Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Суретшілікке ешкім кездейсоқ келмейді

Суретшілікке ешкім кездейсоқ келмейді

– Қазақ көбіне суретшілікті кәсіпке баламайды, жай әуесқойлық әлемі санайды. Ауылда туған қара баланың алысқа ұмтылуына қандай жағдай себепкер болды?
– Күнделікті тірлігі етене өрбитіндіктен, ауыл баласының арманы асқақ, көкжиегі кең болады. Әкем Ермекбай Ағыраев – бойына бірнеше қабілет тоғысқан азамат. Домбырада ойнау, суырыпсалмалық өнер, орындаушылықтан өзге суретшілік қыры да болған. Бірақ дамытпаған. Тегінде қабілет маған сол кісіден берілген сияқты. Әкей өнер адамы болғандықтан, жыл он екі ай үйден күйші, ақын, жыршы, саятшы дейсіз бе, түрлі саланың адамдары арылмайтын. Өскін «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой. Отбасылық тәрбие мен сол кісілердің де әсері халықтық фольклорды жанымызға жақын тұтуымызға септігін тигізбей қоймады. Оның үстіне, әженің әдемі ертегісін тыңдап, әдеби кітаптарды үнемі жаныма серік етіп, құймақұлақ болып өскен әсерім үнемі ойыма, көз алдыма көркем бір бейнелерді келтіретін. Мектеп жасындағы баланың барлығы қағаз бен қаламға сурет салуға құмар келеді. Мен уақыт өте келе бойымдағы қызығушылық балалық ермек емес, өнерге бастама екенін іштей топшылай түстім.
Мектеп бітірген соң да сол ұстаным-бағытымнан айнымай, Қызылорда қаласында Қорқыт Ата университетінің жанындағы колледжіне құжат тапсырдым. Ол жерден дизайнер интерьер мамандығын алып шықтым. Колледж бітірген соң дипломыма сай жұмыс таба алмай, бір жыл түрлі салада жүрдім. Сол кезде маған ізденісті одан әрі арттыру керектігі туралы ой келді.
Келер жылы Қазақ Ұлттық Өнер университетіне білімімді жетілдіру бағытында оқуымды жалғастырдым. Шынымды айтсам, колледж қабырғасында суретшілік әліппесін меңгергеніммен, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндігім болмады. Ал, университеттегі жылдар менің жаңа тынысымды ашып, үлкен әлемге жетелегендей күйге ендім. Қазір аталған оқу ордасында мүсін және кескіндеме факультетінде кескіндеме мамандығындығына машықтанып жатқан жайымыз бар.

– Шығыс ойшылы Әл-Фарабише айтсақ, «Әдебиетші болмаған адам математик те бола алмайды». Сурет жанры – сан ғылым тоғысқан синкретті өнер саласы. Осы жолға енуіңізге бойыңыздағы қандай қабілет көп көмегін тигізді? Суретшілер арасында: «Кәсіби білім алған адам ұстаз болуы мүмкін, алайда картина салуы екіталай» деген пікірі бар екен. Бұл қаншалықты рас?
– Суретшілік адам бойынан көп еңбектенуді талап етеді. Логикадан бастап психология, философия, математика, тарих, әдебиет, музыка деген пәннің бәрін ортақ тоғыстыратын арна деу­ге болады. Себебі ізденіссіз жетістікке жету, шығарманы бейнелеу мүмкін емес. Осы жолда дәлдік те, нақтылық та, таным да барлығы қажет болғандықтан, олармен байланысуың күнделікті жағдай.
Жоғарыда атап кеткенімдей, көркем шығармаларға, оның ішінде халық ауыз әдебиетіне жастай сусындап өсуім көп жағдайда шығармашылығыма көмегін тигізіп келеді.
Адам бойында, алдымен, қабілет болуы тиіс. Оған ешкім кездейсоқ келмейді. Сонан соң оны дамытып отыру арқылы жетілдіруге болады. Бос уақытта көп ізденемін. Әр композицияның өзінше ізденісі бар. Сабақта тақырыптық шығармалар саламыз. Кейде өз ойымдағы туындыларды тудыру үшін де ұзақ дайындалатын кезім болады. Қарапайым көрермен байқамауы мүмкін, бірақ кәсіби мамандар шығармадағы әрбір ұсақ-түйекті саралай алады. Ондағы әрбір штрих, детальдар ізденіспен келеді.

– Әріптесіңіздің бірі: «Кенеп алдына келгенімде көз алдыма бейне сұранып тұрады», – десе, екіншісі: «Сурет алдын-ала ішкі нобайы дайындалып, жан-жақты толысқаннан кейін пайда болады», – деген пікірде. Сіз әдетте суретті қалай саласыз? Сәттік көңіл-күймен ойыңызда жоқ картинаны бейнелейсіз бе әлде ізденіс ізімен ғана жұмысқа кірісесіз бе?
– Әрбір картинаның салыну тарихы, мүсінді кескіндеменің жасалу жолы, себебі әр ал­уан келеді. Кейде өзі ойыңа оралатын, кейде бір сәткі әсерден бастау алатын жұмыстар болады. Суретші үнемі ой үстінде жүреді. Әр мезгілдің, әр сәттің мәнін ішкі түйсік арқылы сезініп, өзіне қажетті штрихты одан ала білуі қажет.
Жаныма тарихи жанр жақын. Ол кезеңдегі заман бейнесі, оқиғаларды өрбітудегі тәсіл, тарихи, әлеуметтік жағдайлар, тіпті табиғи құбылыс – осының барлығын жанды бейнеше тамашалаушы көз алдына оралту үшін тер төгу – өзім рахат алатын, сүйікті ісім, айнымас әдетіме айналған.
Кейде жарыстарға қатысқанда берілген тақырыпқа орай сурет салатын сәтің болады.
Жалпы шабытты маусымды күтіп, тақырып туралы толық мағлұматты танып-білмедім деп, жұмыс жүргізбеу де қате ұғым. Кәсіби суретші пейзаж, графика, картина дейсіз бе, бәрін кез-келген уақытта сала білетін маман.

– Жақында көршілес Өзбекстан елінде өнер сапармен болып қайттыңыз. Бұған дейін қатысқан жарыстарыңыз көмегін тигізді ме, әлде басқа себебі бар ма?
– Рас. Бұрын да елдегі бірнеше жарыс, көрме, өнер байқауларында топ жарғаным бар. Біздің университет талай өнер тарланын түлеткен жетекші білім ордасы. Шет елдерге сапарларға біздегі студенттердің жұмысы баратын тәжірибе бұған дейін де болған. Сондай мүмкіндік бізге де бұйырды. Бірнеше картинам барды.
Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында қазақ елінің атынан оның өнерін көрші елге таныту, насихаттау оңай іс емес. Алайда бауырлас ел жатырқамай, жақсы қарсы алды. Өнерімізге жоғары баға берді. Таным, тамыры бір дарақтан тараған ағайынның орныққан ортақ көзқарасын көріп, тарихын танып, тәнті болдық. Кейбір картиналарымыз бір-біріне ұқсап жатты.
Тұмса табиғаты, бауырмал пейілі ерекше шабыттандырып жіберді. Елге үлкен әсермен оралдым.

– Сіздің буын кескіндеме арқылы берілетін қасаң қағидадан арылған. Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева, Хакімжан Наурызбаев, Гүлфайруз Исмайылова дамытқан өнер түрінде қазір қандай жаңалық бар?
– Университетте ұстаздық ететін, Ресейдің Санк-Петербург қаласыннан білім алып келген Аманжол Мүсәлімов деген жаңашыл қылқалам шеберінің сыныбында шыңдалу үстіндеміз. Қазақстанда картина салудың станокты кескіндеме деген бағыты бар. А.Мүсілімов пен оның шәкірттер соны дамытуда.
Өнер адамдарының көбі жаңалық жасауға құмар келеді.
Бейнелеу өнерінің дәстүрлі түрлері мен жанрларынан өзге жаңашыл абстракционизм, сюрреализм сынды түрлі бағыт бар. Еуропа арқылы келген контемпорари арттың ерекшелігі – оқшаулық, құбылысты жасырын беруге бағытталады. Маған олар жеңіл жасалған дүниелердей көрінеді.

– Сіздіңше бүгінгі бейнелеу өнерінің бұйдасын ұстап жүрген буынға не жетіспейді? Қандай қолдау керек?
– Басқа өнер иелеріне қарағанда суретшілер жұмысының өнерінің насихатталуы кемшін екені баршаға белігілі. Салалық жарыс, конкурстарға жиі қатысып тұрамыз. Бірақ жүлдесі қажетті құрал-сайманға ғана жеткілікті. Қазақ – шабытты дархан дала дарытқан дарынды халық. Сүлей суретшіден де ешқашан кенде болған емес. Шет ел асып, талай таңдай қақтырған таланттар бар. Алайда кәсіби мүсіншілер мен суретшілерді дайындайтын жеке-дара академия ашу ісінің қаузалып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Бірақ әлі идея жүзінде қалып келеді.
Салыстырмалы түрде қарасақ, жыл санап өнерге деген бетбұрыс өрістеп келе жатқанын айтып кетуіміз керек. Мысалы, «Жастар жылына» орай мұражайлар суретшілердің тегін көрмесін ұйымдастырып берді. Жақында шет елдік әріптестермен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретін симпозиум өтті. Бұлардың барлығы жас суретшілерді ынталандырмай қоймайды.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Алдағы іс – болашақтың еншісінде. Дегенмен адам баласы болған соң, мақсат қоясың, армандайсың. Келешекте жеке көрме өткізіп, осы саланы дамытуға күш-жігерімді жұмылдырсам деймін.

Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 қазан 2019 ж. 1 752 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930