Жаһандық руханияттың жаңа белесі

Тарихтың тереңінен тамыр тартқан ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, жаһандық деңгейде жаңғыртқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Қырғызстанда өткен байрақты бәсеке әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар мен спортшылардың басын қосқан ұлы рухани мерекеге айналды. Ендеше дүбірлі дода жайында саралап көрейік.
31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен дүбірлі доданың ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Биылғы бәсекеге әлемнің 113 елінен 3 мың спортшы қатысып, бақ сынады. Сайыс бағдарламасы өте бай болып, 43 ұлттық спорт түрі қамтылды. Айтулы доданың салтанатты ашылуы Қырғыз Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында (31 тамызда) Бішкек қаласындағы жаңадан салынған «Бішкек Арена» стадионында өте әсерлі шоу-бағдарламамен басталды. Ал негізгі тартысты жарыстар мен этноауыл көріністері Ыстықкөл өңірінде (Шопан-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында) жалғасын тапты. Киіз үй тігіліп, түркі халықтарының этноауылы орнатылған бұл жер әлем жұртшылығына көшпелілердің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен қолөнерін көзбен көруге бірегей мүмкіндік берді.
Биылғы дүбірлі доданың маңызы ерекше. Тамыз айының соңында басталған тартысты бәсекелер әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған спортшы мен сан мыңдаған туристің басын қосты. Ойындардың ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын оған қатысушы мемлекеттер мен спорт түрлерінің саны айқын көрсетті. Көшпенділер ойындары – тек қана спорттық жарыс емес, бұл әлем халықтарының мәдени интеграциясы, көшпелі өркениеттің асыл мұрасын әлемге паш ететін бірегей алаң. Салбурун, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмақтай кәдімгі ұлттық ойындардың көрігін қыздырған додада спортшылардың өзара сыйластығы мен жанкүйерлердің көрсеткен ықылaсы ерекше болды. Төрт күнгі қызу тартыс пен сапалы сайыстар ұлттар арасындағы достық көпірін нығайта түсті.
Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген әрбір жарыс түрі ерекше қызығушылық тудырды. Дәстүрлі түрде өтетін көкпар, аударыспақ, бәйге, теңге алу, жамбы ату, сондай-ақ «Салбурун» (бүркітшілер, тазы жүгірту және садақ ату сайыстары) сияқты ұлттық спорт түрлері жаһандық көрермендерді тамсандырды. Сонымен қатар, зияткерлік ойындар санатына жататын тоғызқұмаққала мен манқала секілді ойындардан да халықаралық турнирлер өтіп, логикалық ойлаудың да шебері анықталды. Бұл алаңда спортшылар тек медаль үшін ғана емес, ата-бабадан қалған аманатты қадірлеу, ұлттық спортты әлемге таныту мақсатымен өнер көрсетті. Жарыс барысында көрсетілген төзімділік, әділ бәсеке мен өзара құрмет көшпенділер мәдениетінің негізгі қағидаттарын айқын аңғартты.
БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІК АЛАҢЫ
Дүбірлі додада саңлақтар бақ сынасып жатқанда қазақ-қырғыз ақындарының VI халықаралық айтысы ұйымдастырылды. Оған екі елден 16 ақын қатысып, үш күн бойы сөз сайысының көрігін қыздырды. Қазақ-қырғыз айтысының тамыры тым тереңде жатыр. Көршілес екі елдің ынтымағы мен татулығын, бірлік-берекесін жырлаған. Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл ақындардың дәстүрі бүгінге дейін жалғасып келеді. Қырчын жайлауындағы аламанда Сыр елінің қос ақыны Мейірбек Сұлтанхан мен Мұхтар Ниязов бас жүлде мен І орынды қанжығаға байлады. Ұстаз бен шәкірт дәстүр сабақтастығын жалғап, алыптардың айнымас достығын, татулығын, сыйластығын жырлады.
Көшпенділер ойыны ашылғаннан дүйім жұрт түрлі шоу-бағдарламаны тамашалап, әрбір өткен сайыста тақымын қысып отты. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, жүрекке жетер оқиғалар орын алып, көпшілікті қуантты. Соның бірі садақ атудан чемпион атанған отандасымыз Аяш Қабдоллаева еді. Ол 51 жасында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілген делегация өкілі болды. Аяш Советбекқызы күні кеше садақ атудан 60 метр қашықтықтан «Пута» нысанасын көздеуден сынға түсіп, қарсыластарынан басым түсті. Бұл сайыс 40 және 60 метр қашықтықтағы нысанды дәл көздеу бойынша болып жатыр. Ол үлкен дәлдікті, шеберлікті, төзімділікті қажет ететін сайыс. Осылайша Аяш Советбекқызы финалда Қырғызстанның өкілін жеңіп, еліміздің намысын абыроймен қорғады. Отандасымыздың жеңіс тұғырынан алтын медаль алған сәтте көз жасына ерік бергені көпшіліктің жүрегін елжіретті.
«Өз қазақ еліме алтын медаль әкелгеніме өте қуаныштымын. Мәртебеміз қашанда биік болсын! Бапкерлеріме, Ажарыма, Диасқа, қолдап, қасымда жүрген қыз-жігіттерге алғысым шексіз! Үнемі қолдады. Қиналған жерде қолдау көрсетті. «Мойымаңыз» деді. Менің қиналған кезім болды. Сол кезде олар маған үлкен көмек көрсетті. Жалпы, қазақ еліме рақмет айтамын! Қазақ екенімді мақтанышпен айтамын. Қазақ болып туғаныма қуаныштымын!», деді ол жарыс соңында.
Аяш Қабдоллаева 20 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етіп, талай шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол ұлттық спорттағы жетістігімен ел мерейін үстем етіп жүр. Былтыр Оңтүстік Кореяда садақ атудан өткен әлемдік додада да 130 спортшының арасынан топ жарған. Садақшының педагогикалық саладағы еңбек өтілі – 30 жыл. Ал оның садақ атумен айналысқанына бір жылдан сәл ғана уақыт асқан. Солай десек те ол осы уақыт аралығында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алып үлгерген. Бір қызығы, ол өскемендік танымал садақшы Ажар Төлеуханованың енесі. Ал Ажар Аяш Қабдоллаеваның келіні ғана емес, жаттықтырушысы екені көптің қызығушылығына ие болды. Екеуі Қазақстан кубогі үшін жарыстың финалында қарсылас болған еді. Ал қазір енесі мен келіні VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында садақ атудан ел намысын қорғап жүр.
Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақ жарыстары өз мәресіне жетті. Ұлттық спорт түрінен Қазақстан құрамасы жекелей және командалық сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, төрт алтын медаль иеленді. 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің 48 елінен 133 спортшы қатысты. Оның ішінде 67 ер және 66 әйел спортшы жекелей және командалық есепте жүлдеге таласты. Қатысушы мемлекеттердің географиялық ауқымы да кең болды. Еуропадан – 16, Африкадан – 13, Азиядан – 11, Америка құрлығынан 8 мемлекет тоғызқұмалақтан өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы тоғызқұмалақтың төрт санатында да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл нәтиже қазақтың дәстүрлі зияткерлік ойынының халықаралық деңгейдегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
БӘСЕКЕДЕ БӘСІМІЗ БИІК
Ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Спорт және туризм министрлігі мәлім етті. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады. Барлығын ретімен саралап көрейік.
2 қыркүйек күні VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аударыспақтан екі алтын медаль жеңіп алды. Сайлау Мұхаммеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Қазақстан құрамасының дүбірлі додадағы алғашқы алтын медальдары. Сол күні VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Көчмөндөр жүрүшү» халықаралық ат марафонының алғашқы кезеңі аяқталды. Жарыстың бірінші күнінде қатысушылар жалпы ұзындығы 300 шақырым болатын қашықтықтың 50 шақырымын бағындырды. Бірінші кезең қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы көш бастады. Екінші орында Қырғызстанның «Ала-Тоо» командасы, үшінші орында Қырғызстанның «Ыстықкөл» командасы келеді.
Сонымен қатар Тұрмаханбет Қалмұхан – Алыш күресінен қола жүлдегер атанды. Алыш – белбеу күресінен еркін стиль бойынша 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әбубәкіров Жандос жүлделі III орынға табан тіреп, қола медаль иеленді. Жарыстың үшінші күнінде Самбошы Болат Сапар Көшпенділер ойындарында алтын жүлде жеңіп алды. Бұл күні Қазақстан құрамасы арқан тартыстан тағы бір алтын жүлдені қоржынға салды. Қазақстан құрамасы ойындардың үшінші күнінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.
Аударыспақтан (эр эңиш) 100 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионы, осы ойындардың екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров байырғы қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет жеңіс тұғырына көтерілді. Аударыспақтың алтын салмағы 90 келіде ел үмітін ақтаған Дарын Өткелбай қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлде иегері атанды. Аса ауыр салмақта жарыс жолына шыққан Нұржан Еркінұлы қола жүлдені қанағат тұтты.
Құсбегіліктен (куш салуу, далба, буркут) ел құрамасы сапында 9 спортшы келген болатын. Соның төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, «қаршыға» бойынша Серікболсын Жалғасұлы «Жебе» деген құсымен алтын, «бүркіт» бойынша Арман Қошқаров «Алғыр» атты қыранымен күміс, «ителгі» бойынша Бақдәулет Бабажан «Ұшқыр» атты құсымен күміс, «ителгі» бойынша Ерлан Кенжетаев «Ақбалық» атты құсымен қола медаль алды. Ойындар бағдарламасына көшпенді елдердің 14 түрлі күресі енсе, жарыстың үшінші күнінде отандастарымыз самбо мен қырғыз күресінен (кыргыз курөш) өнер көрсетті.
Самбодан Болат Сапар (+98 келі) алтын, Еркебұлан Нығметов (79 келі) пен Жандос Бейсенбаев (64 келі) қола жүлдеге ие болды. Қырғыз күресінен ауыр салмақтағы балуанымыз Алмас Жұмағали (+100) финалда қырғыз елінің спортшысына есе жіберді. Жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған арқан тартыстан (аркан тартыш) құрама мүшелері бүгін де алтын жүлде олжалады. Кеше спортшыларымыз «8x8» бағдарламасы бойынша ақтық сында қырғыз елінен басым түсіп, алтын алса, бүгін «4x4» бағдарламасының ақтық сынында ирандық спортшыларды жеңді. Сондай-ақ, қол күрестен (армрестлинг) ұлттық құрама мүшелері 7 алтын, 4 күміс, 1 қола алып, медальдар қоржынын толтырды. Білек күшін алтынға айырбастаған спортшылар: Нұрдәулет Айдархан (-90,оң қол, сол қол), Медет Құттымұратов (+90, оң қол, сол қол), Данил Устинов (-80, сол қол), Малена Сыдықжан (+65 келі, оң қол, сол қол) (оң қолдан бөлек, сол қолдан бөлек медаль жиынтығы бар).
4 қыркүйекте қазақ күресінен 60 келі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы Ернұр Сүлеймен жеңімпаз атанды. Ұлттық спорттың бірі – теңге ілу сайысынан Қазақстан спортшысы Бақтыбай Қанат жеңімпаз атанды. Сол күні VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аралық қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Ал 5 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы 300 шақырымдық ат жарысында үздік атанды. Мангала жарысында ерлер арасындағы командалық жарыста Астана қаласының спортшысы Биғали Зкрияев алтын медаль алды. Осылайша 6 қыркүйекте Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Nomad Fest фестивалі аясындағы халықаралық «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді.
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің «Эстрадалық вокал» мамандығында білім алып жатқан 3-курс студенті Жасмина Тілеумбетова Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен Echo of Nomads халықаралық этникалық ән байқауында екінші орын иеленді. Жалпы Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды.
ПРЕЗИДЕНТ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Президент спортшылардың жоғары нәтижеге табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және ұлттық құраманың жетістігіне үлес қосқан барлық маманға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретіндегі халықаралық беделін арттыра түседі. Президент қазақстандық спортшыларға алдағы уақытта да ең беделді халықаралық жарыстарда биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның медальдық есебі әртүрлі жарияланды. Медаль санына қатысты ұйымдастырушы тарап мәлімдеме жасады. Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола, барлығы 74 медаль жеңіп алғанын хабарлаған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан бірінші орынға шыққан. Ал Қырғызстан 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медальмен екінші орынға жайғасқан. Алайда Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ресми Instagram парақшасында жарияланған кестеде екінші орынға қойылған. Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та пікірталас туындады. Ұйымдастырушылардың Instagram парақшасындағы жарыстың қорытынды жазбасы жойылып, ресми сайтындағы медальдық кесте де алынып тасталған. Ұйымдастырушылар қорытынды медальдық есеп Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат алынғаннан кейін жарияланатынын мәлімдеді.
«VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қорытынды медальдық есебі Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат түскеннен кейін жарияланады. Ресми растауға дейін жиынтық кесте жарияланбайды. Жарыс нәтижелері мен спорт түрлері бойынша берілген марапаттар тиісті бөлімдерде қолжетімді» делінген хабарламада.
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі де өз ұстанымын білдірді. Агенттік ойындардың тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін атап өтті.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары – ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттау, мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы елдердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде бірігуіне негізделген» делінген агенттік мәлімдемесінде.
Түйін:
Осылайша VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өз мәресіне жетті. 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен жарыстың негізгі бөлігі Ыстықкөл өңіріндегі Шолпан-Ата қаласында ұйымдастырылған. Шараға мемлекет басшылары мен түрлі елдердің делегациялары қатысты. Ал әлеуметтік желіде Қырғызстанда өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қонақтарын қарсы алған алып қар барысының бейнесі тарады. Экранның арғы жағындағы көрермен түрлі графикалық шоулардың куәсі болды. Талай жұрт тамсана айтатындай ашылу салтанатынан соң додада топ торжған саңлақтардың ойыны көпшілікті қуантты. Алдағы уақытта көшпенділер ойындары Ресейге көшеді. 2028 жылғы дода Татарстанда өтпек. Қырғызстанға VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2028 жылы Татарстанда өткізуге дайын екені туралы Ресей тарапынан ресми хат келген. Бұл туралы Жапаров Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында айтты. Иә, Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзаттың мәдени әралуандығын сақтауға, халықтар арасындағы достық пен татулықты нығайтуға қосылған өлшеусіз үлес болды. Ұлттық рухты жаңғыртып, бабалар жолын ұлықтаған бұл дүбірлі дода келесі буынға берілген үлкен рухани аманат ретінде тарихта қалды. Көшпенділердің көк туы әрдайым биікте желбірей берсін!
Айнұр ӘЛИ












