Бала қызыққан жерден білім басталады
«Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі қарқынды дамыған кезеңде білім беру саласы мұғалімнен жаңа қырынан көріну, үздіксіз даму және заман талабына сай икемділікті талап етеді. Айнұр Асқарова – осындай ізденімпаз, заман көшінен қалмайтын инноватор ұстаздардың жарқын өкілі.Бүгінгі заманауи мұғалім – тек қана сабақ беруші емес, оқушының цифрлық әлемін бағыттайтын, әр баланың жанына үңіле білетін жан-жақты тұлға. Осы мақсатқа мүдде тоғыстырған ұлағат иесі – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Мектепті үлгілі тәртіп, жақсы білім көрсеткішімен тәмәмдаған талапкер үлкен өмірлік қадамын ұлт мұратын ойлайтын шәкірттер дайындаумен сабақтастырады.
1989 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген қыз 1995 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің табалдырығын аттайды. Білім мен ғылымға деген ерекше құштарлығымен көзге түскен ол, мектеп қабырғасында-ақ алғырлығымен ерекшеленді.
2006 жылы мектепті абыроймен тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдары таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, ұстаздық жолдың үлкен жауапкершілігін салмақпен сезінеді. Енді жүрек қалауын орындауға деген бағыты оған жаңа өзгерістерге тез бейімделу, уақыт талабына ілесу дағдысын қалыптастырады.
2010 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман өзі түлек болған қарашаңыраққа мұғалім болып оралады. Содан бергі 16 жылдық педагогтік ғұмырын осы білім ордасына арнап, талай шәкірттің шамын жағып келеді.
«Әр шәкірт алғашқы ұстазына ұқсайды» деген аксиома бар. Негізсіз емес. Баланың қабылдауы қалыптасатын тұста бағдар беретін жан оның өміріне жол сілтейтін темірқазыққа айналады. Бүгінгі бастауыш сынып мұғалімі әріп үйретіп, математикалық бастапқы әдістерді меңгертумен шектелеймейді. Адалдық, адамдық, педагогика, психологиялық талаптарды сақтай отырып, ақпараттық технологияларды жетік меңгеруі шарт.
Айнұр Нұрадинқызы цифрлық құралдарды сабақ процесіне шебер кіріктіріп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда жоғары белсенділігімен көрініп жүр. Алайда, оның заманауилығы тек гаджеттер мен интерактивті тақталар, арнайы қосымшаларды қолданумен шектелмейді. Кәсіби ұстанымында «дайын дүниені ұсына салу» деген жоқ. Ғаламтор мен әдістемелік ағыннан келген ақпаратты мұқият екшеп, балалардың жас ерекшелігіне сай салмақтап, санасын дамытатын сапалы контент ретінде ғана пайдаланады. Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлау, ақпаратты саралай білуге және логикалық тұрғыдан пайымдауға баулиды. Әсіресе, логика мен ойлауды ұштастыратын математика пәнінен берілетін терең білім шәкірттердің танымын кеңейтіп, олардың аналитикалық қабілетін шыңдай түседі.
Әдістемелік бағытына көз жүгірте отырып, оны даралап айтатын мына бір қасиетіне куә болдық. Айнұр апай үшін әр бала – жеке әлем. Дара тұлғаға бағытталған көзқарас болуы қажет.
Бастауыш сынып мұғалімі болу жан-жақтылық пен үлкен жүректі талап етеді. Айнұр Нұрадинқызының педагогикалық кредосы – балаға жеке көзқараспен қарау.
Оның сыныбында «жақсы оқитын» немесе «жаман оқитын» оқушы деген ұғым мүлде жоқ. Әрбір оқушының табиғи қабілетін қадірлеп, ешқашан көпшілік көзінше жазалау немесе сыныпты санға салып, алалау әдісіне жол бермейді. Керісінше, ішкі әлеміндегі жасырын талантын оятып, өз-өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы табысқа жетелейді. Балалары ашық, жан-жақты, еркін ойлауға бейімделгендігі – педагог-модератор мұғалімнің еңбегінің нәтижесі.
«Бастауыш сыныптағы әр бала – өзінше бір әлем. Оның бірі тез қабылдайды, бірі ойланып барып жауап береді, енді бірі ойын сөзбен емес, әрекетімен жеткізеді. Сондықтан баладан бірден мінсіз нәтиже күтпеймін. Маңыздысы – оның білімге деген қызығушылығын өшіріп алмау.
Оқушыға ешқашан дауыс көтермеуге тырысамын. Себебі қатты айтылған сөз баланың бойындағы сенімді сындырып алуы мүмкін. Ал ұстаздың міндеті – қорқыту емес, қанаттандыру. Бір ғана «Сенің қолыңнан келеді» деген қарапайым сөздің өзі үлкен күш береді.
Әр сабағымда баланың бойындағы кішкентай ғана ұшқынды байқауға тырысамын. Соны сөндірмей, керісінше, отын үрлеп, білімге деген құштарлығын арттырғым келеді. Өйткені бүгінгі кішкентай жеңіс – ертеңгі үлкен сенімнің бастауы.
Мен үшін оқушы – жай ғана білім алушы емес, жүрегіне жол табуды қажет ететін тұлға. Баланы жақсы көріп оқытсаң, ол да білімді жақсы көреді деп ойлаймын. Сондықтан бойындағы қабілетті байқап, соған сену – менің ұстаздық ұстанымым», – дейді ол.
Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің айнасы.
Педагог еңбегі қашан да шәкірттерінің жетістіктерімен өлшенеді. Айнұр Нұрадинқызының жетекшілік еткен оқушылары республикалық, облыстық және аудандық байқауларда топ жарып жүр. Қатарында «Ақбота», «Кенгуру», «Мың бала» зияткерлік сайыстарында тұрақты түрде жүлделі орындарды иеленуде.
Шығармашылық бағыт та шет қалмаған. Абай оқуларының «Мәнерлеп оқу» бағытынан шәкірттері биік өнер көрсетіп, жүлдегер атануда. 2024 жылы шәкірті Аян Болат «Оқуға құштар» жобасы аясындағы аудандық буктрейлер байқауында белсенділігі мен шығармашылық ізденісі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Әдебиетке де талабы жоғары. Мәтінді жаттап келуге жол жоқ. Қабілетіне қарай түсінігін айтады. Дәптер тысынан бастап күн дерегіне дейінгі пунктуациялық ереже бұзылмауы тиіс. Оқушылары әр жаңа ойды азат жолдан бастауға, тіпті гаджеттер арқылы бір-біріне хабарлама жазса да, тыныс белгісін дұрыс қоюға дағдыланған.
Қызығы, бұл ұстаздан білім алған ұл-қыз дайын қосымшалардан көшіру не заманауи қондырғылар көмегеніне жүгінбей, ауызша, ойша есептеуге бейімделгенін байқадық. Тіпті математика пәнінде қосымша параққа үңілу де жат. 2024 жылы шәкірті Нұрасыл Алтынбекұлы «Бастау» олимпиадасының жүлдегері атанса, 2025 жылы «Алтын сақа» олимпиадасының аудандық кезеңінде бірінші орынды жеңіп алып, облыстық кезеңде сертификат иегері атанып, өз білімін республикалық деңгейдегі бәсекелерге ұштастыра білді.
Айнұр – отбасында да жақсы келіп, үлгілі жар, өмірлік серігінің көңілін тапқан отанасы. Көпбалалы ана. Балалары тәрбиелі, талапты өрендер.
Заман талабына сай жаңашылдық пен ізденісті ұштастырған Айнұр Нұрадинқызының еңбегі – ұстаздыққа деген адалдықтың шынайы көрінісі. Оқушылары оны көруге асығады. Бұл – ұстаз еңбегінің шынайы мерейі. Бала жүрегіне жол тауып, әрқайсысының қабілетін салмақпен ашатын жан-жақты ұстаз барда – болашақ ұрпақтың білім көші әрқашан биікке самғай бермек. «Бала қызыққан жерден білім басталады» деген осы шығар...
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













