Қызылордада алғаш рет «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жыр додасы өтуде
Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күніне орай өңірде облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жыр бәйгесі өтуде. Жас буын өкілдері арасында алғаш рет өткізіліп жатқан жыр додасына жеті ауданнан барлығы 10 ақын қатысуда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова БАҚ өкілдеріне Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығын айтып, өңірдегі домбыра үйірмелерін жұмысына тоқталып өтті.
«Қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбыра күні аймағымызда кең көлемде атап өтіліп келеді. Биыл да атаулы күнге орай облыстың мәдениет ұйымдарында «Ұлы дала үні», «Қазағымның үнісің сен, домбыра», «Домбыра думан», «Домбыра – ғасырлар мұрасы», «Аңыз домбыра, абыз домбыра» атты танымдық іс-шаралар өткізіледі. Ал облыс мүзейлері мен кітапханаларда «Ел тірегі, ұлт мұрасы - домбыра», «Домбыра дастан, домбыра күй», «Ғасырлар пернесі», «Домбыра – қазақ халқының асыл мұрасы» атты көрмелер, музыкалық-өнер сағаттары ұйымдастырылмақшы. Бүгін міне, балаларды айтыс өнеріне баулу мақсатында облыс әкімінің жүлдесі үшін «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық балалар және жасөспірімдер айтысы тұңғыш рет өткізіліп жатыр. Бұл игі шаралардың барлығы ұлттық домбырамызды құрметтеуге, жас ұрпақты рухани тұрғыда дамытуға арналады. Сонымен қатар 30 маусым күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы Сағырбайұлың 200 жылдығына және Ұлттық домбыра күніне арналған «Күй мен күйші» атты халық аспаптар оркестрі күйші-концертмейстерлерінің республикалық фестивалі, 1 шілде күні Тұңғыш Президент саябағында «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты гала-концерт өтеді. Барлықтарыңызды ұлттық домбырамызды қастерлейтін тағылымы мол шараларға қатысуға шақырамын!, - деді басқарма басшысы Мира Жомартқызы.
Айта кетейік, облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарында 100 домбыра үйірмесі жұмыс істеуде. Оған мыңнан астам бала қатысып, шығармашылығын шыңдауда. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында ашылған 125 домбыра үйірмесінде екі мыңнан астам жасөспірім қамтылған.