Бала тәрбиесінің бастауы қайда?
«Бала – болашағымыз» деп жиі айтамыз. Алайда сол болашақтың қандай болатыны бүгінгі балаға қандай тәрбие беріп жатқанымызға тікелей байланысты. Бала кезінен бар айтқаны орындалып, ешқандай қарсылық пен қиындық көрмей өскен баланың ертең қоғамға бейімделуі оңай болмайды. Себебі ата-анасы оның барлық қалауын орындап, әр мәселесін шешіп беруге өмір бойы жанында жүре алмайды. Ал өз дегені болмаған жағдайда өзгелермен тіл табыса алмайтын, қиындыққа төтеп беруге үйренбеген бала кез келген кедергіге тап болғанда тез мойып қалуы мүмкін.Өкінішке қарай, бүгінде бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті бір-біріне ысыра салатын жағдай жиі кездеседі. Күні бойы жұмыс істеп, отбасын асырауға тырысатын ата-ана баласының тәрбиесін балабақша мен мектепке сеніп тапсырады. Ал ұстаз бен тәрбиешіден көрген тәрбиені үйде ата-ана жалғастырмаса, оның нәтижесі де күмәнді. Өйткені бала үшін ең алғашқы әрі ең маңызды тәрбие ортасы – отбасы.
Қазақтың дәстүрлі тәрбиесіне үңілсек, оның көп қағидасы дінмен, ұлттық дүниетаныммен астасып жатқанын байқаймыз. Балаға жақсы есім беру, адалдыққа үйрету, ата-ананы сыйлау, үлкеннің батасын алу, жетім-жесірді жылатпау, обал мен сауапты ажырату секілді ұғымдар ұрпақтан-ұрпаққа тәрбиенің өзегі ретінде беріліп отырған.
Исламда да отбасы мен ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беріледі. Перзентке жақсы тәрбие беру, жақсы ат қою, имандылыққа баулу – ата-ананың жауапкершілігі ретінде қарастырылады. Демек, дін мен дәстүрді бір-бірінен бөле-жара қарамай, ұрпақ тәрбиесінде екеуінің сабақтастығын түсіну маңызды. Ал бұл тәрбиенің алғашқы дәні сәби кезден себіледі.
Қазақ үшін бесік тек баланы тербететін ағаш төсек емес, тәрбиенің бастауында тұрған қасиетті ұғым болған. Бесік жыры арқылы ана баласына мейірімін жеткізіп қана қоймай, жақсы тілек айтып, елін, жерін сүйетін азамат болуын армандаған. Ертегі мен жыр, батырлар жыры мен өнегелі әңгімелер де баланың дүниетанымын қалыптастырған.
Қазақтың «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымы да осыны меңзейді. Себебі ұлттың болашағы үлкен мінберлерде емес, ең алдымен әр үйдің төрінде, әр бесіктің жанында қалыптасады.
4 бала өсіріп отырған қазалылық әке Қасым Сансызбаев та бала тәрбиесіндегі осы сабақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Ол қазіргі ата-ана баланың материалдық қажеттілігін өтеумен шектелмей, оның рухани әлеміне де көңіл бөлуі керек деп есептейді.
– Бала тәрбиесі бір күнде қалыптаспайды. Ол бесіктен басталып, отбасындағы күнделікті қарым-қатынаспен жалғасады. Қазақ бұрын баланы жасына қарай тәрбиелеудің өзіндік жолын білген. Кішкентай кезінде мейірім беріп, есейген сайын жауапкершілік жүктеген. Балаға барлығын дайын күйінде ұсынып қою оның өмірге бейімделуіне көмектеспейді. Керісінше, еңбекке араластырып, үлкенмен сөйлесуді, кішіге қамқор болуды, өз ісіне жауап беруді үйреткен жөн. Біздің дәстүрлі тәрбиенің құндылығы да осында, – дейді ол.
Бүгінгі қоғамдағы мәселенің бірі – ата-ананың балаға деген махаббатты оның барлық қалауын орындаумен шатастыруы. Баласы қиналмасын, ешнәрседен тарықпасын деген ниетпен оның орнына бәрін жасап беретін ата-ана көбейді. Әрине, бұл – жаман ниеттен туған әрекет емес. Бірақ шектен шыққан қамқорлық баланы өмірдің шынайы қиындығына дайындамайды.
Кейде баланың қолына қымбат телефон ұстатып, қалағанын әпермесек, ата-аналық міндетімізді орындамағандай сезінеміз. Ал шын мәнінде балаға кейде жаңа заттан гөрі ата-анасымен ашық сөйлескен бір сағат, бірге оқыған бір кітап немесе жасаған ісі үшін алған жауапкершілігі әлдеқайда маңызды болуы мүмкін.
Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, бүгінде өзі де көпбалалы ана атанып, немере сүйіп отырған Сәнімкүл Нұрадинқызы бала тәрбиесінде бір нәрсені ерекше ескеру қажет деп санайды. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамда материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шығып, адамды адам ететін ар-ұят, иман, қанағат, мейірім мен сыйластықтың маңызы төмендеп бара жатыр.
– Қазір ата-аналардың көбі баласына өздері көрген қиындықты көрсеткісі келмейді. Бұл – түсінікті. Әркім перзентінің жақсы жағдайда өскенін қалайды. Бірақ баланың жолындағы барлық кедергіні алып тастау оның болашағына жасалған жақсылық емес. Өйткені өмірде әртүрлі жағдай кездеседі. Бала соған дайын болуы керек. Меніңше, баланы кішкентайынан еңбекке баулып, өзіне тиесілі міндетін орындауға үйрету маңызды. Үйдегі қарапайым тірліктің өзін жауапкершілікпен атқаруға дағдыланған бала кейін өмірдің үлкен мәселелерінен қашпайды. Қазақ «Баланы аясаң, аяма» деп бекер айтпаған, – дейді ол.
Әсілінде, балаға деген мейірім оның барлық қалауын орындап берумен өлшенбесе керек-ті. Кейде баланың өзіне тапсырма беру, еңбектенуге үйрету, жасаған ісіне жауапкершілік жүктеу де – ата-ананың шынайы қамқорлығы болмақ.
– Қазір біз баланың қарнын тоқ, киімін бүтін етуге көп көңіл бөлеміз де, санасына не сіңіп жатқанына мән бере бермейміз. Ал балаға ең қажет нәрсе – мейірім. Үйде жылы сөз естіп, үлкеннің қадірін көріп, бір-біріне құрметпен қарайтын отбасында өскен бала мұны қалыпты дүние деп қабылдайды. Керісінше, мейірім мен сыйластықты көрмеген бала оны өз өмірінде қалыптастыруға қиналады, – дейді көпбалалы ана..
Ал әлеуметтік желіде жиі көрініс беріп жүрген жасөспірімдер арасындағы қатыгездікке алаңдайтын жас ана Гүлнар Досымова мұндай жағдайлардың бәріне заман мен әлеуметтік желіні кінәлай салу дұрыс емес деп есептейді. Оның ойынша, мәселенің түп-тамыры баланың отбасында алған тәрбиесі мен күнделікті көрген ортасында жатыр.
– Кейде әлеуметтік желіден бір-біріне жасаған дөрекілігі мен қатыгездігін көрсетіп жүрген жап-жас балаларды көреміз. Сондайда «Бұл балалар мұндай әрекетті қайдан үйренді?» деген ой келеді. Әлеуметтік желі – тек құрал. Ал баланың сол құралды қалай пайдаланатыны отбасында қалыптасқан тәрбиесіне байланысты. Сондықтан бар кінәні заманға немесе интернетке артып қою оңай болғанымен, мәселенің шешімі бұл емес. Балаға мейірімді бол, үлкенді сыйла, өзгені құрметте деп күнде айтып отырғаннан гөрі, осы қасиеттерді өз әрекетімізбен көрсету маңызды. Өйткені бала ата-анасының айтқанынан бұрын істегеніне қарайды. Үйде бір-біріне құрметпен қарайтын, кешірім сұрай білетін, үлкенді қадірлейтін отбасында өскен бала да осыны бойына сіңіреді. Ал ата-анасын қарттар үйіне қалдыратын, жарының немесе өзгенің қадірін білмейтін адамның бойындағы мұндай немқұрайлылық та бір күнде пайда болмайды. Сондықтан бала тәрбиесін ертеңге қалдыруға болмайды. Мейірім де, жауапкершілік те, адамгершілік те баланың бойына кішкентай кезінен сіңеді. Бүгін үйде қандай тәрбие берсек, ертең соның нәтижесін қоғамнан көреміз, – дейді Гүлнар Досымова.
А. ЖҮСІПОВА












