жол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным» деген болатын. Соңғы жылдары қасиетті Сыр өңірімен қазыналы Қазалы ауданында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің, бұған дейін аймағымызды төрт жылдан астам басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының ерекше қолдауымен және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда.Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Биыл аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 6 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарына 270 миллион теңге қаржы бөлініп, білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты бір – оқушыға сапалы білім беру. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу жолындағы адал еңбектеріңізге табыс, өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби абырой тілеймін! Шәкірттеріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мерекелік кеште білім саласында жетістіктерге жетіп жүрген бірқатар ұстаз марапатталды. Оларға облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Ауданның білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сала ардагерлеріне 75, 80 жас мерейтойларымен мерекелік құттықтаулар табысталды. Одан соң сахна төріне аудан әкімінің ықылас гүлі шығарылып, барша ұстазға құрмет көрсетілді. Шарада аудан өнерпаздары мен өнерді жанына серік еткен ұстаздар, өнерлі оқушылар ән-күйден шашу шашты.
Айта кеткен жөн, ұстаздар күні мерекесіне орай ауданның білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан Бердікен Мергенбаев атындағы №226 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирамкүл Жеткербайқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Елордада өткен мерекелік жиында мемлекеттік награданы Мирамкүл Жеткербайқызына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы табыстады. Мирамкүл Жеткербайқызы – ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнаған тәжірибелі ұстаз. Ол қазақ тілі мен әдебиетін оқыту арқылы шәкірттерінің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, білімге деген қызығушылығын арттырып келеді.
Сонымен қатар 2025-2026 оқу жылының аяғында Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің музыка пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнар Әбілпаттарқызы да Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 мамырдағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ














