Қос ішектен күй күмбірлеп
Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Осыған орай Қазалы қаласы әкімі аппаратының «Қалалық мәдениет үйі» МКҚК-ның ұйымдастыруымен «ART – уақыты» жобасы аясында қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына арналған «Күмбірле, күй, домбыра!» атты аудандық күйшілер байқауы өтті.Шараның шымылдығын Қазалы қаласы әкімінің орынбасары Уәлихан Ықыласов ашып, қатысушылар мен қонақтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
– Домбыра – халқымыздың рухани болмысы мен ұлттық құндылықтарының алтын арқауы. Оның қос ішегінен төгілген әрбір күй – халқымыздың тарихы, тағдыры, қуанышы мен қайғысын, ерлігі мен елдігін жеткізген асыл мұра. Бүгінгі байқау – жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, ата-баба аманатына деген құрметін нығайтатын тағылымды шара. Осындай өнер додаларында шыңдалып жүрген талантты балалардың болашағынан зор үміт күтеміз. Барша қатысушыларға сәттілік, шығармашылық шабыт және жаңа белестер тілеймін, – деді әкім орынбасары.
Сонымен қатар Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекет Табынбаев байқаудың маңыздылығына тоқталып, ұлттық мұраны насихаттау жолындағы мұндай мәдени жобалардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
Мерекелік шара аясында Ұлттық домбыра күніне арналған мазмұнды көрмелер ұйымдастырылды. Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі мен Қалалық балалар кітапханасының ұжымдары халқымыздың күй өнері, ұлттық аспаптар және қазақ музыкасының тарихына арналған тақырыптық көрмелерін ұсынып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Қазалы қалалық мәдениет үйінде өткен аудандық байқауға мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанындағы домбыра үйірмелерінде тәлім алып жүрген 10-15 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Қоңыр үнді домбырасын серік еткен жастар Дина Нұрпейісованың және қазақтың белгілі композиторларының таңдаулы күйлерін жоғары деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Қос ішектен төгілген күй, шебер орындаушылық пен сахна мәдениеті ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Өнер додасына Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының мұғалімдері Жұмагүл Құрман мен Тұрар Садуақас, сондай-ақ Қалалық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Асылбек Көшербаев қазылық етті. Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шығарманы жеткізу ерекшелігіне жан-жақты баға берді.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені қазалылық Нұртілек Жұмахан жеңіп алды. Бірінші орын кенттік Бекзат Әбідмұратқа бұйырды. Екінші орынды қазалылық Заңғар Жанұзақ пен Ғани Мұратбаев ауылынан келген Құрман Шынболат өзара бөлісті. Ал үшінші орын кенттік Нұртілек Жұмаханға, Жалаңтөс ауылынан қатысқан Мақсұт Нұрдәулетке және Басықара ауылынан келген Қарақат Қалдыбекке табысталды.
«Көрермен көзайымы» арнайы аталымын бозкөлдік Айзере Қараман иеленді. Сондай-ақ Ерғазы Балғазы, Нұрәлі Әбілез, Еркеназ Кеңесова, Бейбарыс Мұқтар, Сұңғат Шымберген және Еркін Әбілтай өнер байқауына белсене қатысқандары үшін арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Ұлттық домбыра күні аясында өткен бұл тағылымды шара халқымыздың төл өнерін дәріптеп, күй өнерінің құдіретін жас буынға кеңінен танытуға зор мүмкіндік берді. Осындай игі бастамалар ұлттық мәдениеттің өрісін кеңейтіп, қазақ күйінің мәңгілік мұра екенін жас ұрпақтың жүрегіне сіңіре түсетіні сөзсіз.
А. ЖҮСІПОВА













