Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Эльдар Қуаныш: “Өзіме жарнама жасап жүрмін”

Эльдар Қуаныш: “Өзіме жарнама жасап жүрмін”

Туған өлкенің топырағынан түлеп ұшып, өнер жолына бет бұрған жас жерлестердің қарасы қалың. Олар қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп, өздерін түрлі бағытта танытып келеді. Эльдар Қуаныш – өнер ортасына араласып, танымал жобаларда талантын байқатып жүрген жастардың бірі. Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық ­технологиялар университетінде электронды ­журналистика мамандығының 4 курсында оқып жүрген жерлесімізді әңгімеге тарттық.

– Эльдар, оқырманға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз...
– Мен 2000 жылы 27 сәуірде Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Отбасында үш ағайындымын. Ағам және тәтем бар. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өнерге жақын болдым. №249 мектеп-лицейдің 2017 жылғы түлегімін. Білім ордасында жүргенде кішкентайымнан ән байқауларына қатысып, талантымды шыңдауға тырысты. Ұстаздардың бағыт-бағдарының арқасында өнер ауылынан алшақтамай, белсенді азамат ретінде қалыптастым.
Қазір Алматы қаласындамын. Осы сәтте өзімді бір ғана салаға ден қойдым. Нақтырақ айтқанда, Алланың қалауымен видеограф болып жұмыс істеп жатырмын. Бұл бағытта жүргеніме екі жыл болды.
– Студенттік өмір, мамандығыңыз турасында айтсаңыз...
– Шынымды айтсам, мен алғашқыда программис болғым келген. ҰБТ-дан соң арман-мақсатым түбегейлі өзгерді. Осы уақытта «Электронды журналистика» бойынша білім алып жатырмын. Мұнда тек журналистерді дайындап ғана қоймайды. Яғни жазумен ғана шектелмей радио саласына, телевидениеге керекті білімді алып шығамыз.
Студенттік өмір – өте қызықты кезең. Бұл уақытты босқа өткізуге болмайды. Мәселен, мен 4 жыл ішінде біршама ізденісте болдым. Алғашқы екі жылымды университет қабырғасында өткіздім. Қызықты клубтарға қосылып, аға буынмен араласып, тәжірибе алмастым.
Негізі қатарластарым университет бітіргеннен соң не істеймін, қайда барамын деген дүдәмал күйге тап болады. Мұның себебі – өзі қаламаған мамандықты таңдауы немесе өз саласында ізденбегендігі деп ойлаймын. Бастысы, университет қабырғасындағы уақытты барынша ізденіспен, берілген мүмкіндіктерді жүзеге асырумен өткізу керек деп ойлаймын.
– Студент бола тұра екі жерде жұмыс істеп жүргеніңізді білемін. Осы жайлы тарқатып айтып берсеңіз.
– Мен видеограф болмас бұрын университет қабырғасында қолыма камера алып, сюжет, түрлі іс-шараларды түсіріп жүрдім. Күндіз-түні қолымда камера, екі көзім Youtube-та болатын. Шетелдік мамандардың видеосабақтарын жіті қарап, осы күнге жеттім. Әрине әлі шыңдалу қажет. Сол себептен мүмкіндік барда өзіңді дамытудан шаршамау керек. Қазір екі жұмыс орнында істеп жүрмін. Бірі «Qamalladin Media» болса, екіншісі «301 label” студиялық орталығы.
«Qamalladin Media» компаниясында блогерлермен бірге жоба жасаймыз. Фудтүсірлім, ресторан, шаштараз, мектеп, түрлі компаниялардың инстаграм әлеуметтік желісіне промо, жарнама роликтер түсіріп, қызықты сценарий дайындап, кәсіби өнім беруге тырысамын.
Бұл сала әрқашан ізденісті қажет етеді. Егер тұрақтылықты сақтай алмасаң өзіңді жоғалтып, көрерменнің қалағанын бере алмайсың. Сол үшін «301 label» студиялық орталығында екінші жұмысты алып жүрмін. Бұл жерде бір әртіспен түсірілім 1-2 айға созылуы да мүмкін. Клип түсіру, кино әлемі де бар. Таза шығармашылық орталық болғандықтан таңға дейін жұмыс істеп, түрлі дарын иелерімен шығармашылық байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік береді.
Осы 2 жыл ішінде мен “Ninety One”, “DNA”, “CCTAY” секілді танымал топтардың түсірілім алаңында жүрдім. Одан бөлек “Samsung”, “French House”, “Freedom Finance Insurence” сияқты бренд компанияларға видеороликтер түсіріп бердім.
6 айдан астам уақыт тегін жұмыс істедім. Себебі маған осы саланың ішкі тынысын сезіну қажет еді. Басқа видеограф, режиссерлердің әдіс-тәсілдерімен танысқым келді. Ең алғаш 500 мың теңге пайда таптым. Оны кино саласында 1 ай тер төгіп алдым.
– Әлеуметтік желі, қазіргі таңда дамып келе жатқан мобилография жайлы не ойлайсыз?
– Әлеуметтік желіні қазіргі заманда тауар немесе қызметті басқаларға ұсынушы зат ретінде қабылдаймын. Басында қызық болмады. Босқа уақыт құрту деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе жасап жатқан дүниемді, осы уақытқа дейінгі еңбегімнің қорытындыларын басқалармен бөлісуге бекіндім. Өйткені кезінде мен де шетелдік мамандарды әлеуметтік желі арқылы танып, еңбектеріне қызығып осы салаға келген едім. Жақсы жағынан қолданып, барынша өзіме жарнама жасап жүрмін.
Мобилография отандық видеографтардың қарсыласына айналған секілді. Біріншіден, бәрінде ұялы телефон бар. Екіншіден, бұл сала қиындықты қажет етпейді. Үшіншіден, курстардың бағасы – әрі кетсе 6000 теңге. Көп жағдайда тұтынушы кәсіби видеографтарды жалдағаннан гөрі арзан мобилографтарға жүгінгенді жөн көреді.
Екінің бірі қолына айфонның соңғы нұсқасын ұстап алады да, әлеуметтік желіде: «Мен мобилографпын, осындай дәрежеге жеткіңіз келсе курсымды сатып алыңыз», – деп көсіледі. Бұл дұрыс емес деуге болмайды. Осы арқылы да пайда тауып жүрген жандар бар.
– Келешектегі жоспар қандай? Қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз?
– Алла бұйыртса шет ел көріп, голливудтық университетте оқып, өз ісімнің маманы болсам деймін. Қазіргі таңда елімізде режиссер, операторлардың көбісі аға буын өкілдері. Бұл кісілер бұрынғы ізбен, біліммен экранға еңбектерін шығарып жатыр. Бірақ елге шетел көрген жас буын келіп, өздерінің заманауи тәжірибелерімен алмасса, жоғары оқу орындарында бұл салаға көптеп көңіл бөлсе қазақстандық киноматография Голливуд, Болливуд сынды алпауыттармен текетіресер еді.
Қазіргі уақытта Nurik Smit деген әншімен жоба қолға алдық. Жаңа әнге бейнебаян дайындау үстіндеміз.
– Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ

02 наурыз 2021 ж. 819 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031