Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытқа бөлеген мекен

Бақытқа бөлеген мекен

Бала күлкісі естілген жердің берекесі де бөлек. Ал бүлдіршіннің балалық шағы алаңсыз өтіп, алғашқы білім мен тәрбиенің дәні себілетін қасиетті мекеннің орны тіптен айрықша. Түктібаев ауылындағы №20 «Жайна» бөбекжай-бақшасы – талай бүлдіршіннің балдәурен шағын бақытқа бөлеген мекен. Мұнда олар алғашқы таным түсінігін қалыптастырып қана қоймай, достасуды, үлкенді сыйлауды, өз ойын жеткізуді, ортаға бейімделуді үйренуде.
Мақаламызға арқау болып отырған мекен №88 мектеп ғимаратында орналасқан. Бір қабатты ғимаратта балалардың жас ерекшеліктеріне сай жабдықталған оқу-тәрбие бөлмелері қарастырылған. Ал балабақша ауласында әр топқа арналған ойын күркелері, сырғанақтар мен балалардың таза ауада ойнап, шынығуына арналған құм алаңы бар.
Бүгінде балабақшада барлығы 19 қызметкер еңбек етеді. Штаттық кесте бойынша 18,5 бірлік қарастырылған. Ұжым қатарында өз ісіне шебер, жоғары білімді 5 тәрбиеші, музыка жетекшісі және психолог-логопед маманы бар. Олар күнделікті оқу-тәрбие үдерісінде тәрбиеленушілердің білім алып, қабілеттерін шыңдауына, жан-жақты дамуына бар күш-жігерін жұмсауда.
Сонымен қатар бүлдіршіндердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуде тәрбиеші көмекшілері, медбике, дәмді әрі құнарлы ас әзірлейтін аспазшы және басқа да техникалық қызметкерлердің еңбегі зор.
Қазіргі таңда балабақшада барлығы 50 бала тәрбиеленуде. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай «Айгөлек» ересек тобы (4-5 жас) және «Балбөбек» ортаңғы тобы (3-4 жас) жұмыс істейді. Әр топта 25 тәрбиеленушіден қамтылған. Жыл сайын «Жайна» ересек тобынан тәрбиеленушілер балабақшамен қоштасып, №88 мектептің мектепалды даярлық сыныбына қадам басады.
Жүгі салмақты мекеменің жұмысын жан-жақты дамытып, іскерлікпен ұйымдастырып, ұжым қызметін бір арнаға бағыттау оңай жұмыс емес. Осы міндетті абыроймен атқарып отырған балабақша меңгерушісі Гүлмира Тілеубергенова бұл жауапты қызметке 2007 жылдың 20 қазанында тағайындалған. Содан бері ол білім мен тәрбие саласында жемісті еңбек етуде.
Балабақшада бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінген. Педагогтер ойын, шығармашылық және зерттеу әдістерін ұштастыра отырып, әр баланың қызығушылығы мен қабілетін ашуға жағдай жасауда. Сурет салу, мүсіндеу, ән айту, би билеу, сахналық қойылымдар мен қимылды ойындар арқылы балалар өнерге баулылып, өз ойын еркін жеткізуге және ортаға бейімделуге үйренуде.
Тәрбие жұмысындағы негізгі міндеттердің бірі – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны бала бойына сіңіру. Осы бағытта баланың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты құрметтеуге баулуда жүйелі жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ ата-анамен тығыз байланыс орнату да басты назарда. Ашық есік күндері, кездесулер мен бірлескен іс-шаралар арқылы ата-аналар балабақша өміріне белсенді араласады. Мамандар бала тәрбиесі, денсаулығы, қауіпсіздігі, бейімделуі мен сөйлеу тілінің дамуына қатысты қажетті кеңестер беріп, бала мен ата-анаға жан-жақты қолдау көрсетуде.
– Балалардың өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуіне ерекше мән береміз. Әр бүлдіршіннің өз ойын ашық айтып, қабілетін еркін танытуына және құрдастарымен дұрыс қарым-қатынас орнатуына қолайлы орта қалыптастырылған. Психолог пен логопед мамандар балалардың психологиялық және сөйлеу тілінің даму ерекшеліктерін бақылап, қажет жағдайда жеке және топтық түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді, – дейді Гүлмира Тілеубергенова.
Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті талап ететін маңызды іс. Осы орайда педагогикалық ұжым тәрбие үдерісіне тың идеялар мен озық тәжірибелерді енгізіп, бүлдіршіндердің қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Ұжымның басты ерекшелігі – жаңалыққа ашықтығы мен кәсіби ізденісті күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналдыруы. Әр педагог өз тәжірибесін жетілдіруге мән беріп, баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай тиімді тәсілдерді ұтымды қолдануға тырысады. Мұндай ұстаным тәрбие жұмысын жандандырып қана қоймай, бүлдіршіндердің шығармашылық қабілетін шыңдап, өз ойын еркін жеткізуіне жол ашып отыр.
Бала дамуының маңызды тетігінің бірі – балабақша мен отбасы арасындағы өзара түсіністік. Осы бағытта балабақшада ата-аналармен тұрақты байланыс орнап, тәрбиеге қатысты мәселелер ортақ талқылау мен бірлескен іс-шаралар арқылы шешімін тапқан. Гүлмира Күлімбетқызының айтуынша, педагог пен ата-ана арасындағы тығыз сабақтастық тәрбиеленушінің өзін еркін сезінуіне, жаңа ортаға тез бейімделуіне және айналасындағы дүниені қызығушылықпен қабылдауына оң ықпал етеді.
– Бала тәрбиесінде педагог пен ата-ананың өзара түсіністігі мен бірлескен әрекетінің маңызы зор. Балабақша мен отбасы арасындағы байланыс неғұрлым берік болса, бала да өзін соғұрлым еркін сезінеді. Үлкендердің балаға бір бағытта қолдау көрсетуі оның жаңа ортаға тез бейімделуіне, өз ойын ашық жеткізуіне және айналасындағы дүниеге қызығушылықпен қарауына мүмкіндік береді. Сондықтан ата-анамен тығыз байланыс орнатып, баланың әрбір қадамын бірге бақылау – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі, – дейді Гүлмира Күлімбетқызы.
Жүйелі еңбектің жемісі – жарқын жетістік екені белгілі. Бұны бекер айтып отырған жоқпыз. Байқасақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымының бағындырған белестері де аз емес. Мекеме басшысы Гүлмира Күлімбетқызының сөзіне сенсек, балабақша педагогтері мен тәрбиеленушілері ауылдық, аудандық, облыстық және респуб­ликалық деңгейдегі байқауларға қатысып, түрлі додаларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
– Педагогтеріміз бен тәрбиеленушілеріміздің әрбір жетістігі – біз үшін үлкен қуаныш, ұжым еңбегінің жемісі. Байқауларға қатысу арқылы балалар өз бойындағы қабілетін ашып, көпшілік алдында еркін сөйлеуге, өзіне сенімді болуға үйренеді. Әрбір дода оларды ізденуге, талпынуға, еңбектенуге және алға қойған мақсатына нық қадам басуға жетелейді. Ал ұстаздар үшін мұндай байқаулар – тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді, – дейді мекеме басшысы.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұжым үнемі ізденіс үстінде. Тәрбиешілер біліктілікті арттыру курстарына қатысып, жаңа білім мен тың әдіс-тәсілдерді меңгеруде. Жинақтаған тәжірибесін күнделікті жұмысымен ұштастыра отырып, әр баланың танымдық қабілетін, шығармашылығын және тұлғалық дамуын жетілдіруге бағытталған тиімді тәсілдерді тәжірибеде қолданып жүр.
Түйін: Бүгін еркелеп, ойнап жүрген балапандардың бойына сіңген тәрбие мен тағылым – ертең олардың үлкен өмірдегі бағдарына айналары сөзсіз. Өйткені баланың бойына дарыған әрбір жақсы қасиет – болашаққа бастар берік негіз. Ал ұлттық құндылықты бойына сіңіріп, туған жерін қадірлейтін, елінің ертеңіне алаңдайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу – «Жайна» бөбекжай-балабақшасының басты мұраты.
Сондықтан бұл мекен – бөбектердің балалық шағын бақытқа бөлейтін ғана емес, олардың болашаққа бастар алғашқы қадамына бағыт беретін құтты орда. Бүгінгі балғындардың жүрегіне себілген ізгілік дәні ертең жемісін беріп, ел болашағына қызмет етпек. Ал баланың күлкісі мен тәрбиесі қатар өрілген «Жайна» бөбекжай-балабақшасы сол жарқын болашақтың негізін қалайтын алтын бесік болып қала бермек.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
10 қазан 2026 ж. 60 0

Бақытқа бөлеген мекен

10 қазан 2026 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031