104 тонна өнім ұсынды
Ауыл мен қала арасындағы экономикалық-мәдени байланысты нығайтып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында игі бастамалар өз жалғасын табуда. Осындай игі шаралардың бірі ретінде Қызылорда қаласында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шара облыс орталығының тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.Күз мезгілінің алғашқы күндерінде ұйымдастырылған жәрмеңке қазалылық диқандар мен шаруалардың жыл бойы төккен маңдай терінің, қажырлы еңбегінің жемісін көрсететін айшықты алаңға айналды. Қазалылықтар қала жұртшылығына өз өнімдерін нарықтағы бағадан әлдеқайда тиімді бағамен ұсынуды басты назарда ұстады. Бұл жолы жәрмеңкенің ауқымы кең болып, Сыр бойының диқандары қала тұрғындарының сұранысын толық өтеуге тырысты. Жәрмеңкеге ауданнан 46 жүк көлігі тартылды. Қала тұрғындарына жалпы саны 104 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері толықтай жеткізіліп, ұсынылды. Оның ішінде 9 тонна күріш, 6 тонна сүт өнімдері, 5,1 тонна ет, 6,5 тонна балық өнімдері, 67 тонна бақша өнімдері, 9,5 тонна кондитерлік өнім және 1 тонна «Қазалы кәмпит», «Рза» АҚ-ның сүт өнімдері шығарылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынылып, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. Жәрмеңке Қызылорда қаласының Шұғыла мөлтек ауданында, Ғани Мұратбаев көшесі мен Қожа Ахмет Ясауи көшелерінің қиылысында өтті. Өнім түрлерінің молдығы мен сапасы тұрғындардың көңілінен шығып, сауда қызу жүрді. Көкөніс пен бақша өнімдері, ет және басқа да қажетті азық-түлік түрлері бірден өтіп, халық ризашылығын білдірді.
Қызылорда қаласында өткен Қазалы ауданының жәрмеңкесі өңіраралық сауда-саттықты дамытуға және халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған маңызды қадам екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ауыл еңбеккерлерінің бұл еңбегі қала жұртшылығының алғысына бөленіп, ел бірлігі мен берекесін арттыра түсті. Осындай игі істер мен шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Айнұр ӘЛИ














