Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қази АРЗИЕВ, суретші: Нағашыдан қонған өнер

Қази АРЗИЕВ, суретші: Нағашыдан қонған өнер

Кәукейлік Қази Арзиевтің есімі көпшілікке қолынан шыққан көркем дүниелері арқылы жақсы таныс. Бала күнінен бейнелеу өнеріне ғашық болып өскен өнер иесінің туындылары талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырып жүр. Суретшілер арасындағы аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Қази Әлиұлының шығармалары 2013 жылы Қазақстан ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы барша қазақстандыққа таныстырылды.
Жуырда салған суреті сөйлеп тұратын суретшімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қази Әлиұлы, бойыңыздағы сурет салуға деген қабілетті қай кезде байқадыңыз?

– Мен 2-3 сынып оқып жүрген кезімнен-ақ сурет сала бастадым. Анам Айжамал он саусағынан өнер тамған тігінші болатын. Ол қасқыр, түлкі, қаракөл, андатр терілерінен ішік, құлақшын, тымақ, бөрік тігетін. Жеңіл киімдерді де шебер пішетін. Тұскиіз басып, киіз үй жабдықтары – құр, өрмек, алашаны керемет тоқитын. Мен анамның қасында ойнап отырып, сурет салатынмын. Кесіп тастаған қасқыр, түлкілердің бас терілерін құрастырып, қағазға бейнелейтін едім.

– Өнер кез келген адамға қона бермейді. Суретшілік сізге қайдан келген қасиет?

– Әкем Әли ер-тұрман соғатын шебер болған. Анамның қандай ісмер кісі болғандығын айттым. Ал нағашы атам облыс, аудан көлеміне аты таныс мұғалім-суретші Тастайбек Иманғалиев. Өз жұртым да нағашыларым да өнерден кенде емес. Маған суретшілік нағашы атамнан дарыған болар деп ойлаймын.


– Арнайы білім алдыңыз ба?

– Арнайы білім алғаным жоқ. Орта мектепті бітірген соң, совхозда жұмысшы болдым. Одан кейін 1986 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласына аттандым. Туған жерге аман-есен келгеннен кейін аудандық халықтың тұрмыстық қажеттігін өтеу комбинатына суретші болып жұмысқа қабылдандым. Әр жылдары түрлі жұмыстар істедім.
1998 жылдан бастап, Кәукей ауылындағы №225 мектепте суретші болып жұмыс істеп келемін.


– Әрбір шығармашылық адамының ұнататын, не болмаса бейімделген бағыты бар. Сіздің қылқаламыңыздан туған дүниелердің қатарында қандай көріністер басым?

– Мен табиғат пейзажы мен аң-құстардың суретін салуға құмармын. Соларға көбінесе акварель, гуаш, майлы бояуды пайдаланамын. Тұлғалар портретін, тарихи орындарды бейнеледім. Бұдан бөлек түрлі тақырыптағы елуден аса еңбегім бар.


– Туындыларыңыздан туған жерге деген сүйсіпеншілікті көруге болады…

– Иә, дұрыс аңғарғансыз. Менің көп суретім туған жермен тікелей байланысты. Туған ауылымның түтініне дейін суреттерімнен орын алды. Оның әр тасы мен құмы мен үшін ерекше. Кіндік қаным тамып, тамыр жайып отырған ауылыма қарасам тынысым кеңейіп, шабытым оянады.

– Шабыт демекші, оны басыңыздан қалай өткізіп жүрсіз?

– Негізі үнемі ой үстінде жүремін. Кейде санамда неше күннен бері қорытылып, жинақталған бейнелерді қағаз бетіне түн жарымында түсіремін. Әр кезде әрқалай. Күндіз жұмыста болғандықтан, демалыс күндері мен түнгі мезгілде шығармашылықпен айналысуға тура келеді.

– Қази аға, өнер сатылмайды десек те кейбір суреттеріңізді қаншаға бағалайсыз?

– Сатылатын суреттерді көбіне тапсырыспен саламын. Ең қымбаты отыз мың теңге болады. Негізі көлеміне қарай екі мың теңгеден басталады.

– Ұл-қыздарыңыздың арасында жолыңызды қуғандары бар ма?

–Ұлым Әсет пен қызым Шұғыланың сурет салуға қабілеті бар. Қазір жас суретшілер байқауына қатысып, бақ сынапжүр.


– Сұхбат бергеніңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
talapbaeva_u@mail.ru
11 желтоқсан 2018 ж. 3 306 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031