Мәжілісте туризмді дамыту мен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мәселелері талқылады
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.Мәжілісте алдымен аудан басшысы туризмді дамыту – экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және өңірдің әлеуетін арттырудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Осы ретте аудан аумығындағы республикалық маңыздағы Жанкент археологиялық ескерткішінің туристік мүмкіндігін тиімді пайдалану, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристік маршруттар бойындағы сервистік нысандардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойындағы кешендердің стандартқа сай қызмет көрсетуі жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар Жанкент қалашығының туристік әлеуетін кеңінен танытатын бірыңғай онлайн платформа әзірлеу қажеттігі де айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жайында болды. Аудан әкімі балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы сынды мәселелердің барлығы да ерекше бақылауда болуы тиіс екенін айтты. Бұл бағытта барлық тиісті органдарға ведомствоаралық бірлескен жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Мәжілісте 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері де талқыланды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту және тұрғын үй салаларында өсім қалыптасқаны айтылды. Дегенмен, кейбір ішкі салалардағы жоспарлардың орындалмауына байланысты аудан әкімі жауапты басшыларға ескерту жасап, ай сайынғы талдау жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар жылыту маусымының өту барысы, қатты отынмен қамтамасыз ету, көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу мәселесі, әлеуметтік нысандардың қазандықтары, газға бейімдеу жұмыстары кеңінен қаралды. Аудан әкімі тұрғындардың өтініш-шағымдарына салғырт қарамауды, жылу беру мен көмір жеткізу мәселелерін толық шешуді қатаң тапсырды.
Өрт қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Қыста өрттің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын күшейту, әлеуметтік және тұрғын нысандарды қайта тексеру, ақпараттық жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Мәжіліс барысында тазалық, түнгі жарықшамдар, елді мекендердің көріктендірілуі мәселелері қозғалып, барлық мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың ауласы мен сыртқы келбетіне мән беру қажеттігі айтылды.
Аппарат мәжілісінде берілген барлық тапсырмалардың орындалуы аудан әкімінің орынбасарлары мен жауапты сала басшыларына жүктеліп, аудан басшысы әрбір тапсырманың тиянақты орындалуы қатаң бақылауында болатынын жеткізді.














