Тарих тағылымы – сарбаз тәрбиесінің темірқазығы

Ұлт руханиятының шамшырағы, ағартушы, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5547 әскери бөлімінің сарбаздары Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған арнайы көрмені тамашалады.
Тәуелсіз елдің қорғаны болуға ант берген жас сарбаздар үшін мұндай танымдық іс-шаралардың маңызы ерекше. Өйткені Отанды қорғау тек әскери міндетті орындаумен ғана шектелмейді. Ол – елдің тарихын білу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өнегелі өмірінен тағылым алу. Көрме барысында әскери қызметшілер қазақ халқының біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолымен жан-жақты танысты.Экспозицияларда ғалымның балалық шағы, білім алған кезеңі, ағартушылық қызметі, қазақ тіл білімі мен әдебиетіне қосқан үлесі, Алаш қозғалысындағы орны және халқына адал қызмет еткен ғұмыры кеңінен насихатталды.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның ұлттың сауатын ашуға бағытталған еңбектері, қазақ әліпбиін жетілдіру жолындағы ізденістері мен ғылыми мұрасы бүгінгі күні де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан көрмеде ұсынылған тарихи деректер мен мұрағаттық материалдар сарбаздардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шараның тағы бір маңызды тұсы – сарбаздардың Сыр өңірінің бай тарихымен танысуы болды. Музей залдарында қойылған жәдігерлер арқылы олар көне дәуірден бастау алатын Сыр бойының шежірелі тарихы, өңірдің мәдени мұрасы, тарихи ескерткіштері мен ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалар туралы мол мағлұмат алды.
Сыр елі – талай тарихи оқиғалардың куәсі болған қасиетті мекен. Бұл өңірден елге қызмет еткен көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақындар шыққан. Сондықтан туған өлкенің тарихын білу – әрбір азаматтың парызы. Ал әскери қызметшілер үшін бұл білім отансүйгіштік сезімді нығайтып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түседі. Мұндай тағылымды кездесулер жас сарбаздардың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытып, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді. Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы мен Сыр өңірінің терең тарихы сарбаздарға үлкен әсер қалдырды. Тарихын таныған ұрпақтың болашағы нық болмақ. Сондықтан ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Фатима Маратқызы,
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтар
жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі














