Мәжілісте туризм саласын дамыту мәселесі қаралды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен туризм саласын дамыту мәселесіне қатысты мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Мәжілістен кейін аудан басшысы облыс әкімінің берген тапсырмаларына сәйкес аппарат мәжілісін өткізіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиында Мемлекет басшысының туризмді экономиканың жаңа драйверлерінің бірі ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, туристік маршруттар әзірлеу және цифрлық платформалар арқылы өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныту мәселелері талқыланды.
Осы ретте аудан әкімі аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындарды жүйелеп, арнайы туристік бағыттар әзірлеу, ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне туристік қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерді қолдау, қонақ үйлер, демалыс орындары мен этнотуризм жобаларын дамыту бойынша нақты ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырмалар берді. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени-көпшілік іс-шаралар мен фестивальдерді тұрақты ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтіп, салаға жауапты орынбасарға ауданның туристік әлеуетін дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының орындалу барысы болды. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша берілген тапсырыс 73 пайызға орындалып отыр. Бірқатар ауылдық округтер жоспарды толық орындаса, кейбір елді мекендерде көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр.
Аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне әскери қызметке шақыру жұмыстарын күшейтіп, белгіленген тапсырманың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Медициналық комиссия жұмысының сапалы ұйымдастырылуы, азаматтардың денсаулық жағдайына объективті қорытынды берілуі және әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарға қатысты заң талаптарына сәйкес шараларды күшейту қажеттігін айтты.
Мәжілісте қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау мәселесі де кеңінен қаралды. Тұрғындардың өзекті мәселелеріне жедел әрекет ету, әлеуметтік желілердегі өтініштер мен сын-пікірлерге уақытылы жауап беру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілісте аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту, салық базасын кеңейту, тіркелмеген кәсіпкерлік субъектілерін заңдастыру және берешектерді өндіру мәселелері де қаралды. Аудан басшысы жауапты мекемелерге қосымша кіріс резервтерін анықтап, жұмысты күшейту тапсырды.
Жиын соңында аудан әкімі ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын сынға алды. Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округтердегі анықталған кемшіліктерді атап көрсетіп, кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.















