Әлемді әнмен әрлеген әжелер
Қазақ қоғамында «әже» деген ұғым – тек туыстық атау ғана емес, ол – ұлттың ұстыны, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы, салт-дәстүрдің сарқылмас бұлағы. «Әжесі бар үйдің қазынасы бар» деген нақылдың мәні де осында. Себебі, бесік жырын әлдилеп, ертегімен елдік сананы сіңірген әже – болашақтың іргетасын қалайтын рухани сәулетші. Оның мейірімі – шуағы мол күндей, ақылы – дариядай терең.Бүгінде сол киелі міндетті тек шаңырақ шеңберінде ғана емес, ауыл-аймақтың рухани өмірінде жалғап жүрген жандар бар. Көктемнің көркем мерекесі – 8 наурыз қарсаңында Тасарық ауылында өнерімен өрнек салып, өнегесімен көпке үлгі болып жүрген «Ару-ана» әжелер ансамблінің еңбегін айрықша атауға болады. Бұл – өткеннің өнегесін бүгіннің бедерімен үйлестіріп, ұлттық өнердің мәйегін кейінгі буынға жеткізуді мақсат еткен шынайы шығармашылық ұжым.
Күміс көмей әжелерден құралған ансамбль 2024 жылы «Адал адам» тұжырымдамасы аясында құрылған. Қысқа уақыт ішінде олардың өнерге деген ықыласы мен ұйымшылдығы талай жанның жүрегін жылытты. Құрамында 12 өнерпаз бар ұжымның жетекшісі – Тасарық ауылдық клубының меңгерушісі Зәуре Бөлебаева. Баян сүйемелдеушісі – Әлия Кеулімжай. Ал ансамбль сапында Балқия Көпжанова, Дәрігүл Бекжанова, Күләш Тілеулиева, Төрегүл Тоғымбаева, Нағима Қожамбетова, Жамила Қожамбетова, Пернегүл Ізекеева, Жанар Айекешова, Жанат Жүсіпова, Гүлбану Нұртазаева сынды өнегелі аналар өнер көрсетеді. Ансамбль құрамында елудің белесін бағындырғандар да, алпыстың асуына шыққандар да, жетпістің желкенін кергендер де бар. Олардың барлығы – көпбалалы, ұл өсіріп ұяға, қыз өсіріп қияға қондырған аяулы аналар, ардақты әжелер.
Зәуре Бөлебаева жетекшілік ететін бұл ұжым бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілікпен өнер көрсетіп келеді. Әжелердің орындауындағы «Дедім-ай, ау», «Ахау, керім», әндерін тыңдасаңыз, олардың дауыс тазалығы мен үйлесіміне таңдай қағасыз. Сахна мәдениетіне де әбден төселген.
Ансамбль тек халық әндерін орындап қана қоймай, жергілікті ақын-композиторлардың туындыларын да насихаттап келеді. Репертуарларында оннан аса ән бар. Әрбір шығарманы жүрекпен жеткізіп, көрерменнің көңіл пернесін дәл баса білу – олардың басты ерекшелігі.
Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, ұжым алғашқы жетістіктерін бағындырып үлгерді. 2024 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Асыл-Ана» мерекелік кешінде «Ахау, керім» әнін шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Қазалы ауданының 95 жылдығына арналған «Жырлаймын туған елімді» атты аудандық әжелер байқауында ІІІ орын иеленіп, ауыл мерейін үстем етті.
Бүгінде «Ару-ана» әжелер ансамблі ауылдық, аудандық мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүр. Ансамбль құрамына өмірлік тәжірибесі мол, түрлі саланың өкілдері топтасқан. Олардың қатарында клуб меңгерушісі, кітапханашы, мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, бала күтуші, сондай-ақ саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, бүгінде зейнетке шыққан аяулы аналар бар. Бүгінде олар бір мақсатқа бірігіп, бір ұжым болып ұйысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді.
Әжелер қолөнерден де құр алақан емес. Араларында қолы қалт етсе, ине-жібін қолға алып, тігін тігетін шеберлер де бар. Жалпы, олардың әрқайсысы уақытын босқа өткізбей, сүйікті ісімен айналысуға тырысады.
Әнші әжелердің алға қойған жоспарлары да өте көп. Ол турасында ансамбль жетекшісі Зәуре Бөлебаева баяндап берді.
– Алдағы уақытта репертуарымызды байытып, облыстық, республикалық байқауларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ концерттік киімдердің санын арттырып, сахналық мәдениетімізді жетілдіре түспекпіз. Осы арқылы өнеріміздің көркемдік деңгейін көтеріп, көрермен көңілінен шығуды көздейміз, – дейді ансамбль жетекшісі Зәуре Бекқожақызы.
Шын мәнінде, «Ару-ана» әжелер ансамблі – ауылдың рухани шамшырағы. Олардың әрбір әні – өткеннің аманаты, бүгіннің айнасы, ертеңнің үміті. Өнерді өмірінің өзегіне айналдырған асыл жандардың ынтымағы мен шынайылығы көпке үлгі. Осындай әжелер барда ұлттық рух әлсіремейді, дәстүрдің тамыры үзілмейді.
Әнмен әлемді әрлеген әжелердің алар асуы әлі алда. Өнерлері өрге жүзіп, ел алғысына бөлене берсін демекпіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














