Суретшілер сынға түсті
Қазақстанның сурет өнері тым жас, тарихы тым беріден басталады. Қазақ бейнелеу өнерін, әрине Әбілхан Қастеевсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Ол сонау 20-30 жылдары-ақ Қазақстандағы болашақ суретшілер Одағының негізін қалаушылардың бірі. Ә.Қастеев – адам жанын, оның шаттығы мен мұңын, қуанышын, сүйенішін, ішкі ой арпалысын тереңнен түсіне білген. Сондай-ақ айналадағы табиғат құбылыстарымен адам көңіл күйін шендестіре отырып, өз шығармалары арқылы соларды көпшілікке шебер жеткізе білген суретші.
Осы орайда Тасарық ауылдық клубының ұйымдастыруымен қайталанбас қылқалам иесі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай "Мирас болған мол мұра" атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш шара барысында көркем бояумен көрікті ойын жеткізген кішкентай қылқалам шеберлері суретке деген құштарлығының зор екенін байқатты.
Нәтижесінде Ақнұр Әнуарбек I орын иеленсе, II орын Әсел Байдосқа, ал Ill орын Ләззат Сәуенге бұйырды. Қалған қатысушыларымыз Алғыс хатпен марапатталды.
Осы ретте ұйымдастырушылар тарапынан "Жас өркен" қылқалам иелеріне әділ бағасын беріп, сурет өнерінің сырын ұғынған суретші Сәдуақас Шыңғысқа және мектеп тәлімгері Маржан Жанәбіловаға алғаусыз алғыс білдіреміз. Сырлы бояуларымен сыр шерткен суретшілерімізге Әбілхан Қастеев аталарындай талантты әрі қайталанбас тұлға болуды нәсіп етсін демекпіз.
Арман АЛТЫНБЕК,
Тасарық ауылдық клубының әдіскері