Қазақстанда жаңбыр жауып, күн суытады
"Қазгидромет" синоптиктері 8, 9 және 10 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Болжамға сәйкес, алдағы күндері Қазақстанда ауа райы айтарлықтай өзгереді. Елдің батысында жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты жауын болады, ал ауа температурасы төмендейді. Сонымен қатар республиканың басым бөлігінде жазғыдай жылы ауа райы сақталады.
Батыста жаңбыр жауады
Батыс өңірлердегі ауа райына циклон әсер етеді. Ол өзімен бірге жаңбыр, кей уақытта нөсер жауын және ауа температурасының төмендеуін алып келеді.
Батыста түнде температура біртіндеп +12...+21-ден +7...+16 градусқа дейін, күндіз +15...+25-тен +13...+23 градусқа дейін төмендейді.
Солтүстік-батыста да күн салқындайды. Түнде температура +13...+20-дан +5...+15 градусқа дейін, күндіз +20...+30-дан +15...+25 градусқа дейін төмендейді.
Тағы қай жерде жаңбыр жауады?
Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және оңтүстігінде, сондай-ақ еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда өткінші жаңбыр күтіледі. Жауын-шашын атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты болады.
Бұл ретте республиканың қалған аумағында жазғыдай жылы ауа райы сақталады.
Шығыста жауын-шашынсыз
Қазақстанның шығысы антициклон сілемінің ықпалында болады. Мұнда жауын-шашынсыз ашық ауа райы күтіледі.











