Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әже өнегесі – ұрпаққа ұлағат

Әже өнегесі – ұрпаққа ұлағат

Әже... Осы бір аяулы сөздің астарында тұтас бір әлемнің жылуы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттың ұлағаты жатыр. Ақ жаулығын айбынына балаған әже – шаңырақтың шырағы ғана емес, кейінгі буынға жөн сілтер өмір мектебінің ұстазы.
Осындай ұлағатты ұғымды ұлықтаған тағылымды шара жуырда Басықара ауылында өтті. Аудандық фестиваль елге сыйлы, өнерімен көпке үлгі болған, әжелер ансамблінің алғашқы құрамында өнер көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Ұлзия Қуанбайқызы Тәженованың 85 жылдығына арналды.
Мерекелік шара басталмай тұрып-ақ клуб ауласындағы ұлттық көрме көпшіліктің назарын аударды. «Әженің сандығы – ұлт мұрасы» деп аталған көрмеден ақ жаулықты әжелердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, ұлттық нақыштағы дүниелер мен тұрмыстық жәдігерлер орын алды.
Сырлы сандық, кестелі бұйым, көздің жауын алған ою-өрнек – барлығы да халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, әже қолының шеберлігінен сыр шертті. Көрмеге көз салған жан өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірді көргендей әсер алды.
Одан соң көпшілік көп ұзамай клуб залына бет алды. Тағылымды кештің негізгі бөлімі «Ар-Дана» әжелер ансамблінің ән шашуымен ашылды. Әсем әуен мерекелік шараның мазмұнын аша түсіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кештің келесі бөлігі Ұлзия Қуанбайқызы­ның тағылымға толы ғұмырын арқау еткен әсерлі прологпен жалғасты. Қойылым барысында оның елмен біте қайнасқан тағдыры, өнерге деген өлшеусіз махаббаты, жүрек қалауымен атқарған еңбегі мен азаматтық болмысы көрініс тапты. Сахнадағы әрбір сәт өткен күннің сырын шерткендей, көрерменді кейіпкердің өмір белестеріне жетеледі. Экраннан көрсетілген фотосуреттер де көрерменге естен кетпес сәттерді қайта сезіндірді.
Одан соң Ұлзия Қуанбайқызымен бірге өнер жолында қызмет еткен ансамбль мүшелері де сөз алып, әріптестері туралы естеліктерін айтты. Олар оның шығармашылық жолына тоқталып, ұжымдағы орны мен көп жылдық еңбегі жайында ой бөлісті.
Тағылымды кеште Басықара ауылдық округінің әкімі Мұратбек Тоқтамұратұлы, Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абай Дидаров, Басықара ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкірат Айнадинұлы сөз сөйлеп, ақ жаулықты әжелерге ізгі тілектерін жеткізді.
Фестивальде ауданның әр елді мекенінен келген 13 әженің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, өнер көрсетті. «Әже деген бір әлем» атты кезеңде қатысушылар өздерінің еңбек жолы мен отбасы шежіресін, ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымдарын, өмірден көргені мен көңілге түйгенін шығармашылық тұрғыда таныстырды.
Ал «Өнерлі әже – өрелі әже» бөлімінде әжелер өнерлерін сарапқа салды. Бірі әуелете ән салса, бірі күмбірлетіп күй шертті. Енді бірі дәстүрлі өнердің өзге үлгілерін ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кештің әр сәтін арнайы шақырылған қонақтар тамашалап, қатысушылардың өнері мен өнегесіне куә болды.
Шара соңында Ұлзия Қуанбайқызының туған-туыстары, замандастары, ауылдас­тары мен алыстан келген ағайындары сөз алып, мерейтой иесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Мерейтой иесінің ұрпақтары да ана есімін ардақтап, осындай тағылымды шараның өтуіне атсалысқан ел азаматтарына ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ қатысқан барлық әжелерге мерейтой иесінің ұрпақтары тарапынан қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы номинациялар бойынша марапаттар берілді.

А.ЖҮСІПОВА

10 қазан 2026 ж. 24 0

Бақытқа бөлеген мекен

10 қазан 2026 ж. 68

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031