Елімізде азық-түлік бағасы арзандады
Қазақстанда апта ішінде бірқатар азық-түлік тауарлары арзандады.

Апта ішінде пияздың бағасы 4%-ға, қант 2,6%-ға, алма 1,8%-ға, картоп 1%-ға, сәбіз 0,8%-ға, балық 0,3%-ға арзандады. Сондай-ақ қаймақ, ет фаршы және күріш бағасы 0,2%-ға төмендеді.
Есепті аптада ұн, нан, сүйексіз сиыр еті, қой еті және тауық етінің бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бөлінісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Атырауда 0,3%-ға, Түркістан мен Ақтауда 0,1%-ға төмендеді. Астана, Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Қонаев, Павлодар, Талдықорған және Тараз қалаларында бағалар өткен аптадағы деңгейде сақталды.
Еліміз бойынша пияздың орташа бағасы келісіне 133 теңгені құрады. Ең төмен баға Талдықорғанда тіркелді, келісі 108 теңге.
Республика бойынша қанттың орташа бағасы келісіне 435 теңге болды. Ең төмен баға Ақтөбеде тіркелді, келісі 368 теңге.
Алманың орташа бағасы республика бойынша келісіне 699 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте байқалды, келісі 494 теңге.
Қиярдың орташа республикалық бағасы келісіне 536 теңге болды. Ең төмен бағалар Түркістанда және Таразда тіркелді. Түркістанда қиярдың келісі 346 теңге, Таразда 414 теңге болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.











