Мәжілісте цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі қаралды
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесіне байланысты мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бейнебайланыс режимі арқылы қатысты. Аудан басшысы мәжілістен кейін арнайы жиын өткізіп, жауаптыларға күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп атап өтіп, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту керектігін баса айтты. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес аудан бойынша мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен барлық саланың әлеуетін арттыруға жүйелі жұмыстар жүргізуіміз қажет. Алдымен ауданымыздың цифрлық инфрақұрылымын дамыту арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту деңгейін арттыру керек. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар білім алу, ақпаратқа қол жеткізу және мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін өте маңызды. Алайда, ауылдық жерлерде интернеттің әлсіздігі, техникалық құралдардың жетіспеуі және цифрлық сауаттың төмендігі салдарынан цифрлық теңсіздік байқалады, - деді Алмасбек Әбілқасымұлы. Осыған сәйкес жауаптыларға арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, елді мекендер арасында цифрлық теңсіздікті азайту бағытында тиісті шараларды қабылдау жөнінде тапсырмалар берді.
Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеден бөлек 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен аудандағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы мәселесі қаралды. Бұған балйанысты аудан әкімі көрсеткіштер бойынша өсім болғанымен, кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіштер төмен екенін сынға алды. Жыл қорытындысымен барлық сала бойынша межені артығымен орындауға бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.
Жиында аудан әкімі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, әлеуметтік сала, халықты сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, санитарлық тазалық мәселелеріне байланыстыда тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.










