Әлеуметтік желілерде Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдемелері туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда

Жүргізілген тексеру нәтижесінде аталған дәйексөздің бұрмаланғаны анықталды. Никол Пашинян мұндай сөздер айтпаған.
Манипуляцияға Армения Үкіметі басшысының 3 қыркүйекте өткен брифингте журналистің сұрағына берген жауабы негіз болған. Ереванның шешімдеріне сыртқы ықпалдың болуы туралы болжамға түсініктеме бере отырып, Никол Пашинян: «Сіздердің алдарыңызда Армян КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы тұрғандай әсер қалыптасады», – деп мәлімдеген.
Осылайша, оның сөзі Арменияның мемлекеттік шешімдерді өз бетінше қабылдау мәселесіне қатысты болған. Бұл контексте Қазақстан туралы ешқандай сөз айтылмаған.
Жалған ақпарат авторлары бастапқы жауаптағы жекелеген сөздерді өзгертіп, түпнұсқада болмаған сөз тіркестерін қосқан. Нәтижесінде мәлімдеменің бастапқы мәні өзгертіліп, ол Қазақстанға қарсы бағытталған пікір ретінде әдейі ұсынылған. Жауаптың түпнұсқалық мазмұны брифингтің бейнежазбасымен расталады. Толық жауап VERELQ жарияланымында берілген.
Мұндай манипуляциялар теріс көңіл күй қалыптастыруға және Қазақстан мен Армения халықтары арасында жасанды түрде түсініспеушілік тудыруға бағытталған.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген дәйексөздер мен жарияланымдарды таратпауға, ақпараттың бастапқы дереккөзіне, жарияланған күні мен мәнмәтініне назар аударуға шақырады. Сондай-ақ, бұған дейін жарияланған жалған жазбаларды өшіріп, тиісті теріске шығаруды жариялауды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (250 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе заңда көзделген жағдайларда әкімшілік қамаққа алу).
Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық (7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру) қарастырылған.
Ақпараттық манипуляциялардың құралына айналмаңыз. Ақпаратты жарияламас және таратпас бұрын оның шынайылығын тексеріңіз.












