Әскерге шақыру: міндет пен мүмкіндік
Отан алдындағы борыш – әр азамат үшін міндет қана емес, елге деген жауапкершіліктің өлшемі. Қазалы ауданында 2026 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Биыл ауданнан 100-ге жуық жасты әскер қатарына жөнелту жоспарланып отыр.Күзгі әскерге шақыру жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және Мемлекет басшысының тиісті Жарлығына сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен брифингте Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Нұрлыбек Сейтханов айтып, азаматтарды әскерге шақыру тәртібі, іріктеу талаптары мен мерзімді әскери қызметтің жастарға беретін мүмкіндіктері жөнінде түсінік берді.
Қазіргі таңда Қазалы ауданында 18 бен 27 жас аралығындағы 3500-ге жуық азамат әскери есепте тұр. Алайда олардың барлығы бірдей әскери қызметке шақырылмайды. Заңда көзделген кейінге қалдыруға негіздері жоқ азаматтар медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайына қарай әскери қызметке жарамдылығы анықталған соң іріктеуге қатысады.
– Аудан бойынша әскери есепте тұрған 18-27 жас аралығындағы азаматтардың ішінен кейінге қалдыруға жатпайтын шамамен 350-400 азамат әскерге шақырылуға жатады. Ал 2026 жылғы күзгі шақыру науқаны барысында Қазалы ауданынан 100-ге жуық азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр, – деді Нұрлыбек Қалыбекұлы.
Әскерге шақыру кезінде азаматтарды хабардар ету жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Шақырту азаматтарға 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде жіберіледі. Шақырту алған азамат белгіленген уақытта Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, қажетті рәсімдерден өтуге міндетті.
Бөлім бастығының айтуынша, шақыртуға дәлелді себепсіз келмеген азаматтардың мәліметтері іздестіру шараларын жүргізу үшін полиция бөліміне жолданады.
Сонымен қатар әскери есепке тұру, медициналық тексеруден өту және шақыру бойынша белгіленген уақытта келу – заңмен бекітілген азаматтық міндеттер.
Әскери қызметтен заңсыз жалтарған жағдайда да жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада әскери есеп бойынша міндеттерді орындамағаны және медициналық тексеруден жалтарғаны үшін жауапкершілік көзделген. Ал әскери қызметке шақырылудан қасақана жалтарудың жекелеген түрлері қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Мәселен, денсаулығына қасақана зиян келтіру, өзін ауру етіп көрсету немесе жалған құжат пайдалану арқылы әскери қызметтен жалтару заңда жеке қарастырылған. Мұндағы басты мақсат – азаматтарды жазалау емес, олардың әскери міндетін уақытылы әрі заң талаптарына сай орындауын қамтамасыз ету.
Күзгі шақыру науқаны барысында Қазалы жастары еліміздің бірнеше әскери құрылымында қызмет атқарады. Атап айтсақ, олар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери құрылымдары қатарын толықтырады.
Мерзімді әскери қызметтің жастар үшін тағы бір маңызды артықшылығы – қызметтен кейін білім алуға берілетін мүмкіндіктер. Әскери борышын абыроймен өтеп, өзін жақсы қырынан көрсеткен сарбаздарға мемлекеттік білім гранттарын иеленуге мүмкіндік қарастырылған.
Нұрлыбек Қалыбекұлының айтуынша, «Сарбаз-2» бағдарламасы арқылы әскери қызметін өтеген азаматтарға еліміздегі жоғары оқу орындарына білім гранты негізінде түсуге жол ашылады. Ал грантқа ие болмаған азаматтар жоғары оқу орындарына ақылы негізде, тестілеу нәтижесінсіз түсу мүмкіндігін пайдалана алады.
Бұл мүмкіндік Қазалы жастары арасында да өз нәтижесін көрсетіп отыр.
– Ауданымыздан 10-нан астам азамат әскери қызметтен кейін грант иеленіп, жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұл – жастар үшін әскери қызметтен кейінгі маңызды мүмкіндіктердің бірі, – дейді бөлім бастығы.
Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайына да қолдау көрсетіледі. Әскери қызмет барысында олардың екінші деңгейлі банктердегі несиелері мен микрокредиттерін өтеу 14 айға дейін тоқтатылады. Бұл – сарбаздарға Отан алдындағы борышын өтеу кезеңінде қаржылық міндеттемелерін уақытша кейінге қалдыруға мүмкіндік береді.
Брифинг барысында бөлім басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті екенін атап өтті.
– Мерзімді әскери қызмет – азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуімен қатар, жас ұрпақтың өмірлік дағдыларын қалыптастыратын маңызды мектеп. Әскери қызмет барысында жастар қару ұстауды, әскери техниканы басқаруды, тәртіп пен жауапкершілікті меңгеріп қана қоймай, қиын жағдайда шешім қабылдауға, ұжыммен жұмыс істеуге және өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындауға үйренеді, – деді Нұрлыбек Қалыбекұлы.
Айта кетейік, Қазалы ауданындағы күзгі әскерге шақыру науқаны жыл соңына дейін жалғасады. Алдағы уақытта әскери есепте тұрған азаматтар медициналық тексеруден өткізіліп, заң талаптарына сәйкес іріктелген жастар әскери бөлімдерге жөнелтіледі.
Әскерге шақыру барысында азаматтардың денсаулығы, әскери қызметке жарамдылығы және заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі басты назарда болады. Сондықтан әскери міндеті бар азаматтардың шақырту талаптарына жауапкершілікпен қарап, белгіленген уақытта тиісті шараларды орындауы маңызды.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














