Мақсат пен еңбек ұштасқан жерде береке болады
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктер мен қолдаулардың арқасында ауыл жерінде кәсіп ашып, елдің ықыласына бөленіп жүрген жандардың қатары арта түсті. Солардың бірі – Ақтан батыр ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлзат Кенжебаева. Ол отбасылық береке мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүріп, бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған іскер келіншек.Мемлекет қолдауы – игі істің бастауы.
«Ақша табамын десең, еш жерде кедергі жоқ. Мемлекет кәсіп жасаймын дегендерді қолдайды» деген сөздің шынайы дәлелі – кейіпкеріміздің өмір жолы. Еңбекке ептілік пен кәсіпке деген құлшынысты серік еткен ол 2024 жылы елді мекенде нан өнімдерін өндіруді қолға алып, жеке кәсібін бастады. Осы жолда ауылда шағын кәсіпті өркендетуге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланды.
««Ауыл аманаты» – елді мекендердегі халықты жұмыспен қамту, жеке кәсіпті дамыту және ауыл экономикасын жандандырып, тұрғындар табысын арттырып, кәсіп бастауына немесе бар кәсібін кеңейтуіне жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік қолдау. Мен де осы игілікті пайдаланып, игі істі атқаруға «бел шештім»», – деп бастады әңгімесін.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол 2,5 проценттік жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 330 821 теңге көлемінде қаржы алды. Бұл қаражат кәсіп бастауға жасалған алғашқы қадамға үлкен демеу болады. Алған қаржысына қажетті құрал-жабдықтарын алып, шағын наубайхана цехын іске қосады.
Күн сайын оның наубайханасынан шыққан жұпар иісті, ыстық нан ауыл тұрғындарының күнделікті ас мәзірінен ойып тұрып орын алып отыр. Бір кездері арман болған кәсіптің ел игілігіне айналуы – табандылық пен мемлекеттік қолдаудың тоғысқан тұсында үлкен істің басталатынын көрсетеді.
Күнделікті өнім өндіріп, тұтынушылар алғысына кенелген келіншек қазіргі таңда күн сайын тұрақты түрде 150-200 дана көмеш нанды шығарып, ауылдағы азық-түлік дүкендеріне жеткізеді. Сонымен қатар, халықтың сұранысына қарай жаппай нан мен түрлі тәтті тоқаштарды тек жеке тапсырыспен пісіреді.
Гүлзаттың қолынан шыққан дәмді өнімдерге сұраныс тек өзінің туған ауылымен шектелмейді. Көршілес ауылдар мен Арал ауданына қарасты елді мекендердің тұрғындары да арнайы хабарласып, тапсырыс береді.
Бұл бастаманың жүзеге асуына жұбайы Нұрталап Ликеров әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ол Қазалы қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек ететін отбасының тірегі.
««Жас кезіңде бейнет бер, Қартайғанда зейнет бер» демей ме бабаларымыз. Өз басым жас адамның бйоындағы күш жігерін бос дүние, телефонға телміріп өткізу дегенге қарсымын. Әрекет еткен адам берекетке жетеді. Таңның атысынан кештің батысына дейін тынымсыз еңбек етеміз. Балаларымыз да сол тәрбиемен шыңдалып келеді», – дейді.
Гүлзаттың күн тәртібі аса тығыз. Оның әр күні бір-біріне ұқсамайтын сан түрлі міндетке толы. Отбасының берекесін ұйытып отырған аяулы жар, балаларына бағыт-бағдар беретін ардақты ана, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын қызметкер әрі кәсібін дөңгелетіп отырған іскер жан. Бір қарағанда, мұның бәрін қатар алып жүру оңай көрінбесі анық. Алайда ұстанымы – маңдай термен келген еңбектің әрқайсысы – отбасының болашағына бастар жол.
Ол ауылдағы №190 мектеп жанындағы «Мерей» шағын орталығында тәрбиеші көмекшісі болып еңбек етеді. Күн сайын балалардың ортасында жүріп, өз міндетін тиянақты атқарып, жұмыстан тыс уақытын да бос өткізбейді.
Жарасты жұптар – көпбалалы ата-аналар. Үлкен балалары бүгінде студент атанып, білім алып жүр. Балаларының бірі мектеп қабырғасында оқыса, отбасының кенжесі небәрі екі жаста. Әр перзентінің тәрбиесі мен білімін қатар алып жүрудің өзі үлкен жауапкершілік. Соған қарамастан, отбасылық міндеттерін де, жұмысын да, кәсібін де қатар алып келеді.
Ал наубайханадағы жұмыс – өз алдына бір еңбек. Қазірше цехтың бар ауыртпалығын Гүлзаттың өзі көтеріп жүр. Таңмен таласа тірлік қамыр илеуден басталып, нанды бабымен пісіру, дайын өнімді таратуға дейін жалғасады. Қолының табы қалған ыстық нанның әр бөлкесі оның тынымсыз еңбегінің жемісі іспетті.
Бір жағынан – бала тәрбиесі, бір жағынан – жұмысы, енді бір тұста – кәсібі. Осындай сан түрлі міндеттің арасынан өзіне уақыт табу қиын болса да, Гүлзат еңбектенуден шаршамайды. Өйткені оның әр әрекетінің артында балаларының болашағы және өз кәсібін өркендетсем деген арманы тұр.
Өмірі ауылдағы еңбекқор әйелдің шынайы бейнесін көрсетеді. Оның басты капиталы – қолындағы қаржы емес, маңдай тері мен табандылығы.
Жергілікті тұрғындар: «Қосымша табыс көзін ашқан келіншек үйге де, жұмысқа да, кәсіпке де үлгеріп жүр» деп оның қайраттылығына сүйсінеді.
Кәсіпкер үшін бүгінгі шағын наубайхана – үлкен арманның алғашқы баспалдағы. Ол қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін біртіндеп кеңейтуді көздейді. Алдағы мақсаты – қазіргі шағын цехты заман талабына сай үлкен өндіріс орнына айналдырып, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ұсыну.
– Өз ісімді енді бастап жатырмын. Болашақта цехымды кеңейтіп, өндіріс көлемін арттырғым келеді. Ауылда жұмыс іздейтін азаматтар аз емес. Солардың бірқатарына тұрақты жұмыс беріп, кәсібім арқылы ауылдың дамуына аз да болса үлес қоссам деген мақсатым бар, – дейді наубайханашы.– Мақсат пен еңбек ұштасқан жерде береке болады. Өзім де кәсіпті бір күнде бастап кеткен жоқпын. Үйрендім, іздендім, мүмкіндік қарастырдым. Сондықтан алдағы уақытта тәжірибеммен бөлісіп, кәсіп бастағысы келетін ауыл азаматтарына қолымнан келгенше бағыт-бағдар бергім келеді. «Мен де істей аламын» деп талпынып жүрген адамға ең керегі – сенім мен алғашқы қадам. Егер өзімнің көрген-білгенімді бөлісе алсам, соның өзі мен үшін үлкен жетістік, – дейді.
«Еңбек етсең, мүмкіндік табылады» деген қағиданы өміріне серік еткен Гүлзат Кенжебаеваның кәсібі – ауылда отырып-ақ өз ісіңді бастауға, табыс табуға және өзгеге де мүмкіндік жасауға болатынының жарқын үлгісі.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ














