Әжелер салған ән
Жақында Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында "Өнеге" әжелер ансамблінің "Әжелер салған әндер-ай" атты шығармашылық концерті өтті.
Әуезді кештің ашылуында аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы сөз алып, әжелер ансамбілінің шығармашылығына толағай табыстар тілеп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ансамблінің жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші Галя Оспановаға алғысын білдіре отырып, ансамбль ұжымына аудан әкімі М.Зинабдинұлының марапатын табыстады.
– Әлімсақтан әжелер – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. Сондықтан бұл шараның бәріміз үшін берер өнегесі мол. Өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген әжелер ансамблінің алқалаған әлеуметке бүгінгідей жаһандану дертіне қарсы тұрар күш-қуат сыйлауы – кешегі абзал аналар салып кеткен сара жолдың үзілмегенін, ғасырдан-ғасырға мұрагер ұрпақтары арқылы жалғасын таба беретінін байқатса керек. Ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсетіп, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұжымға шексіз алғысымды білдіремін, – деді ол.
Шарада әжелер ансамблінің мүшелері – Тәжібаева Бейсенкүл, Роза Елеева, Жадыра Садықова, Бақыт Зарипова, Нағима Қарымсақова сынды әжелер де мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б.Жолтаевтың алғыс хаты мен марапаттады.
Кеш барысында әжелер ансамблі жанды дауыста "Дүние-ай", "Су тасушы қыз", "Бипыл", "Кестелі орамал" және халық әндердін шырқады. Бұдан бөлек өз өнерлерін көрсетіп көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, мәдениет орталығы жанындағы «Өнеге» әжелер ансамблі 2012 жылдың желтоқсан айынан бастап құрылған. Бұған дейін бірнеше облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген әжелер тек ән айтумен ғана шектелмей, қазақтың ұлттық салт дәстүрлерін насихаттау яғни ұршық иіру, құрақ көрпе жасау, кесте тігу, бесік жырын айту сияқты дәстүрлерді де кейінгі жас ұрпақтарға нәсихаттап келеді.
Серік АҚМЫРЗА